ЖАҢА ЖЫЛҒА ТОСЫН СЫЙ

«Күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам» депті Эпиктет. Осы күні кеше ғана «жақсы тәрбиеленген адам» – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті кафедра меңгерушісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, академик, профессор Құралай Ахметқызы Аққошқарова жайлы қазақша «Ақыл мен сұлулықтан жаратылған, жаным-ай жан екенсің дара туған» орысша «Созвездие «Дельфина» атты көлеміне көркемдігі сай бір мұқабада екі кітап Алматыдағы «Арда» баспасынан жарық көрді. Кітаптың «Көркем мінез көрікті ой» деп аталатын бірінші бөлімінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтан Жиенбаев, Бижамал Рамазанова, ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ақын Жұма-Назар Сомжүрек, т.б. ұжымдық жинақтың бас кейіпкері Құралай Аққошқарованың ұстаздық, ғалымдық қайраткерлік қырлары жайлы толымды ой толғайды. «Аққу боп туған ару ол» атты екінші бөлімде Мыңбай Рәш, Өтеген Оралбаев, Серік Тұрғынбекұлы, Мархабай Ааматов, Асқар Алтай, Бақытжан Тобаяқов сынды ақындардың арнау өлеңдері, «Сакура гүл – Құралай» атты үшінші бөлімде сазгерлер Жұмағали Өмірбеков, Қайыржан Мақанов, Өрікгүл Өтеміс-Жаныстың әндері берілген. Онымен жалғас «Сыр-сұқбат, мақала, эссе», «Газет беттерін парақтағанда», «Хаттар сыр шертеді», «Ағылған ақ тілектер» бөліміндегі материалдар да аса маңызды. Небәрі жиырма бір жасында Кремльдің төрінде Бас хатшы Л.И.Брежневпен қатар отырып студент жастардың Бүкілодақтық слетінің төрайымы болып, ұлы жиынды үш күн бойы басқарып, халқымыздың мәртебесін асқақтатқан Құралай Аққошқарованың бүкіл өмірі халыққа қызмет етудің үздік үлгісі. Жинақ авторлары Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілінің орынбасары, дипломат Қанат Тұмыш, Өзбекстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік пен келісім» сыйлығының иегері 98 жастағы абыз Насыр Фазылов, Францияның атақты әдебиетшісі, қоғам қайраткері Альберт Фишлер, Мәскеудегі К.А.Тимирязев атындағы ЖОО-ның профессоры, академик Серік Тойғамбаев, Қырғызстанның ел артисі, Мемлекеттік сыйлық беру комитетінің төрағасы – министр Ақылбек Абдықалықов т.б. ұлағатты ұстаз жайлы сыр шерте отырып мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай толымды ой толғап, кейіпкер тұлғасын ел өміріндегі елеулі оқиғалармен тығыз байланыста байыпты баяндаған. Осындай ерекшеліктерімен аса бағалы бұл кітап оқушының олжасы, жаңа жылға жақсы тосын сый. Жинақтағы түрлі-түсті фоталар кейіп­кер өмірі мен ел тарихынан сыр шертеді. Жинақты құрастырған – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов.

qazaquni.kz