Азат Перуашев: Латын әліпбиіне көшу - тіліміздің дамуына жол ашады

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Т.Перуашевтің қазақ тілінің жаңа әліпбиіне қатысты көзқарастары көпке белгілі. Партия көшбасшысы латын әліпбиіне көшу бастамасын бірден белсенді қолдағандардың бірі. Ол Елбасымыздың қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Жарлығының айрықша тарихи маңызы бар екенін, латын қарпіне көшу – Алаш арыстарының да арманы болғанын, әсіресе, мұның отаршылдық психологиядан еркін, азат санаға көшуде үлкен рөл атқаратынын, т.б. ой-пікірлерін бұхаралық ақпарат құралдарында ашық білдірді.

Соңғы кезде бекіткен нұсқада афострофқа байланысты жұртшылық ішінде көп сын айтуда. Біз Азат Тұрлыбекұлымен бұл мәселе бойынша пікір алмастық.

- Иә, мен, расында да латын әлипбиіне көшу бастамасын қолдап қана қоймай, бекіткен нұсқаны пайдалануға біраз уақыт бойы әрекет жасап, атсалыстым. Сол тәжірибемнің нәтижесінде өзім үшін мынадай пікірге келдім.

1) Басқа тілдерде жоқ, қазақи төл дыбыстарды белгілеу үшін (ә, ө, ү, ң, ғ) апострофтарды қолдануға әрине болады (a', o', u', n', g').

Апострофтың ең алғашқы артықшылығы - ол ағылшын әліпбиіне қосымша әріптер енгізуді талап етпейді. Яғни, ағылшын әліпбиінің негізінде жасалған жаңа қазақ әліпбиі қысқа да нұсқа болып шығады.

2) Бірақ апострофтарды жиі қойған мәтін оқырманды шатастырады екен.

3) Оның үстіне, мұндай әдістеме кез келген қазақи әріпті белгілеу үшін қосымша қимыл (афостроф түймешегіне басуды) талап етеді. Яғни, екі есе көп уақыт алады. Менімше, ол тіліміздің дамуына кедергі болып кетуі мүмкін.

4) Сондықтан, афострофтың орнына қазақи әріптедің үстіне, солармен бірге жазатын ноқат, болмаса басқа бір белгі (мысалы, неміс, чех, поляк тілдерінде қолданатын қос нүкте, т.б.) қойылғаны дұрыс болатын шығар.  Егер, естеріңізде болса, мен мұндай ұсынысты латын әліпбиіне көшуге байланысты құрылған Мемлекеттік комиссия жұмысын бастаған алғашқы сәтте-ақ жібергенмін. Біз енді сол нұсқаның дұрыстығына көз жеткізіп, қайта оралып отырған сияқтымыз.

5) Егер біз жастарды бүкіл әлемдік ақпараттық технологияда пайдаланатын жазуға үйретейік десек, онда басқа тілдерде бар дыбыстарды (ж, ш, я, ю), қайтадан «велосипед шығарып алмай», халықаралық деңгейде қалыптасқан, ағылшын тіліндегі диграфтармен жазуға қайтып келуіміз керек (zh, sh, ja, ju).

Әрине, кейбір әріптестерім секілді «Я», «Ю», «В» дыбыстары қаншалықты тілімізге қажет деп, - пікір алмаса беруге болады. Бірақ қазіргі кезде солардың жиі пайдаланылатыны ешкімге құпия емес. Егер келешекте, тіліміз тәуелсіз дамығаннан кейін, осы дыбыстарды жоққа шығарса, оларды белгілеу қажеттілігі де өздігінен кетеді.

6) «Ұ» дыбысын көрсету үшін, оны бөлек шығармай «У»-мен бірге кәдімгі «U» әрпімен, болмаса сол әріптің негізінде, «Ü»-ден басқа бір белгі шығару керек немесе көп дауласқан «W»-мен келісуге болады.

7) Ал апострофтың рөлі бір мақсатпен толып отыр: диграфтарды басқа әріптермен шатастырмау үшін, мысалы "асхана" - as'hana, т.б.

Сондықтан, мен өзім үшін мынадай бір нұсқа ыңғайлы екен деп таптым:

А а A a
Ә ә Ä ä
Б б B b
Д д D d
Е е E e
Ф ф F f
Г г G g
Ғ ғ Ğ ğ
Х х, H h H h
І і I i
И и Ï ï
Й й J j
К к K k
Л л L l
М м M m
Н н N n
Ң ң Ñ ñ
О о O o
Ө ө Ö ö
П п P p
Қ қ Q q
Р р R r
С с S s
Т т T t
У у U u
Ұ ұ Ù ù
Ү ү Ü ü
В в V v
Ы ы Y y
З з Z z
Диграф арқылы көрсететін дыбыстар (әліпбиден тыс)
Ж ж Zh zh
Ш ш Sh sh
Щ щ Sh' sh'
Ю ю Ju ju
Я я Ja ja

Бұл әліпбиді әзірше қолдануға тырысып жүрмін.

8) Сонымен қатар, орыс тілі арқылы қазақ тілімізге келген, түбі латын (ағылшын, неміс, француз т.б.) сөздерді, орыс айтылуымен емес, халықаралық дәстүрге сәйкес жазу мен айту қажет деп санаймын. Мысалы, «апостроф» деген сөз «apostrof» емес, «apostroph» деп жазылуға тиіс;  конституция – «konstitucija» емес – «constitution»; физика – «fisika» емес, «phisics» болады. Менімше, глобалды әлемде қазақ тіліне барша дүниемен орыс тілі арқылы емес, тура жолмен шығатын кез келді.

Сонда біз кейбір басқа да сұрақтарға жауап бере аламыз, мысалы, жоғарыда айтқандай, «В» қаріпі қазақ тіліне қаншалықты қажет? Иә, «вакцина» (vaccine), «вектор» (vector), «вокал» (vocal) орнына біз «yakcin», «yektor», «yokal» деп жазуымыз мүмкін, болмаса бұл сөздерді аударып айта аламыз.

Бірақ, кез келген, халықаралық айналымда ғасырлар бойы жүретін терминдерді бұрмалау немесе бәрін бірдей қазақшаға аударудың қажеті бар ма өзі?

Және де осы тіл реформасының мақсаты дүниеден бөлу емес, дүниемен ашық әңгімелесу шығар?

Олай болса, біз де кейбір қалыптасқан терминдерді, сол терминдерге тән әріптермен бірге, қолдан  бұрмаламай, қабылдауымыз керек сияқты.

9) Бірақ, бұл тек техникалық жағынан қарағанда. Ал, әр дыбыстың, әр қаріптің ар жағында тарихи, мәдени, фонетикалық, грамматикалық, лексикалық, стилистикалық тілдің ерекшеліктерімен байланысқан себептері тұр. Бұл ұзақ мерзімді, жан-жақты, күрделі және қайшылықты үрдіс. Оның нәтижелері тіпті күтпеген жерден шығуы мүмкін.

Мен осы реформаның, расында да тіліміздің дамуына жол ашады деп үміттенемін. Оны, әрине, тек кәсіпқой қазақ лингвистері, тіл мамандары, тіл жанашырлары көтере алады. Мұндай жұмыс басталған, оны бұхаралық ақпарат құралдарындағы, әлеуметтік желілердегі осы тақырыпқа шығып жатқан өткір материалдардан байқап отырмыз.

Жұртшылықпен бірге, сол терең зерттеулердің жемісін үлкен қызығушылықпен және үлкен үмітпен күтеміз.