Бауыржан Байбек: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Тәуелсіздігімізді баянды етуге ықпал ететін болады»

Алматы әкімі қалалықтарды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады Бүгін Республика Сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының Алматыдағы тілшісі хабарлайды. 

Алқалы шара барысында Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан алматылықтарға мемлекеттік марапаттар тапсырылды.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен батыл шешімдерінің арқасында Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті. Уақыттың өзі Елбасының «Алдымен экономика, содан соң саясат» қағидасының заманның талабын дөп басып, еліміздің дамуына зор серпіліс бергенін дәлелдеді.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасы 20 есеге артты. Жалпы көлемі 10 мың шақырымнан астам жол салынды, жөнделді, 120 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, 1 миллионнан астам отбасы баспаналы болды. 15 жылда орташа жалақы мен зейнетақы 10 есеге артты. Қазіргі кезде біздің басты міндетіміз - әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену. Оның негізі Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси, экономикалық және рухани жаңғыру. Жаһандану ғасырында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың бар болмысын, рухани құндылықтар мен мұраны сақтап, Тәуелсіздігімізді баянды етуге ықпал ететін болады», - деді Б.Байбек.

Алматы әкімі Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың өңірлік экономика мен еңбекпен қамтуға зор серпіліс бергенін атап өтті. Тек биылдың өзінде ғана Алматыда 20 мың адам жұмысқа тартылды, көшелер мен скверлерді қайта жасауға 43 мың адам қатысты.

«Нұрлы жол» бағдарламасы еліміздің өңірлерін күретамыр жолдармен жалғап, азаматтардың іскерлік белсенділігін, еліміздің инвестьициялық тартымдылығын арттырды. Өз кезегінде «Нұрлы жер» бағдарламасы халықтың жеңілдікпен үй алуына мүмкіндік берді. Қалада 14 мыңнан астам пәтер салынатын болса, соның 5880 пәтері биыл іске қосылды.Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 3 есеге артық. Осы бағдарламалардың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылды, азаматтардың табысын көеруге оң серпін берілді, қосымша салық түсімдері қамтамасыз етілді», - деді Б.Байбек.

Алматы әкімі халықаралық зерттеулер қорытындысы бойынша 2030 жылға қарай әлемдік экономика флагмандары Оңтүстік – Шығыс Азия елдері, әсіресе Қытай мен Индия болатынын жеткізді. Осылайша, әлемдік экономиканың даму тетіктері Шығысқа қарай ығысуда. Өз кезегінде Алматы жаһандық бәсекеге қабілетті нарығы бар Орта Азиядағы экономикасы ең қарқынды дамыған қалаға айналды әрі Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай сынды елдердің инвестициялары тартылған. Ал бұл Алматының Сингапур және Гонконг сияқты үлкен инвестициялық әлеуетке ие екенін көрсетеді.

«Бүгінгі күні Алматы – іскерлік орталық, бизнес жүргізуге қолайлы қала, Орта Азиядағы қалыптасқан ірі өңірлік магнит. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кептеліс мәселесін шешуге ықпал ететін сомасы 500 миллиардтан астам теңгені құрайтын Үлкен Алматы айналма автокөлік (БАКАД) жолының құрылысы басталады. Бұл жоба Батыс Еуропа- Батыс Қытай күретамыр жолына қосылып, мың жылдық тарихы бар қаламыздың Ұлы Жібек жолындағы сауда орталығы ретіндегі мәртебесін қайта жаңғыртады», - деп атап өтті қала басшысы.

Салтанатты жиын барысында еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан алматылықтарға мемлекеттік марапаттар тапсырылды.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес биылғы жылы 70-тен астам алматылық мемлекеттік жоғары марапатқа ие болды. Олардың үштен бірі - білім, денсаулық сақтау, мәдениет спорт пен әлеуметтік қорғау сынды әлеуметтік сала өкілдері, бестен бірі – бизнес пен өндіріс орындарының өкілдері, 18% – мемлекеттік қызметкерлер, 15% – құрылысшылар. Азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдері де жоғары марапатты иеленді.

Мысалы, «Парасат» орденімен Қазақстан Республикасының Әнұранын тұңғыш орындаушы Сара Тыныштығұлова мараптталды. «II дәрежелі Достық» орденін мемлекет және қоғам қайраткері, Орта Азия Университетінің президенті Жұматай Әлиев алды. «Құрмет» орденімен «Мен алматылықпын» қоғамдық қозғалысының негізін қалаушы Константин Авершин, суретші Амандос Ақанаев, әнші Мәдина Сәдуақасова,«Орталық клиникалық аурухана» АҚ ауруханалар бірлестігінің меңгерушісі Сергей Шиллер марапатталды. «ІІІ дәрежелі«Еңбек Данқы» ордені «Ақсай» Нанбөлкекомбинаты» ЖШС нан-бөлке өнімдерін даярлаушы Рушангүл Гаитоваға,«Кастинг» ЖШС электролиз сұйықтығы цехының электролизнигі Александр Зейбельге берілді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын «Сымбат» сән академиясының арт-директоры Балнұр Асанова иеленді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен №134 лицейдің химия пәнінің мұғалімі, 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог Ирина Нестеренко марапатталды.

"Рухани жаңғыру" жылы  мемлекеттік марапаттарға ие болған алматылықтарды  құттықтай отырып,  табыс тілейміз.