ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫНДАҒЫ КІСІЛІК ҚАСИЕТ ПЕН ІСКЕРЛІК ҚАБІЛЕТ МӘСЕЛЕЛЕРІ

ХХ ғасыр адам баласының молшылықта өмір сүріп, марқайуына үндеген шақыруларға, сондай-ақ осы шақырулар туындатқан революциялық дүмпулерге толы болды. Дей тұрғанмен, осы сілкіністердің нәтижесінде кейбір елдерде орныққан батыстық үлгідегі тәртіп, әр ұлттың өзіндік эволюциялық даму жолы болатындығын есепке алмай шалқақтап, жалпыға бірдей өмір сүру қалпын тудыруға тырысқан тоталитарлық құрылымдарды өмірге келтіртті. Сондай тоталитарлық жүйенің бірі – кеңес өкіметінің қол астында болған қазақ халқы да мәңгүрттеніп, маргиланудың сәл-ақ алдында тұрды. Сондықтан да болар өз егемендігімізге ие болысымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқын, әсіресе өсіп келе жатқан жеткіншек ұрпақты ұлт жандылыққа – Отанға, тіліміз бен мәдениетімізге сүйіспеншілік, бойымыздағы күш-қуат пен білімімізді Отан игілігі мен мүддесі үшін жұмсауға, туған жерімізді жан-тәнімізбен қорғауға шақырып келеді. Оның дәлелі ретінде Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың терең толғанысқа толы ой иірімдерінен туындаған әрі елді рухани жаңғыртудың жетекшілік ресми құжаты ретінде қабылданған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын мысалға алуға болады.

Бағдарламада әлемдік дамудың ХХ ғасырға тән әртүрлі үлгілерінің мән-мағыналары сараланып, алдағы өркендеу көкжиектеріне ой жүгіртіледі. Елді өндірістік тұрғыда қуаттандырудың және экономикалық тұрғыда өрлетудің жанды энергиясы ретінде ойлау амалдарын шыңдаумен қатар, сана-сезімділікті жаңғыртудың нақты қалыптары жан-жақты негізделіп, ұсынылады. Уақыт талабына сәйкес ұлттық келбетті тұлғаландырудың, ұлттық сана-сезімді жаңғыртудың қажеттілігі пысықталады. Айналып келгенде, мұның бәрі жинақтала келіп, ұлттық жаңғыруға ықпал етеді. Ұлттық сана-сезімді қазіргі уақытқа тән мазмұнмен толықтырып, құндылықтандыра түседі.

Демек, ұлтты жаңғырту дегеніміздің өзі ұлттық сана-сезімді кемелдендіруді білдіреді. Себебі «ұлттық сана-сезім» ұғымы белгілі бір ұлттың кез-келген мүшесінің «Мен, мысалы, қазақ ұлтының өкілімін» деп өзін-өзі сезініп, түйсінуі, өзінің қай ұлтқа жататындығын сезініп, ұғынғанда жүрегін мақтаныш сезімі тербеп масаттануы. Кез-келген белгілі бір ұлттық құрылымның өздерін – «бұл - біздерміз», ал «аналар - өзгелер» дегендей сезім-түйсіктермен өздерінің бірегейлігін, бір тектілігін мойындауы. Әрбір ұлттың өзін-өзі түйсініп, біз осы кімдерміз, қашан, қалай жаратылдық, діліміз, тіліміз, рухани құндылықтарымыз, мәдениетіміз қандай деген сұрақтарға жауап іздеуі, соларды, сондай-ақ ұлт тағдырын саралап, өз ұлтының келешегі өткен өмірінде

басынан өткеніне, жақсы-жамандығына, бүгінгісіне, ертеңі мен болашағына ой жүгіртіп, толғануы. Демек, ұлттық сана-сезім кез-келген ұлттың, немесе оның нақты өкілдерінің сыртқы, жалаң көріну белгілерінен емес, керісінше ұлттың, немесе оның нақты өкілдерінің тектілікті кісіліктерінен, ішкі рухани дүниелерінің байлығынан, мінез-құлқынан, іс-әрекеттерінен, біліктіліктері мен іскерліктерінен, жалпы дүниені, әсіресе өзі өмір сүріп отырған уақыттың тыныс-тіршілігін түйсіне білу қабілеттерінен, ойлау жүйелерінің практикалық тиімділігінен, т.с.с. көрінеді.

