"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Астананың дамуына үлес қосқан алматылықтарға миллион теңгеден берілді

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында астананың 20 жылдығы құрметіне Астананың дамуына үлес қосқан қазақстандықтар марапатталды, деп хабарлайды «Қазақ үні» ұлттық порталы.

Республика Сарайында астананың 20 жылдығы құрметіне Алматыда тұрған немесе туған және еліміздің бас қаласы Астананың қалыптасуына үлес қосқан қайраткерлерді «Астана – ардағым» сыйлығымен марапттау салтанаты өтті.

Осыдан тура 20 жыл бұрын, 10 желтоқсанда Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы болып Астана қаласы жарияланды. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек өзінің сөзінде Елбасының астананы көшіру туралы бастамасы еліміз үшін күрделі 90 жылдары туындағанын атап өтті. Сол кезде осынау теңдесі жоқ ойдың шындыққа айналатынына көпшілік сене қойған жоқ. Бірақ, тарихтың өзі жас әрі тәуелсіз мемлекет үшін бұл шешімнің қаншалықты өміршең әрі көрегендік екенін дәлелдеді.

«Бүгінгі күні Астана – қалыптасқан саяси орталық, жаңғыру символы және өзге өңірлерге үлгі. Астана әлем таныған қалаға айналды, Елбасының аса зор халықаралық беделі арқасында мұнда ЕҚЫҰ-ның, Ислам ынтымақтастығы ұйымдарының саммиттері, Азияда өзара ынтымақтастық және сенім шаралары бойынша Кеңес, әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съездері өтті. Астанада халықаралық ЭКСПО- 2017 көрмесінің өтуі елеулі әлемдік оқиға болды. Ғасырлар түйіскенде Қазақстан астанасын көшірген әрі қаланы «қолдан жасаған» алғашқы мемлекетке айналды. Президент айтқандай, «өте ауыр 1990-шы жылдары Астана бізді қанаттандырды, үміт отын жақты және үлкен қиындықтарды жеңе білуге үйретті», – деп атап өтті Б.Байбек.

Қала әкімі Алматыда Тәуелсіздік жарияланғанын, Конституцияның қабылданғанын, ұлттық валютаның енгізілгенін, мемлекеттік рәміздердің бекітілгенін қадап тұрып айтты. Алматы қазіргі кезде қаржы және экономикалық магнит ретінде еліміздің саяси орталығы Астананы үйлесімді толықтыра түсуде.

«Алматылықтар – ғылым, білім, өнер, спорт қайраткерлері, әрине, мемлекеттік қызметкерлер алғашқылардың бірі болып Астананың іргесін қалады және барша қазақстандықтармен бірге жас астананың қалыптасуына зор үлес қосты. Біз сол үшін үнемі мақтанамыз! Астананы көшіру Еуразия жүрегінде жаңа әрі заманауи қаланың пайда болуына ықпал етті, Алматыға жаңа өмірлік леп әкелді. Біздің қаламыз Орта Азиядағы ірі мегаполиске, еліміздің іскерлік орталығына айналып, «орта тапқа» қуатты серпін берді. Елбасының тұрақты қолдауы арқасында мәдениет, білім, спорт, туризм дамуда. Қаламыздың келбеті де өзгерді – инфрақұрылым жаңғырды, заманауи нысандар, мектептер, балабақшалар, ауруханалар салынды. Алматы аумағы екі есеге ұлғайды, екі жаңа – Алатау және Наурызбай аудандары пайда болды. Бүгінгі күні біз европалық стандарт бойынша қала кеңістігін барынша ауқымды түрде жаңғыртудамыз», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Астана – Ардағым» сыйлығы 20 категория бойынша берілді, олар – білім мен ғылым, сәулет пен құрылыс, денсаулық сақтау, спорт, өнер, кинематография, журналистика және әдебиет салалары.

Бұрындары номинанттарды іріктеу конкурстық комиссияның astana.ardaq.kz сайтында ашық дауыс берулері арқылы жүзеге асты.

Сонымен, астананың қалыптасуына үлес қосқандары үшін «Астана – ардағым» сыйлығының лауреаттары атанғандар:

1. Астананың ғылым саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай;

2. Астананың спорт саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Туризм мен спорттың бұрынғы министрі Темірхан Досмұхамбетов;

3. Астананың денсаулық сақтау саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Алматыдағы №1 перзентхананың бас дәрігері Наурызбай Рақышев;

4. Астананың білім саласында дамуына қосқан үлесі үшін – ғалым, жазушы Мырзатай Жолдасбеков;

5. Астананың құрылыс саласында дамуына қосқан үлесі үшін – «Базис-А» құрылыс копорациясының басшысы Александр Белович, инженер- құрылысшы Осман Шаханов;

6. Астананың сәулет саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Қазақстанның сәулетшілер Одағының президенті Ақмырза Рүстембеков;

7. Астананың инновация саласында дамуына қосқан үлесі үшін – дәрігер,инфекционист Қарлығаш Әбдиева;

8. Астананың өнер саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Көркемөнер академиясының президенті Амандос Ақанаев, мүсінші Болат Досжанов және дизайнер Құралай Нұрқаділова;

9. Астананың әдебиет саласында дамуына қосқан үлесі үшін – жазушы және журналист Рамазан Думан, ақын Райымбек Маралтай;

10. Астананың ақпарат саласында дамуына қосқан үлесі үшін – «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, фотограф Максим Золотухин және 31-ші арнаның бас продюсері Нұржан Мұхамеджанова;

11. Астананың кинематоргафия саласында дамуына қосқан үлесі үшін – режиссер Ермек Шынарбаев және актер Әділ Ахметов;

12. Астананың музыка саласында дамуына қосқан үлесі үшін – композитор Марат Омаров және әнші Нағима Есқалиева.

Еске салсақ, келер жыл – Қазақстан астанасы үшін мерейлі жыл. Алматыда Астананың 20 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар ауқымды мәдени шаралар-концерттер, фестивальдер, көрмелер өткізу жоспарланған.





6 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Ш.З.Д. 12 Желтоқсан, 2017, 14:01

    Осылардың ішінде тарихи шығармалар жазатын ДУМАН РАМАЗАНДЫ қадірлеймін.
    ДУМАН РАМАЗАН, еңбегің еленген бұл құттықтау саған жаңа құнды шығармалар жазар тасқынды шабыт сыйласын!

    Жауап жазу
  2. Қолқоюсыз 13 Желтоқсан, 2017, 22:45

    нәннің орбитасындағы «жұлдыздар».

    Жауап жазу
  3. Қолқоюсыз 25 Желтоқсан, 2017, 13:34

    ескірген жаңлық

    Жауап жазу
    • Қолқоюсыз 27 Желтоқсан, 2017, 09:10

      рухани жаңғыру дегені бір-біріне медаль шаптау, әрине,өз адамдарына, керек адамдарына.ешкім танымайтын ғалым, ешкім оқымайтын жазушы, ешкім көргісі де тыңдағысы да келмейтін тоқалдар жағалаған тв, әнші жүрналист, ешқандай мәселе жоқ, күнде думан, күнде той.
      Омар Хаям, шарап, әйелдер, бәрінің арманы әншісымақ,жүрналистсымақ болу боп кеткен.басқа іс жоқ.

      Жауап жазу
  4. Қолқоюсыз 29 Желтоқсан, 2017, 11:02

    жаңалық жоқ

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*