Ақтөбеде Мирзоян ескерткішін алып тастайды

Ақтөбедегі Мирзоян ескерткішін кімдердің алып тастайтыны белгісіз. Жергілікті әкімдік арнайы комиссия шешімінен соң мән-жайды айтып береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы Мирзоян көшесі енді Әлихан Бөкейхан болып өзгереді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ұсынысты республикалық ономастикалық комиссия мақұлдады. Енді Ақтөбе облыстық мәслихаты шешім шығаруы керек. Алайда Мирзоян көшесіндегі ескерткішті кімдердің алатыны белгісіз.

«Мирзоян ескерткіші тіркеуге алынған жоқ. Оның құжаттары рәсімделмеген, тізімге алынбаған. Ескерткішті алу жұмыстарын мәдениет басқармасы шешеді»,- деді Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы Фархад Досмұратов.

Ал Ақтөбе қалалық мәдениет бөлімі бұл сұраққа жауап бере алмады. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева бәрі арнайы комиссия шешімінен соң белгілі болатынын хабарлады.

«Мирзоянның көшесі өзгерді, енді ескерткіш мәселесі қаралады. Таяуда комиссия отырысы болып, сұрақ көтеріледі. Негізі қала территориясында орналасқан ескерткіштің барлығы жергілікті маңызы бар болғандықтан оған әкімдік жауапты. Бәрі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансында тұр. Аудандағы ескерткіштерге - аудандар, мекеме ауласындағы ескерткіш мекемеге тіркеледі. Сондықтан комиссия шешімін қалалық әкімдік орындайды. Мирзоян ескерткіші тізімде жоқ болған соң бәрі комиссия шешіміне байланысты болады»,- деді Маржан Қорғанбаева.