"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Алаштың алғашқы институтына 100 жыл

Жоғары оқу орнының ашылуы – өркениеттіліктің өріне шыққандықтың айшықты бейнесінің бірі. Алаштың арыстары өздеріне мүмкіншілік туғанда қолға алған ең алғашқы шаруаларының бірі де сол болған. Қазақтың оқу-білімге ынтызар жастарының талабын қайтсек тезірек қанағаттандырамыз деген олар қазақтың алғашқы жоғары оқу орнын Ташкент қаласында ашқан…

Патша құлаған тұстағы қазақ қоға­мы­ның саяси аренадағы белсенді іс-әрекеті негізінен Ташкент пен Ом­бы­ қалаларында, артынан Орын­бор­да өт­кені мәлім. 1917 жыл­ғы аласапыранда қа­ра­пайым халықты қайтсе де өз жағына тар­ту мақсатымен төң­керісшілер (ағы да, қызылы да) олардың ең зәру мәселелерін ше­шіп беруге тырысқан. Алаш арыс­тары да осыны пайдаланып, оқу орын­дарын ашуды талап еткен. Сондықтан да төңкерістен кейін қазақ даласының жер-жерлерінде оқу орындары ашылды. Мәселен, Омбыда 1918 жылы Колчак өкіметі Алашорданың өтінішімен мұғалімдік курс ашты. Оның алғашқы директоры, ақын Мағжан Жұмабаев болды. Жазушы Сәбит Мұқановтың сол курста оқы­ғаны белгілі. Артынан бұл оқу орны Қызылжарға көшірілді. Қазіргі М.Жұмабаев атындағы педа­гогикалық колледждің сүйегі сол оқу ор­нынан.

Сол секілді Ташкентте қызылдар­дың қолдауымен Алаш арыстары 1918 жылдың 5 желтоқсанында қа­зақ балалары үшін өлкелік пе­да­гогикалық курстар ашыпты. Оның меңгерушісі И.Тоқтыбаев, мұға­лім­дері Х.Болғанбаев, С.Қожанов, Қ.Ход­жиков, Ф.Құлтасов және­ Е.Та­бын­баев болған. Осы тұлғалардың бәрі де артынан алашордашы ретінде Қы­зыл империяның құрбандығына ұшы­рады. Курстың меңгерушісі қы­зылордалық Иса Тоқтыбаев 1933 жы­лы Мәскеудегі әскери академия­да мұға­лімдік қызмет атқарып жүрген жерінде ұсталған. Алаш зиялыларын зерттеп жүрген Мәмбет Қойгелдінің айтуына қарағанда, көп жыл қуғын көр­се де осы кісі әйтеуір ажалдан аман қалыпты (М.Қойгелді, «Ай­қын»­ газеті, 31.05.2013 ж). Ақмо­лалық Хайретдин Болғанбаев та екі рет репрессияға ұшырап, 1937 жылы атыл­ған («Бақ.кз», 26.09.2012 ж., Д.Асауов). Ал басқа ағаларымыз туралы көп жа­зыл­ғандықтан олардың жарқын есімдерін оқыр­мандар жақсы біледі ғой деп ойлаймыз.

Біздің қолымызға түскен ташкенттік қа­зақ зиялылары құрастырған «Первый казахский институт в Ташкенте» деген құжаттар жина­ғының 15-бетінде кел­тірілген дерекке қара­ғанда осы курс алдымен училищеге, артынан институтқа ай­налған:

«1. Постановлением Мусульман­ского комитета от 7-15 октября 1918­ го­да, утвержденным Советом Наро­д­ного Образования 20 октября­ 1918 года № 34, при русском Педа­го­гическом училище открыто Киргиз­ское педагогическое отделение. 2. С 1-го июля 1919 года педаго­гическое отделение выделено в с­амо­стоя­тельное педагогическое учи­ли­ще, которое с 1-го октября 1920­ года реорганизовано в Крае­вой Киргизский Инс­титут Просвещения с 4-мя основными, 3-мя подготовительными классами и Образцовой школой при нем» (ЦГА РУз, ф.372, оп.1, д.60, л.5). Тағы бір құжатта онда кімдердің са­бақ бергеніне дейін көрсетілген.

