Бостандыққа шыққан Матаев өзінің саяси тапсырыспен қамалғанын айтты

Қазақстан журналистер одағының бұрынғы басшысы Сейітқазы Матаев колониядан мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шықты, деп хабарлайды Sputnik.

Матаев Алматы облысының Заречное ауылындағы колониядан бүгін күндіз босап шықты. Таңертеңнен бері қақпаның алдында оны туыстары мен журналистер күтіп отырды.

"Ерекше қуанып тұрған жоқпын. Мен өзімді бостандыққа шықтым деп есептемеймін, өйткені ұлым қамауда отыр. Түптеп келгенде, біздің ісімізді білесіздер, бұл саяси тапсырыс болды, біз кінәмізді мойындаған жоқпыз. Қаржы полициясы, прокуратураның барлық айыптауларын, соттың шешімін қабыл алмадық", — деді журналистерге Матаев.

Ол біраз уақыт емделгеннен кейін кәсіби қызметіне кірісуді жоспарлап отырғанын айтты.

"Ешкімге кек сақтамаймын, өш алатын ойым жоқ. Ондай адамдардың қатарынан емеспін, өйткені қажыға барғанмын. Ол (колония — ескерт.) мен үшін қандай да бір сынақ болды", — деп толықтырды ол.

Естеріңізге сала кетейік, 16 қараша күні Алматы облысының Қапшағай қалалық соты Қазақстан журналистер одағының бұрынғы басшысы Сейітқазы Матаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандырған болатын.

Сейітқазы Матаев пен оның «ҚазТАГ» ақпараттық агенттігін басқарған ұлы Әсет аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды және аса ірі көлемде салық төлеуде жалтарды деп айыпталды.