Cаясаттанушы 2018 жылдың басты жаңалығын айтты

Келер жылы «қызықтың көкесін» көреміз. Саяси талас-тартыс қызған шағына сай келеді бұл жыл.

Биліктегі түрлі топтар текетіреседі. Бір-біріне ор қазады. Құздан құлатады. Жемқорлықты сылтауратып аяғынан шалады бір-бірінің. Бұл туралы саясаттанушы Досым Сәтпаев мәлімдеді, - деп хабарлайды kaz.365info.kz.

Картинки по запросу сатпаев досым

Шортандар мен шабақтар

Айтуынша, элита арасындағы астыртын айқас соңғы жылдары қатты асқынған. Айналып келгенде, ақшаға талас. Түсім төмендеп, қалта жұқарғалы бері биліктің төбе басында жүрген түрлі топтардың дегбірі қашқан. Бұрынғыдай байлық жоқ, қолда барды қарпып қалу керек.

– Келер жылы қармаққа ілігетін шенділердің саны өсуі мүмкін. Себебін, ілгеріде айттым. Әжептәуір салмағыбар  саяси тұлға парақорлыққа байланысты құрықталып жатса одан ілік тапты деп білгейсіз. Қармаққа ілікті деп түсінгейсіз… – дейді Сәтпаев.

Сөзінің жаны бар. Өткенде ғана Назарбаев жемқорлыққа қарсы күрестің күшейе түсерін айтқан. Биліктегі топтар естіген мұны. Жоспар құрып қойған. Қарсыластарын қарабет қылудың амалын қарастырып қойған олар.

Сәтпаевтың сөзіне қарағанда келер жылы тағы өзгерістер болады.

Біреудің орнын біреу басады, біреудің орнына біреу келеді.

Орталық қана емес, аймақтарда да ауыс-түйістер болады.

– Нәтижесі дейсіз бе? Өзіңіз де білесіз ғой. Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды өзгермейді. Бюрократия билеп тұр. Билікке кеп жатқан жаңа буынның аяқ алысы да көңіл көншітпейді. Назарбаев көріп отыр мұны.

Трамп қайдасың?

Алдағы жылғы ауыз толтырып айтарлық бір оқиға – Назарбаевтың АҚШ-қа  сапары. Ақорданың ақпаратына қарағанда сапар қаңтардың ішінде жоспарланған.

– Бұл Назарбаевтың Ақ Үйге Трамп келгелі бергі алғашқы сапары болмақ.

Трамптың өзі шақырды оны.

Біраз әңгіме айтылады-ау. Ақ үй Қазақстанмен әріптесуге мүдделес. Ресей мен АҚШ-тың арасындағы өткел сияқтымыз өйткені. Оның үстіне Сирия келіссөзін жүргіздік. Оны да көріп отыр. Трамп бұл тақырыпты да қаузайды. Американың Астана келіссөзіне араласпақ ойы бар, – деп тұспалдайды Сәтпаев.

Түсінгеніміз, Трамп пен Назарбаев кездесуінде жалпы жаһандық мәселелер талқыланбақ. Бірақ, бұл бергі жағы.

Мұнай-газ секторы да сөз болады. Біздің нарықтағы америкалық трансұлттық компаниялардың Ақ үйге де сөзі өтеді өйткені.

«Назарбаев тек Трапмпен кездесіп қайтпайды. Әлгі айтқан трансұлттық компаниялар басшылары да Елбасымен кездесуге асық», – дейді саясаттанушы.

Астана…

Келер жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы іске қосылады.

Сәтпаевтың айтуынша, Назарбаевтың бай-манаптарға шетелдегі тыққан-мыққанын елге қайтаруға үндегені тегін емес. Байларды оффшордан бас тартуға көндіргісі бар Назарбаев осы арқылы  «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызын арттырмақ.

«Олигархтардың тау-тау қаражаты елге қайтып жатса мұның едәуір бөлігі аталған орталыққа «бұйырады», – дейді Сәтпаев.