Құ­жат­­тың атауы: «Краткие сведения о возникновении Казинпроса в Таш­кенте». «В нем преподавали: М.Тынышпаев, Х.Досмухамедов, С.Ход­жанов, И.Тохтыбаев, М.Жума­баев, К.Жаленов, Х.Болганбаев, К.Ход­жи­ков, Ф.Култасов, Е.Табын­баев, С.Утегенов, А.Байтурсынов, Ж.Аймауытов, Д.Адилов, Д.Сарсенов и др». Осы институт 1928 жылы Алматыға көшірілген ҚазПИ. Көріп отырғанымыздай Әли­хан Бөкей­ханов пен Міржақып Дула­тов­тан басқа Алаштың арыстары төрт көзі түгел осы инс­титутқа са­бақ берген екен.

Әрине, алаш­ор­да­шы ­аға­ларымыздың аттарын атаудың өзі айыпқа бұйырылып тұрған замандарда ҚазПИ-ді олардың ашып, са­бақ бергенін айту мүмкін емес еді. Сондықтан, ҚазПИ-дің тарихын 1928 жылдан бастаған ағаларымызға кі­нә да таға алмаймыз. Бірақ қа­зір заман басқа, заң басқа ғой. Құ­дай­ға шүкір, қазір өз қолымыз өз аузы­мызға жеткен тәуелсіз елміз. Сон­­дықтан тарихи әділеттілікті орнатып, оқу орнының 1918 жылдан ашылғанын айтатын болсақ, оның қандай айыбы бар?

Әзірге, ҚазҰПУ-дің жасаған «әділеттілігі» сол, оқу орнының тарихы туралы анықтамаға алғашқы ұстаздардың қатарына А.Байтұрсыновтың есімін қосыпты. Ал қалған арыстар қайда сонда? Олардың қандай жазығы бар? Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны туралы негізгі деректерді Ташкент архивінен алып, кітап қылып жариялаған тарих ғылымдарының докторы, 30 жыл бойы Ташкенттің Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық универ­ситетінің тарих факультетінің деканы болған, профессор Сейдуәлі Тілеу­құлов ақсақал бастаған топ. Олар құрастырған орыс тіліндегі аталмыш жинақта Қазақтың алғашқы жоға­ры оқу орны 1918 жылы Таш­кентте ашылып, 1928 жылы Алма­тыға көшірілгендігі архивтік құжат­тармен тайға таңба басқандай көрсе­тілген…

Бұл қазіргі айтулы оқу орнымыз – Абай атындағы Қа­зақ­тың ұлттық педагогикалық уни­вер­ситеті. Бірақ  жоғарыда айтыл­ғандай, алаш­ордашылардың өздері­нен де, істерінен де қашып, оқу ор­ны өзінің құрылған жылын әлі күн­ге 1928 жыл деп көрсетуде. ҚазҰПУ-дің Ташкент педагогикалық инсти­тутының негізінде құрылғаны Қазақ энциклопедиясында да аталып өткен (ҚСЭ., 6 том., 247 б, А-ты, 1975 ж.). Бірақ кейінгі, «Қазақстан» Ұлттық энци­клопедиясында белгісіз себеппен оқу орнының алғаш рет Таш­кентте құрылғаны айтылмаған («Қазақстан» ҰЭ, 1 том, 286 б., А-ты, 1998 ж).

Оқу орны өзінің 75 жылдық, одан 2008 жылы 80 жылдық мерейтойларын да 1928 жылы ашылғандығымен санап, өткізді. Енді биыл, ашылғанына 100 жыл толғалы отырса да 90 жыл­дығын атап өтпекші. Осының өзі та­рих­қа да, Алаш арыстары рухының алдында да қиянат.

Аталмыш жинақтан тағы бір маңызды деректер келтіретін болсақ, онда сол кездегі студенттер мен оқы­­тушылардың санына дейін көр­сетілген: «Занятия начались с 1 октя­бря 1920 г. (Бұл институт болған уақыты – Ж.С.) Количество учащихся к началу 1920 учебного года –224, к концу 1920 учебного года –202. К началу 1921 учебного года –221, к концу учебного 1921 года –178. Общее количество преподавательского состава 1920 г. 33 человек, 1921г. 33 человек». Сол жылдарда осынша қазақты оқытқан оқу орнын көзге ілмеуге бола ма?

