Алматылықтар ең үлкен тропикалық сусын әзірледі

Алматылықтар Қазақстандағы ең үлкен тропикалық сусын әзірледі

«Медеу» мұз айдынында жаңа рекорд орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кеше кешқұрым ашық аспан астында орналасқан «Медеу» мұз айдынында Қазақстандағы ең үлкен алкогольсіз тропикалық коктейль дайындалды.

Нәтижесінде коктейль толтырылған алып стақанның жалпы салмағы 178,2 келіні құрады.

«Сусынды дайындауға 5 адам қатысты, тағы үшеуі қосалқы жұмыстармен айналысты. Олар кәсіби бармендер. Бұл күнге бір ай дайындалдық. Іс-шара әкімдіктің қолдауымен өтті. Ең үлкен тропикалық сусынды әзірлеу рекорды Қазақстанда тұңғыш орнатылды», - деп атап өтті ұйымдастырушылардың бірі Әнел Ерімбетова. Атап өтілгендей, коктейль классикалық рецепті бойынша дайындалды. Оған 13 келі лайм, 17 келі жалбыз, 65 литрге жуық газы бар минералды су, сондай-ақ мұздатылған бүлдірген мен мұз жұмсалды. Айта кетсек, 2008 жылы АҚШ-тың Оклохама штатында 3800 литрлік коктейль әзірленген болатын. Оны жасауға 11 700 лимон, 476 келі қант пен 2 637 литр су кеткен. Ал Гиннес рекордтар кітабына енген ең үлкен алкогольсіз сүтті коктейль Америкада 2011 жылы орнатылды. Оның көлемі 64 мың литрді құрады.