Тіліміз тілімденбесін!

Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі! Алайда қазақ тіліміз шын мәнінде мемлекеттік тілге айналды ма?

Көшедегі жарнамалардың қазақ тілінде қате жазылуы әлі күнге дейін орын алып отыр. Көше жарнамалары тұрмақ мекемелерде мемлекеттік тілде жазылған тақтайшалардағы қателіктерді де көз көріп жүр.

Соның бір мысалын мына суреттерден көріңіз. Қазақстан Республикасы Денсау­лық сақтау министрлігінің «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және... Сөйлем аяқталмай қалған. Ал төмендегі орысша нұсқасы түгел. Неге? Келесісі де солай. Бұл жерде де тап солай қазақ­шасында сөйлем кесіліп қалған. Оның үстіңгі жағында «г. Алматы қ-сы» деп беріліпті. Сонда бұл не? Қазақшасы тұрса болдыдан туған немқұрайдылық па? Бұл жазбалар Астана қала­сының №8 емханасында ілініп тұрған тақтай­шалар. Журналист ретінде көптеген меке­мелерді аралай жүріп бір байқағаным, көпшілік мекемелердің ішінде ілініп тұрған ақпараттық тақтайшалар орыс тіліне қарай қайта ойысып бара жатқандай. *** Бірде Салық басқармасына бардым. Белгілі бір құжаттар жасату мақсатымен. Тиісті кабинетке кірсем, төрт-бес өзіміздің қаракөздеріміз отыр, бірақ барлығы да орыс тілді. Біреуі қазақша сөйлемейді. Қазақша айтқан сөздеріме орысша жауап береді, сонда да қазақша сөйлеп тұрмын. Бір кезде қолыма ресми тілдегі бір бет парақты ұсынып толтыруымды сұрады. «Маған қазақша нұсқасын беріңіз, мен орысша толтырмаймын» дедім. Кабинетте отырған бес қазақ құжаттың қазақша нұсқасын таба алмай жарты сағат іздеді. «Неге орысша толтырмайсыз?» деп қояды. «Жоқ мен тек қазақша толтырамын. Маған қазақшасын тауып беріңіз» деп тұрып алдым. Барлығы қағаз ақтарды, компьютерді шарлап қазақшасын таба алар емес. «Сіз бірінші адамсыз қазақша нұсқасын сұрап тұрған. Бізде барлық келгендер орысша толтыра береді» демесі бар ма? (орысша). «Орысша толтырмаймын» дегеніме мысқылдап та қояды. Мені бір орысша білмейтін надан адамға теңеп тұрған сыңайлы… (өздері ана тілдерін білмейтіндеріне намыстанудың орнына). Әзер дегенде қазақша нұсқа табылды-ау. Мен құжатымды қазақша толтырып өз жөніме кеттім. *** Енді бірде бір министрлікке қазақша толтырып құжат жіберген едім. Жауабын білуге барсам, құжат екі тілде жазылыпты. Менің қазақша не жазғанымды түсінбеген болса керек. Екі тілдегі жазу екі түрлі. Құжатты беріп тұрған тағы өзіміздің қаракөзіміз. «Мыналарыңыз не? Қате жазылыпты ғой» десем, сол баяғыша «Извините, мы исправим» деп орысшалады да ішке кіріп кетті. Жарты сағат дегенде әзер шығып, орысшалап «Түзеттік, тек қол қоятын бастық жоқ. Басқа күні келіңіз» деп тағы қоя берді. Содан кейін білдей бір министрлікте осындай сауатсыздықтың орын алып отырғанына таң қалдым. Тағы сол мемле­кеттік тілге салғырт қараудың бір көрінісі. *** Кейін «Қазақстан Халық банкіне» барып, жеке есепшот ашу үшін өтініш жазуым керек болды. Қызмет көрсетіп отырған менеджер қазақ. Мен: «Кімнің атына жазайын?» деп едім. Сол баяғы ол да орыс тілінде сайрап ала жөнелді. «Мен қазақша жазамын өтінішті» десем, «Я буду вам диктовать пишите на русском» дейді. «Мен