"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Сырағаңды сағынамыз

 

Серік Қирабаев,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик

Қазақ поэзиясының соңғы елу жылдық тарихында Сырбай Мәуленовтің есімі аса құрметпен аталады. Алғашқы өлеңге әуестігін соғыстан бұрын бастап, ақындық талантын Отан соғысының майданында ұштаған Сырбай содан бергі дәуірдің бәрінде де белсенді ақындық өнерімен көзге түсті. Ол қазақ поэзиясына өзіндік өрнегін, шеберлігін, жаңалығын алып келіп, өзінен кейінгі ұрпақтың осы жолдағы ізденісіне үлгі болды. Қазақ өлеңінің ерен жүйріктерінің қатарынан орын алды. Қазақ өлеңін көпсөзділіктен арылтып, көлемі шағын, ойға, сезімге бай, суретке толы, мазмұнды лирика жасауда Сырбай өзінен кейінгілерге ғана емес, ағаларына да жол-жоба көрсетті.
Оның ұйқасы темірдей, мазмұны мен түрі жұп-жұмыр, шындықты көркем бейнелеуімен, өзінше тануымен тек Сырбайдыкі деп қана ұғатын лирикалық жырлары өлең сүйер қауымның бәріне таныс.

Сырағаңмен мен 1950 жылы «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналының редакциясында таныстым. Журналдың бас редакторы әрі Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы Қайнекей Жармағанбетов менің институтта сабақ берген, әдебиетке, жазуға баулыған ұстазым еді. Ол кісі Айқын Нұрқатов марқұм екеуімізді журнал жұмысына тартып, студенттік мақалаларымызды басқан. Айқын 1950 жылы жаздан сол редакцияға жұмысқа алынды. Мен Қазақтын мемлекеттік көркем әдебиет баспасында істеп, журнал жұмысына кейінірек, 1951 жылы ауыстым. Ұстазымызға (әрі одақтың басшыларының бірі) жиі барып, сөйлесіп жүретінбіз. Сондай бір күні Қайнекейде отырған Сырағаңмен кездесіп қалдым. Сырағаң есімін білетінмін, өлеңдерін оқып жүретінмін. Ұлы Отан соғысы кезінде кітап басылмай (анығырақ айтқанда, аз басылып) рухани жұтаңшылықтың жайлап тұрған кезі болатын. Сондықтан да біз әр шыққан өлеңді, басылған кітап не жинақты сатып алып, қолдан қолға тигізбей оқитынбыз. КазПИ-дің әдебиет үйірмесінде талқылайтынбыз. Олар жайлы рецензиялар жазуға да төселіп қалғанбыз. Сондықтан Сырағаң есімі маған таныс еді, оның 1948 жылы шыққан тұңғыш «Өлеңдер жинағын» оқығам. 1949 жылы басылған «Дала дабылы» атты жинағын ҚазПИ-дің әдебиет үйірмесінде талқылап, мен баяндама жасағам. Қайнекей мен Сырбай әрі дос, әрі жерлес екен, еркін сөйлесіп, мені әңгімеге тартты. Менің Сырағаң кітаптарымен таныс екендігімді білді. Сонда Сырағаңның қысқа, суретті лирикадағы табыстарын атап, алғашқы жинағындағы «Майдан түні», «Нажағай» деген екі өлеңін жатқа айтып едім. Бұл екеуінде де 2-3 шумақ шағын өлеңге соғыс шарпыған табиғаттың керемет суреттерін жасағанына ризашылығымды білдіргем. Бүгін сол өлеңдерді қайта оқып көрсем, әлі де менің өлең сүйгіш сезімімнің алданбағанын байқаймын.
«Дала дабылы» жинағы жайлы баяндамам кейбір жөндеулермен 1950 жылы «Әдебиет және искусство» журналының 10-санында басылды. Жинақты талқылау сол дәуірдің сыншылдығы жағдайында өтіп еді. Соның әсері болар, бүгін оқып қарасам, автордың ойын үзіп-жұлқып талдау бары байқалады.
Кейін мен Сырағаңның 1952 жылы шыққан «Магниттаудың оттары» атты өлеңдер жинағы туралы мақала жаздым. Мұнда ақынның жаңа заман шындығын зерттеуге ауысқанын, соғыстан кейінгі бейбіт өмірді жасаушылар еңбегін жырлағанын тілге тиек еттім. Мақаланың «Бейбіт өмір жырлары» («Әдебиет және искусство», 1952, №7) деп аталуы да содан.
Содан бері де Сырағаң шығармашы­лығы менің қазақ поэзиясы жайлы зерттеулерім мен сын еңбектерімнен сырт қалған емес. Ақынның жаңа кітаптары жайында да мақалалар жаздым, жалпы әдебиеттің даму процесі туралы зерттеулерімде де ол кісінің үлесі аз айтылмайды. Бірақ, соның өзінде, маған ақынның алғашқы беталысы жайлы жазған жоғарыдағы екі мақаланың орны бөлек көрінеді. Онда ой-пікір ұштауы жетілмесе де, балаң сыншыл ойларым Сырағаңның болашақ ақындық жолына тілек қосқандай болады да тұрады.


