«Рухани қазына» атты көрме Жапонияда қойылады

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты Халықаралық жобасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 18-26 желтоқсан аралығында Жапония астанасы Токиоға «Ақтастағы Ахико» қойылымы және «Ұлы дала елі» атты Ұлт руханиятын ұлықтайтын концерттік бағдарламамен гастрольдік сапарға шығады. Сонымен бірге, театр музейінен орын алған құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытатын «Рухани қазына» атты көрме ұйымдастырады.

Биылғы 92-маусымның ашылу салтанатына орай театрдың «Музей» бөлімі тұңғыш рет Алматы қаласындағы 8 театрдың басын қосқан көрме ұйымдастырған болатын. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығы аясында көрермен назарына ұсынылған «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты көрмеден жиналған қауым – қойылымдардың афишалары, фотосуреттер, майлы бояумен салынған портреттер, актерлердің әр жылдары әртүрлі спектакльдерде киген сахналық костюмдері, өнер майталмандарының жеке заттары, қолжазбалар, театр қайраткерлерінің күнделіктері, әр кезеңдегі театр өмірі және актерлер жайлы ақпараттар, мақалалар, зерттеулер, құнды жәдігерлерді тамашалаған болатын.

Сол ауқымды жоба бүгінде Жапонияда қойылатын «Рухани қазына» атты көрмемен ұштасып, өз жалғасын тауып отыр.

Жапондықтардың назарына ұсынылатын көрмеде Әуезов театрының тарихы, шығармашылық өсу жолы, ұлттық, әлемдік классикалық шығармалар мен тарихи спектакльдердің афишалары, ұлттық аспаптарымыз бен корифейлер киген сахналық костюмдер қойылады. Сонымен қатар, ұлт ретіндегі ерекшелігімізді көрсететін құнды жәдігерлер де осы көрмеде қамтылады.

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының мұражайы 1968 жылы 24 мамырда ашылған болатын. Жарты ғасырға жуық тарихы бар мұражай – бүгінде театрдың 92 жылдық тарихын қамтыған, мол мұрасы мен алтын қазынасы сақталған қасиетті құтханаға айналып отыр.

Театр музейлері – театр және кино өнерінің ұлы қайраткерлерінің, әр жылдардағы актерлер мен театр қызметкерлерінің өнер шаңырағындағы өмірімен, өнерімен, аяулы сәттерімен қайта қауыштыратын орда. Театрдың құрылған кезеңінен бастап, қазіргі беталысы, хал-ахуалынан хабар беретін көрмелер, өскелең ұрпақтың санасына сілкініс беріп, тарих туралы мол мағлұмат алуына, сондай-ақ, өткеннің естеліктерін ұмытпай, алға нық сеніммен аяқ басуына әсер етеді. Сондай-ақ, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын әлем халқының назарына ұсынуда және оларды насихаттауда әртүрлі бағытта ұйымдастырылған көрмелер өзіндік мағынаға ие болып, маңызды роль атқарады. Сондықтан, Токиода қойылатын «Рухани қазына» көрмесі ұлт мәдениетіне қосылған сүбелі үлес және құндылықтарымызды насихаттайтын көркем құрал.

Гүлзия Сәдуақас,

qazaquni.kz