ӘКІМ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Аламаты қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында алып шаһардың Әуезов ауданының әкімі Алтай Рахымбетовтың БАҚ өкілдерімен кездесуі болып өтті. Алтай Ерғазыұлы жиналған журналистер алдында аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың нәтижелері мен қазір кеңінен етек алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысы жайында егжей-тегжейлі баяндап берді. Отырысты Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің маманы Әйгерім Серікқалиқызы жүргізіп отырды.

Әуезов қаладағы ең ірі аудандардың бірі, халқының саны 280 мыңнан асып кеткен. Бұл кейбір облыстың халқымен тең деген сөз. Оған қоса ауданның басым бөлігі тұрғын үйлерден тұрады. Демек, халыққа қызмет көрсету өзгелерге қарағанда қиынырақ болады. Себебі, аумақта орналасқан түрлі мекемелер өз-өзіне қызмет етіп, өз проблемаларын өздері шешсе, тұрғын үйлер тұрғындарының оған шамасы жете бермейді. Сондықтан су, жылу, жарық, газ тағы басқа мәселеге қатысты талап-тілектер толассыз түсіп жатуы заңды.

Аудандағы 18 ірі және орта өнеркәсіп орындары жалпы қаланың өнеркәсіп өнімінің 11,1 пайызын береді екен. Бұл көбіне тұрғын үйлер орналасқан аудан үшін аз көрсеткіш емес. Тек қана қаңтар-қазан айлары арасында негізгі капиталға бағытталған 38,4 млрд. теңге инвестиция игеріліпті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш әлі де өсетін болады.

Аудан әкімінің есебіне қарағанда сан-салалы экономиканың барлық түрлері бойынша өсу бар. Жұмыспен қамту, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек және басқа да әлеуметтік жобалар тұрақты орындалуда. Аудандағы басты проблемалердың бірі мектептерде орын жетіспейтінін әкім ашық айтты. Әуезов ауданы бұрыннан қалыптасқандықтан қазір жаңа мектеп ғимаратын салуға бос орын табылмайды. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін бірнеше жобалар қолға алынбақшы. Соның бірі - бұрынғы мектептерді кеңейту, жаңа бос орындар іздестіру. Сөйтіп мектептерде орын жетіспеу мәселесі түбегейлі шешілмек.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауданда 156 мың адам қатысқан 90 түрлі қоғамдық-мәдени шаралар ұйымдастырыпты. Бұл бағдарлама бір күндік немесе бір жылдық емес. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да тұрақті жалғасын таппақшы.

Ия, аудан әкімінің БАҚ өкілдермен кездесу өткізіп тұруы қолдауға тұрарлық шара. БАҚ – билік пен халық арасындағы байланыстырушы көпір іспеттес. Әуезов ауданы әкімі Алтай Рахымбетов өз есебінен кейін журналистердің сұрағына жауап беріп, БАҚ өкілдеріне қашан келсе де есік ашық екенін айтты. Бір сөзбен айтқанда өз жұмысында ашықтық бағытын ұстанатыны байқатты.

***

«Жүз рет естігеннен бір көрген жақсы» демекші аудан әкімінің өз аузынан естіген жақсы жаңалық журналистердің жанын жадыратты десек болады.

Өйткені олар да қала тұрғыны, олар да қаланың дамып гүлденгенін көргісі келеді. Қазір бұқара мен билік арасын жақындату мақсатында Астана қаласында, облыс орталықтарында Өңірлік коммуникация орталықтары пайда болып, жемісті жұмыс істеп жатыр. Оның қаншалықты пайдалы екнін айтпасақ та болар. Арнайы жабдықталған алаңда көптеген күрделі мәселелер талқыланып, оның шешілуіне зор ықпал етуде. Сондай игі істі Алматы қаласы әкімдігі де қолға алған екен. Ол үшін мың да бір рахмет деуден басқа айтарымыз жоқ.

Зейнолла АБАЖАН,

qazaquni.kz