Содан бастап Сырағаңмен арамызда аға мен інінің арасында болатын сыпайы да сыйластық қатынас орнап еді. Мен ол кісімен бірге қызмет істеп көргем жоқ, оның командасына да кірген адам емеспін. Бірақ сыйластығымыз жақсы болды. Мен – ақын табиғатын түсініп, оған кінәмшіл, күдікті көзбен қарамауға үйренген адаммын. Жастау кезімде А.В.Луначарскийдің Маяковскийді жерлеу кезінде сөйлеген сөзін оқығаным бар-ды. Сонда Луначарский Маркстің «ақын еркелетуді сүйеді» деген сөзін келтіріп, «біз Маркс емеспіз, ақын жанын түсінуге ұмтылмаймыз, оны еркелете білмейміз, жазықсыз айыптаулармен оның жанын жәбірлейміз» – деп, Маяковский өлімінің сыры да басшылық саясатында жатқанын мойындап сөйлеген. Осы сөз санама қатты ұялап қалыпты. Сондықтан мен ақындардың кейбір артық-кем мінезіне «ақын ғой» деп қараймын. Мен осыны айтқанда, бір үлкен ағамның «немене, ақындар жынды болуы керек пе?» деп ашуланғаны бар еді. Сырағаңда да шын ақындық мінез, ақындық шабыт болатын. Ол да еркелейтін. Еркелігін көтеретін елі болған соң істейді-дағы. Соның өзінде ол толып тұрған өлең еді. Жай жүргеннің өзінде өлеңдетіп сөйлейтін. Болашақ жазылар өлеңінің жеке шумақтары бұрқырап, аузында жүретін. Бірде журнал редакциясына кіріп отырып, ол:
Төбесінде ту желкілдеп әр үйдің,
Жүздерінде күлкі ойнайды сәбидің,
Партизанның бурыл тартқан шашынан
Октябрьдің өткелдерін танимын, – деген өлең шумағын айтып еді, «осының басы есіме түсті, аяғы әлі жоқ, ойым жинақталмай тұр. Кейін жазып, әкеп берем» деп кетті. Заманның (октябрьді тойлап үйренген заманның) суретін салған осы бір шумақтың соңын бір ойлы сезіммен аяқтауы керектігін ол сезініп кетті. Кешікпей жазып әкеліп тапсырды. Осы өлеңнің журналда басылғаны есімде.
Содан бері жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті. Бұл жылдар Сырағаңның шығармашылық өнерінің ең жемісті жылдары болғаны даусыз. Ол бұрқыратып жұмыс істеді, жыл сайын бір жинақ десем артық болар, бірақ арасын үзбей, жаңа өлең кітаптарын жиі ұсынып тұрды. Ең бастысы – күннен күн сайын, айдан ай сайын, жинақтан жинақ сайын оның ақындығы толысып, шеберлігі артты. Кейбір замандастары сияқты еркелік пен есерліктің жолына түсіп кетпей, шығармашылық қабілетін шыңдай білді. Ойды жинақтап айтудың, шағын өлеңде сөзбен сурет салудың айтулы маманына айналды. Сөйтіп біздің классик ақындарымыздың қатарына кірді.
«Сырбай – классик» деу тым оңай сияқты. Атақ, даңқты да жеңіл үлестіре салатынымыз бар. Бірақ бұл Сырбайға оңайға түскен жоқ. Оның өмір бойғы тынымсыз, қазақ өлеңін жетілдірудегі еңбегі, артында қалдырған классикалық туындылары оны осылай атауға мүмкіндік береді. Қазақ лирикасының классикалық үлгілері ақын мұрасында аса мол кездеседі. Халықтың мойындауы, оқырмандардың ілтипаты бәрінен де жоғары. Олардың «Сырбай» демей, «Сыраға» деген сөзінде де үлкен ықылас-пейіл жататын.
Сырбайдың көзін аша көргені – әскери өмір, Ұлы Отан соғысының қанды қырғыны екені белгілі. «Әскери өмір менің өмірімнің мектебі болды» деп оны өзі де айтқан. Сондықтан да өмір тануды халық тарихының ең бір қиын да күрделі жағдайында бастаған ақын санасын тез жетілдіріп, дүниеге ойлы көзбен қарай алды. Соғыста ол өлім мен өмірдің жекпе-жегін көрді, өлімнің өзімен жалғасып туындап жатқан өмірді таныды, шындықтың коғамдық, адамдық мән-мағынасын терең пайымдады, адам сырына үңілді. Бұл жайлар алғашқы күннен-ақ ақынның соғыстың ауырлығын жеңілдетпей, шынайы күйінде бейнелей алуына жол ашты. «Құлын» деген өлең өмірдің өзінен туған еді, – деп жазды Сырағаң. – «Волхов майданында қалың орман ішінде бір буаз бие толғатып жатқанда жанына пугас бомбасы түсіп жарылды. Айнала қып-қызыл өрт. Орман отқа оранды… шыртылдап жанған орман үстінде көкала түтін көлбейді. Сол бір сұрапылдың ішінен кісінеген құлын даусы естілді». Мұны ақын:
Оттың ортасында
Шіркін, өмір,
Құлын боп кісінейді, –
деп қорытады.
Волхов орманының соғыс оғы кескен түбірлерінен ол аяқ-қолынан айырылған мүгедек солдатты таниды («Түбірлер»).
Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бір қолымды бердім.
Мың жолдар жалғансын деп,
Мен бір жолымды бердім.
Мың гүлдер солмасын деп,
Гүлдей жастық күнімді бердім.
Мың ақын толғансын деп,
Мың бір жырымды бердім, –