Жинақтың 48-бетінде институт­ мұға­­лімдерінің қазақ тілінде жаз­ған ғылыми еңбектері мен автор­лары­ның тізімі берілген. Соның ішін­де ­А.Бай­тұрсыновтың «Қазақ әліп­песі»,­ екі бөлімнен тұратын «Қа­зақ тілінің грамматикасы», М.Ду­латовтың «Қа­зақ хрестоматия­сы», М.Жұмабаевтың «Қазақ тілі сөздігі теориясы мен атақты «Педагогикасы» осында жарық көрген. 1925 жылғы 20 мамырдағы бұй­рық­пен КазИнПрос-тың сол кездегі директоры Сегізбай Айұзынов қыз­метінен босатылады да, оның орнына Дәлел Сәрсенов тағайындалады.

Осы жылдан Қазақ үкіметі жаңадан қазақ ЖОО ашу мәселесін қолға алады. Оны әуелде политехникалық инс­титут қы­ламыз деп білікті адам­дарға хаттар жа­зыл­ған (оның мәтіні де осы жинақта), бірақ артынан педа­гогикалық институт ашуға тоқ­таған секілді. 79-бетте осы педа­гогикалық институт туралы уақытша, ал 83-бетте түпкілікті ереже жарияланған. 1926 жылғы 2 мамырда ҚАКСР Халық комиссарлар кеңесінің отырысында Ташкенттегі КазИнПросты Педагогикалық жоғары оқу орнына айналдыру туралы мәселе қаралады: «Бывший Казинпрос в г.Ташкенте считать преобразованным в Пед­ВУЗ под названием «Казахский Пе­да­гогический Институт» деген қау­лы алынады. Және осы қаулыда оның барлық мүлкі жаңа институтқа кө­ше­тіні айтылған. 1926 жылғы 13 шілдеде бұрынғы ректор Дәлел Сәр­сенов қызметінен босатылып, оның орнына Темірбек Жүргенов тағайындалады. Сөйтіп қазақ жастары арасынан алты жыл бойы мұғалімдер дайындап кел­ген алғашқы ағартушы институт енді педагогикалық оқу орнына айналыпты. 1926 жылғы 29 қазанда инс­титуттың ашылу салтанатында Қазақстанның Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов сөйлеген. Оның сөзі профессор Дихан Қам­забеков құрастырған «Смағұл Сә­дуақасов» атты қос томдық жинақта жа­рияланған.

С.Сәдуақасов өз сөзінің бір жерінде: «Я убежден, что будущий историк Казахстана, безус­ловно посвятит особую главу в своей книге – открытию первого ка­зах­ского ВУЗ-а» депті. Өкінішке қарай, олай болмай шықты. Тұңғыш қазақ ЖОО-сы Қазақстанның жаңа аста­насы Алматыға 1928 жылы көші­рілгенде, Ташкенттегі барлық кезеңі ұмытылып, «болашақ тарих­шылардың» бәрі оны ауызға да алмайтын болды. Туған жылын да 1928 жыл деп көрсетіп, Алаш арыс­тары қызмет еткен 10 жыл жадымыздан өшірілді. Өкінішті…

Енді Алаш абыздары ақталған, Тәуел­­сіз заманда Абай атындағы ҚазҰПУ өзінің шын туған күнін көр­сететін уақыт жетті. Әрине, бұл дерек­тен талай тарихшыларымыз хабар­дар болуы мүмкін. Ташкенттік ғалым­дардың жоғарыда аталған жинағын да талайлар білетін болар. Тіпті, өзіміз де дәл осы деректі алғаш рет «Егеменге» 2007 жылы, одан кейін басқа басылымдарда жариялаған едік. Алаш арыстарының еңбектеріне үлкен баға беріліп жатқан кезде олардың тағы бір зор еңбегін ұмытуға болмайды. Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орнына 100 жыл толғаны ұлтымыздың мерейі екенін ұмытпайық.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»





1 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. алаш 9 Қаңтар, 2018, 04:36

    маңқа бөспе қазақтар ОҚЫ, ОҚЫ ЖӘНЕ ТАҒЫДА ОҚЫ ДЕП
    алаштың бір азаматы айтқан деп қашан айтасың дар

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*