орысша жаза алмай отырғаным жоқ. Мен қазақша жазамын. Мемлекеттік тілге неге немқұрайлы қарайсыз?», содан соң ғана менеджер қазақша сөйлеуге көшті. Тым тәуір қазақшасы бар менеджердің не себепті орысша сөйлеп отырғанын түсінбедім. Сонымен, өтінішімді ана тілімде толтырып ол жерден шықтым. Осы тұста айта кететін бір жайт, банк терминалдарын, банкоматтарын қолданғанда қазақша нұсқауды таңдасақ, тіліміздің қолданысын кеңейтуге бағытталған оңды қадам болатыны сөзсіз. Өйткені қазіргі таңда аталған қызметтер бойынша тұтынушылардың 95 пайызы орыс тілін, тек 5 пайызы ғана қазақ тілін таңдайды екен. Сондықтан, бұл жағдай қазақ тілінің өркендеуіне өзіндік кедергісін келтіріп отыр. Жалпы, банктердің басым бөлігінде іс қағаздары әлі күнге тек орыс тілінде жүргізілетіні жасырын емес. Өкініштісі сол, өз қаракөздеріміз болса да, банк қызметкерлерінің көпшілігі орыс тілінде жауап береді. Қазір халықпен жұмыс істейтін мекемелерде қазақтардың ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілде сөйлейтін уақыттары жетті емес пе? Банктердің бірінде менеджер орыс қызы (есімі – Оксана) менің қазақша сөйлегеніме ашулана, біздің елімізде үштілділік қатар жүретінін айтып, мені ақылға шақырғандай сөйледі. «Егер елімізде үштілділік болса, соның біріншісі – мемлекеттік тіл. Халықпен тікелей жұмыс істейтін мамансыз неге мемлекеттік тілді білмейсіз?» дедім де банк басшылығына шағымданатынымды айтып шығып кеттім. Алайда ша­ғымыма ешкім жауап қайтарған жоқ. Баяғы сол мемлекеттік тілге деген немқұрайлылықтың белгісі. Немқұрайлылық демекші, елдегі банктердің бірі «Зың-зың кредит» беретін болған. Қала көшелерінде осындай жарнамалар айқайлап тұр. Бүгінде жастар арасында «хит» болған еш мағынасы жоқ, сайқымазақ әндей «хит» болуды армандады ма екен. Әйтеуір, банктердің қазақшасы осы болып тұр қазір. *** Сөйтіп, қайда барсаң да қазақ тілінің мәселесі алдыңнан шығады. Тілге салғырт қараудың салдарынан елімізде қазақ тілі әлі күнге дейін өз деңгейінде қолданылмай отыр. Сондықтан, әр қазақ жүрген жерімізде қазақша сөйлесек, өзгелерден соны талап етсек қана қазақ тіліне сұраныс туады, өзге ұлт өкілдері де көптеп үйрене бастар еді. Әйтпесе бізде әлі күнге дейін ресми тілдің үстемдік құрып тұрғаны жасырын емес. Арамызда бір өзге ұлт өкілі отырса, жиынымыз міндетті түрде ресми тілде өтеді. Өйткені оны сыйлауымыз керек. Олар неге бізді, біздің тілімізді сыйламайды? Сыйлайтын болса неге мемлекеттік тілді үйренбейді? Қорыта айтқанда, қазақ тіліне қажеттілік туғызбай істеген ісіміз де, айтқан сөзіміз де бос әңгіме. Қазір тіліңді жақтасаң, қазақты­ғыңды қорғап сөз айтсаң болғаны ұлттар арасына жік салушыдай көретін әдет шығарып алғанбыз. Сонда өз тілімізді қорғап, жанашырлық таныта алмасақ, өз елімізде өз тілімізді үстем ете алмасақ, біздің кім болғанымыз?! Бір кездері қазақ тілінің тағдырына алаңдап «Ана тілім» атты өлең жазған Сағат Әшімбаевтың: «Ардағым-ай, бағың да ашылмады-ау, Ашылмады-ау, дауың да басылмады-ау…» деген жыр жолдары еріксіз ойға орала береді. Венера Мұратқызы Астана қаласы

qazaquni.kz