дейді ақын тағы бір өлеңінде («Жастығым, сені жоғалттым»).
Ол осы жоғалтқан жастығының ізімен жүріп, өмір бойы соны жырлады. Оның жырының замандастарының көкейінен өшпес орын алатыны да сондықтан.
Осы аталған өлеңдердегі заман трагедиясы, адам басына түскен салмақ, өмір үшін арпалысқан адам еңбегі, тіпті жаңа мазмұн тудырған шығарманың түр өзгешеліктеріне дейін Сырбай қаламының құдіретін танытады.
Сырбай өз заманының көп ізденгіш, ой-өрісі кең, көзі қырағы ақыны болды. Ол үшін жер бетіндегі тіршіліктің уақ-түйегі жоқ еді. Оның өлеңдерінің тақырыбы да, мазмұны да бай. Ақын көргені мен білгенін ұшқыр қиялымен әрлеп, ой елегінен өткізіп, жанды суретке айналдырады. Өмірмен тығыз байланыстылық, шығармашылық сапарлар оған көп материал берді, сезімін байытты. Ол жырлаған сұлу өмір суреттері – осындай шикі материалдың шығармашылық електен өткен көріністері. Сырбай жасаған табиғат суреттерінен осыны анық тануға болады. Оларды шындықтың өзі деп қабылдау аз. Ақын өмірде көргенін қиялмен, бейнелі сөздермен өріп, жаңа көркем шындық ұсынады. Ондай өлеңдерден жалт еткен сезім күйін, найзағайдай жарқ еткен көңіл әсерін, жазғы шықтай немесе көз жасынан үзіліп түскен тамшыдай мөлдірлік танылады.
Шатырлап аспан шарт сынып,
Лақтырды жерге ақ сырық.
Ақ сырық тағы шарт сынып,
Кемпірқосақ тартылды.
Жер мен көкті қапсырып, – депті ақын көктем табиғатынын ғажайып бір құбылысын суреттеп. Өмірдің өз суретінен де әдемі, тапқыр айтылған. Ақындық құдірет деген осы да.
Қып-қызыл боп тұтылып,
Бұлтқа кірді азалы ай.
Қара аспанда қанжардай
Жарқылдайды нажағай.
Бұл соғыс шындығынан алынған. Аза тартып, қызарып барып батқан айдың артынан аспанды торлаған оқ суреттерін ақын осылай бейнелейді.
Сырбайдың өмір суреттерін бояулардан тануы ғажап. «Ақ түн» – осы жолдағы ақын ізденісінің басы. Онда суреттелетін Ленинградтың ақ түні ол үшін аппақ нұрындай елестейді.
Ақ түн –
Әлемнің аппақ, адал нұры.
Ақ түн –
Қуады қуыстардан
Көлеңке, Қараңғыны.
Ақ түн –
Жеткен талай жыл болдырып,
Аталардың ақ арманы.
Ақ түнді – ақ арманды
Тұр қондырып
Ленинград алаңдары,
Нева аралдары,
Кронштад қамалдары,
Смольный жалаулары…
Өлең тек түр жаңалығын қуып кетпейді, онда күшті мазмұн, рух бар. Ол сол «ақ түнді – ақ арманды қондырып тұрған Ленинград алаңдарын, Нева аралдары, Кронштад қамалдары, Смольный жалаулары» деген сөздерімен өз заманының идеясын да терең жеткізеді.
Кейін де ақын осы үлгіге көп оралды. Ол түстерді өзара ойнатып, байытып, шындықты соның бояуымен тануға көтерілді, бояулары баттаспай, жарқын жігін сақтаған суреткердің қаламымен кұбыла өрнектеледі. Өзі туған өлкедегі Ақкөл табиғатына арнаған бір өлеңінде ол:
Жазығы да ақ сортаң,
Балығы да ақ шортан.
Қыздарының аты да –
Аспандағы Ақшолпан.
Ақккөлінде ақ қазы,
Ақ үйінде ақ тазы.
Ақ боз атын баптайды
