Фируза Шарипова журналистер үшін ашық жаттығу өткізеді

30 желтоқсан күні Алматыдағы Almaty Arena мұз сарайында қазақстандық кәсәпқой боксшы Фируза Шарипованың кезекті жекпе-жегі өтетіні белгілі. Екінші жартылай жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақ қызы бельгиялық Джемилла Гонтарюкпен IBO және WBC Silver чемпиондық белбеулерін сарапқа салады.

Аталған жекпе-жекке соңғы дайындықтарының бірін қазақстандық боксшы қыз журналистер мен жанкүйерлерінің алдында өткізбек. Ашық жаттығу жиыны 28 желтоқсан күні кешкі сағат 18:00-де Алматыдағы MEGA Park ойын-сауда орталығында (Мақатаев көшесі 127/1) өтеді.

Жаттығу жиынына Фирузамен бірге Джемилла Гонтарюк та келеді. Олар осы күні алғаш рет бетпе-бет жүздесіп, өз дайындықтарын телекамера алдында көрсетпек. Сонымен қатар, қос боксшы жанкүйерлерге автограф-сессия өткізеді. Іс-шараға кіру тегін.

Журналистер сондай-ақ боксшылардың салмақ өлшеу рәсіміне де қатыса алады. Аталған шара 29 желтоқсан күні сағат 12:00-де “Rixos Almaty” қонақ үйінде ұйымдастырылмақ. Ол үшін әр тілші crazymaxi@gmail.com электронды почтасы арқылы тіркеуден өтуі тиіс. Бокс кешіне аккредитацияны олар осы салмақ өлшеу рәсімінен кейін алады.

Айта кетейік, FSK Promotion промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отырған аталған бокс кеші екі кезеңнен тұрады. Алғашқы бөлігінде кәсіпқой боксты жаңадан бастаған жас боксшылар өнер көрсетсе, екінші бөлігінде Ержан Залилов, Әли Ахмедов, Айдын Елжанов, Виктор Котчигов секілді танымал қазақстандық боксшылар өз бақтарын сынап көрмек.

Ұйымдастырушылар бокс кешінің көркін қыздыра түсу үшін жанкүйерлер арасында су жаңа автокөлік ұтысын өткізеді. Лотореядан жеңімпаз атанған көрерменге Renault Logan автокөлігі сыйға тартылады.

Бокс кешінің билеттері Almaty Arena спорт кешенінің кассаларында, ticketon.kz, kassir.kz, zakazbiletov.kz сайттарында сатылып жатыр.