ӘКІМ ЖАҢА МЕКТЕПТЕГІ АШЫҚ САБАҚҚА ҚАТЫСТЫ

Похожее изображение Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Наурызбай ауданы «Шұғыла» ықшам ауданында №174 жаңа қазақ-мектеп гимназиясының 8-10 сынып оқушылары үшін «Мен – өз елімнің патриотымын» атты ашық сабағына қатысты. – Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Білім мәдениеті баршамызға ортақ болуы тиіс. Егер бағалау жүйесінде білім басты байлық болса, онда ұлт жетістікке жетеді» деген еді. Бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асыру үшін білім мекемелері бұқараға қолжетімді, ашық болғаны жөн, – деді әкім. Биылғы оқу жылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаланың бес мектебінде туған өлкені тарих, география, мәдениет арқылы білудің өлкетану жөніндегі интеграцияланған курстарын ұйымдастыру жоспарланған. Кездесу барысында Бауыржан Байбек оқушыларға «Қазақстанның киелі географиясы» тарихи-мәдени мұра жобасы туралы айтып берді. Республикалық жобаға Алматыдан «Тәуелсіздік таңы», «Тәуелсіздік» монументтері, «Боралдай сақ қорғаны» археологиялық паркі, Свято-Вознесенский кафедралды соборы, Райымбек батыр кесенесі, Ахмет Байтұрсыновтың музей-үйі енген. Еске сала кетейік, биыл Елбасының жаңа Наурызбай ауданын құру туралы Жарлығына үш жыл толды. Осы кезең ішінде ауданда 188 км. жол жөнделді, 64 көппәтерлі үй жылу желісіне қосылды, аудан газбен 100 пайыз қамтылды. Ауданда 2 мектеп, 3 емхана, МЖС принципі бойынша 33 балабақша, 17 спорт, балалар алаңдары ашылды. Қарғалы өзенінің 7,7 км жағалауы нығайтылды, айналасы абаттандырылды, аудан тұрғындары үшін жаңа демалыс орны пайда болды. Бірнеше күн бұрын Наурызбай ауданының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы ашылды, мұнда аудандық әкімдік, сот, прокуратура, ХҚКО, АХАЖ, Қазпошта, банк, зейнетақы төлеу орталығы, кіріс, әділет басқармалары және басқалары орналасқан. Ал әкім Бауыржан Байбек ашылуына тікелей өзі қатысқан Наурызбай ауданы «Шұғыла» ықшам ауданындағы №174 жаңа қазақ-мектеп гимназиясында 1 314 оқушы білім алады. Жалпы, қазір Алматыда 230 мыңнан астам оқушы мектеп партасына отыр. qazaquni.kz