Ақ сақалды атпазы, –
деп жазды. Мұнда да «ақ» түсі ақ ниетін, ақ пейілдің, таза, пәк өмірдің символына айналды.
Енді бірде боз түсін ойната жазған ақынның бір жолдарын оқимыз:
Боз даланың буылдыр тозаңындай,
Бұлдырайды боз бұлттан бозарып ай.
Бозша қыстың бүркеген боз кырауы
Боз бұтақтар боз саусақ созады жай.
Дүниенің бәрін бозартып тұрған бозша қыстың бейнесі көз алдыңызда тұрғандай.
Көгілдір өзен
Көгілдір тал-қарағай.
Көгілдір таулар,
Көгілдір аспан шарадай.
Көгілдір жұлдыз.
Көгілдір күндіз,
Көгілдір дүние жағалай.
Көгілдір көкте
Көгілдір түсті ағады ай,
Көгілдір жолдар
Көгілдір көк белдерде,
Көгілдірлер шомылады
Көгілдір тартқан көлдерде.
Көгілдір бір нұр
Ойнайды менің кеудемде.
Көгілдір көктем келген бе?!
Бұл – көктем бояуы.
Өмірді өз бояуымен тану, оның сәнін бұзбай, дәл осылай суреттеу классик ақындардың ғана қолынан келмек. Оның жаны нәзік, сезімтал, сол әсемдікті тану, сүю үшін жаралған. Ол – табиғаттың өз баласы. Сондықтан да Сырбай ақын:
Бүкіл аспан мені түнде күзетті,
Ай жымиды ару қыздай ізетті.
Дала желі саусағымен ақырын,
Ауып қалған жастығымды түзетті, –
деп айта алады.
Туған даласымен тұтастық деген осындай-ақ болар.
Менің Сырбайды классиктер қатарына қоюым да оның өлеңдерінің осындай классикалық сапасында жатыр. Сырағаң ақын ғана емес, адам есебінде де бағалы, қымбат кісі еді. Оның адамгершілігі биік болатын. Кімге де болса тілектес, кісі сыртынан сөз айтпайтын, кісі бетін жыртпайтын, ешкімге жамандық жасап көрмеген пәк жанды, таза пиғылды жан еді. Онымен біз қалада да («Интернациональная» – қазіргі Сырбай Мәуленов көшесіндегі 129-үйде), далада да (жазушылардың шығармашылық үйі жанындағы саяжайда) көп жылдар көрші тұрдық. Сол жылдардың бірінде де бір артық мінезін көрген емеспіз. Өлең жазғаннан басқаны білмейтін, дүние тіршілігінде, үй шаруасында жұмысы болмайтын. Саяжайда бақта жұмыс істеп жүрген біздерге келіп, әзіл-қалжың айтып кететін. Өзі ештеме істемей, қыдырып қана ауа жұтатын. Бұл жерде Сырағаң уақытын өлеңнен басқаға бөлдірмей, солай үйреткен, оған кажет жағдайдың барлығын жасап, маңына достарын, бауырлас-тілектестерін жинап, айналасын толтырып отыратын Күлжамал жеңгемнің үлкен еңбегін ерекше атауды парыз көрем. Мен де «Күлекең бәрін өзі істеп үйреткен, сол үйдің ерке баласысыз ғой» деп әзілдейтінмін. Сырағаң күлетін. Шынында да, Сырағаңнан айрылған күндерде де, оның артын түгендеуде де Күлжамал ерекше азаматтық танытты. Қабірінің басына ескерткіш орнатуда да, Алматыда көше алып, тұрған үйіне мемориалды тақта қоюда да, елінде (Торғайда) Сырбай атына байланысты іске асқан шараларды атқаруда да Күлжамал балаларына бас бола білді.
