Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет және Әуезов театры

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында толымды еңбектер атқарып келеді. Мәселен, 7-21 қыркүйек аралығында  Атырау қаласы мен облыс аудандарындағы Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімовтің 80 жас мерейтойына арналған  үлкен гастрольдік сапар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қазан айының басында өткен Лондон сапары, театр маусымашарына арналған «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты Алматы қаласындағы 8 театрдың басын қосқан көрме және т.б. іс-шаралар аталмыш бағдарлама аясында жасалды. Театр ұжымының «Рухани жаңғыру» аясындағы жоспарлы жұмыстары Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кіші гастрольдік сапармен жалғасын тауып, бұл іс-сапар барысында театр ұжымы аудан орталықтары мен елді-мекендер тұрғындарының назарына репертуардағы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» драмасын ұсынған болатын. Театр ұжымының келесі бір ауқымды жобасы – Токио сапары болып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты Халықаралық жобасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры желтоқсан айының 19-26 күндері Жапония астанасы Токио қаласына гастрольдік сапарға аттанады. Бұл сапар барысында театр ұжымы репертуардағы «Ақтастағы Ахико» спектаклін сахналап, «Ұлы Дала Елі» атты Ұлт руханиятын ұлықтайтын концерттік бағдарламаны жапондықтардың назарына ұсынып, театр музейінен орын алған құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытатын көрме ұйымдастырады. Еліміз үшін ауқымды Халықаралық жобаның аясындағы «Токио сапарына» дайындық  барысында 17 қарашадағы «Ақтастағы Ахико» қойылымын идея авторлары: Н.Дулатбеков, Е.Біләл және Қазақстандағы жапон азаматтары мен жапон тілін меңгеріп жүрген ізденушілер арнайы тамашалап, спектакль соңынан театр ұжымының қатысуымен қойылымға келген қонақтар өз пікірлерімен, қойылымнан алған әсерлерімен бөліскен болатын. Сонымен қатар, бұл ауқымды да салмақты, мазмұны мен мәні терең, мақсаты айқын іс-сапарға театр ұжымы асқан жауапкершілікпен барлық техникалық және шығармашылық мүмкіндіктерді пайдалана отырып қызу дайындық жүргізді. Қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын әкем-театрдың –  «Токио сапары» ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының бағыт-бағдары негізінде жасалған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты Халықаралық жобасына қосылған үлес және қазақ өнерін әлемге танытуда жасалған нық қадам деп түсінгеніміз абзал.  Бұл гастрольдік сапар бір ғана театрдың емес, күллі қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің мерейін үстем етіп, мәртебесін көтеретін іс-шара болатынына сенімдіміз. Гүлзия Сәдуақас qazaquni.kz