Сырағаң өмірінде «Қазақ әдебиетінде» бас редактор болып істеген жылдар өзгеше бір кезең болды. Ол өзінің ұжым басшысы ретіндегі дарқан мінезін, жан дүниесінің шалқарлығын, журналист, публицист есебіндегі алғырлығын, қаламының жүйріктігін алғаш рет сонда танытты. Соғыс кезінде шығуы тоқтап қалған газетті қайта ашып, аз уақыттың ішінде республиканың ең таңдаулы басылымдарының қатарына қойды. Онда ауыл мәдениетінің жайы мен қазақтың ұлттық мүдделеріне байланысты мәселелер өткір де батыл көтерілді. Ол кезде ұлт қамына байланысты тың ой айту тым қауіпті де еді. Соған қарамай, ерлік жасады. Ақыры ұлтшылдық айып тағылып, орнынан босады. Бірақ қызметінен кету Сырбайдың беделін төмендеткен жоқ, түсінімпаз, пайымдағыш халық оның кім екенін таныды, абыройын көтерді. Ал, редакция қызметкерлері Сырбайды (онымен бірге босаған достарын) құрметтеп шығарып салды. Осы тұста-ақ Сырбай өз ұрпағының басы екенін мойындатқан еді.
Қазір Сырбайдың сол тұстағы көсемдігін, соңында жұртты ұйыта да ерте білгенін, дарқан өмір сүргенін бейнелейтін әнгімелер, жырлар, суырып салма өлеңдер көп. Оның біразын аңызға да айналдырған. «Баяғы өткен заманда, «Сырбай-лапша» аманда», «Дүрілдеп Сырбай өткен жер» дейтін жекелеген жолдар оған куә бола алады.
Сырағаңның өзінен қалған суырып салма шумақтар, өлеңдер де аз емес. Ол сөйлеп кетсе, шешен, қара сөздің өзін ақ өлеңге айналдырып жіберуші еді. Біз көрген замандарда жазушылар ортасындағы ойын-тойдың ел мойындаған асабасы да сол кісі болатын. Сол кездесулердің бәрі ақын бойындағы рухтың биіктігін, таланттың тұлпарлығын, қиялының жүйріктігін танытып тұратын. Сондықтан да Сырбайды замандастары мен кіші інілері ғана емес, ағалары да құрмет тұтты. Олардың Сырбай шығармалары мен өзі жайлы айтқан жылы лебіздері жұрт есінде.
Сырағаң қайтыс болғаннан бері оны еске алушылар, жоқтаушылар көп. Замандас інілері оған өлеңдерін арнауда. Үстіміздегі аласапыран заманда Сырағаңның адалдығы, тазалығы, кісілігі еске түседі.
Сондай өлеңнің бірін Кәкімбек Салықов жазыпты. Соның бір шумағымен мақаланы аяқтағым келеді:
– Ашық айтып, шын жарылсам ағынан,
Жақсылыққа, ізгілікке табынам,
Ал бүгінгі кей жөнсіздік көргенде,
Үйде отырып Сырағаңды сағынам.
Біз де Сырағаңды сағынамыз.

qazaquni.kz





7 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Қолқоюсыз 14 Қаңтар, 2018, 08:36

    Быз жай казактар бакилык болып кеткенакын-жазушылардын барын сагынамыз.мыс: Сафуан Шаймерденов, Касым Кайсенов, Б Момышулы, Бек Тогысбаев, т б, коп-кой мыктылар кайсы-бырын айтасын !!! …

    Жауап жазу
  2. даянп 14 Қаңтар, 2018, 23:37

    Топас

    Жауап жазу
  3. даяна 14 Қаңтар, 2018, 23:38

    Топас, жындыыыы

    Жауап жазу
  4. Қолқоюсыз 14 Қаңтар, 2018, 23:39

    Албасты

    Жауап жазу
  5. даяна 14 Қаңтар, 2018, 23:40

    Ее сен кімсіңааааааппппқотақбас

    Жауап жазу
  6. Қолқоюсыз 14 Қаңтар, 2018, 23:40

    Нақу

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*