Ұлттық сана-сезім ұрпақтан-ұрпаққа өмір сүретін ортасының өнегелік, сондай-ақ тәрбиелік пәрменінің ықпалымен беріліп отыратын феномен.

Олай болса, Елбасы сілтемелеп көрсетіп бергендей етіп, ұлттық сана-сезімді өткен кезеңнің, яғни кеңестік биліктің қойыртпақ батпағынан тазартып заманауи ағымның құндылықтармен жарақтандыру ұлттық болмысты айшықтайтын мәнділігі жоғары тағылым.

Өйткені, кешегі өткен тоталитарлық жүйе халқымызды ұлттық мақтаныштарына айналған ұлттық рәміздік нышандарынан, салт-дәстүрінен, жөн-жоралғыларынан, архетипті мифтік қайнарларынан, шежіресінен, шешендік өнерінен, фольклорынан, дінінен, халықтық педагогикасының өнегелік, тәлім-тәрбиелік мәні өте озық үлгілік нұсқаларынан, т.с.с. басқада құндылықтық бастауларынан айырып, бұлардың бәрі ескіліктің қалдықтары, өткеннің рудименті деген сияқты желеулі дықпырттарды үйіп-төгіп, оларға қарсы ымырасыз күресті. Сөйтіп қолдарынан келгенше ұлттық сана-сезімдік иммунитетті әлсіретіп бақты. Ең сорақысы, олар ұлттық намысты барынша тұсаулауға тырысты. Большевиктік биліктің жандайшаптарынан қамыққан қазақтар ат тұяғын дүбірлетіп, әлемді сілкіндірген ата-тектерінің жасампаздық тарихымен мақтанудан қалды. Кешегі күні басынан сөз асырмайтын өр кеуде, орақ тілді қазақтардың бодандықтың тепкісінен намысы жаншылды, бойында жалтақтық, бұқпантайлық, жағымсыну, өткенге, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа жүрдім-бардым қараушылық, маргиналдық психология т.с.с. басқада жағымсыз қылықтар пайда болды. Себебі қазақтардың санасынан олардың арғы ата-бабаларының сонау бағзы заманнан бері қарайғы адамзаттың даму тарихында өзіндік жасампаздық ізі, сабақтастығы үзілмей жалғасып келе жатқан мемлекеттік құрылымдары болғандығы мүдем өшіріліп тасталған-ды.

Еуразиялық көшпелілер,-дейді М. Вебер – тарих катализаторлары қызметін атқарды, олардағы миграциялық үдерістер жаңа өркениеттердің қалыптасуының себепшісі болды /Үнді, Иран, Египет, Қытай/. Сонымен бірге Ұлы Жібек жолы және басқада мәдени-коммуникациялық жүйелер арқылы ілкі түрктекті жұрттар Батыс пен Шығыстың арасында дәнекерлік қызмет атқарды, олардың сұхбатына себепкер болды. Олардың ең арғы ата-бабалары ең алғашқылар болып жылқыны қолға үйретті. Доңғалақты арбаны құрастырды. Металл қорытты. Өркениеттің дамуына айтарлықтай үлес қосты.

Бұның бәрінің басын ашып айту, мақтан тұттыру кеңестік биліктің мүддесімен сәйкеспейтін. Сондықтан ұлттық болмыс суреттемелері күн тәртібінен мүлде жойылдырылды. Қазақ бұқты, кеудесінде бұрындары жалындаған оты шоққа айналып, не жанбады, не өшпеді, бықсыды. Өткенін ұмытып, өзгенің тарихын өзімдікі деп ұғынып, уақыт ағымының шалшығында малтыды, қайда бара жатқанын бағымдай алмай, шаптыққанына мәз болып әсіреңкі күй кешті. Дақпыртқа сеніп, даңғазаға еліктеді. Намыс оты осылайша өшірілді. Басқашалап айтқанда, қызылозбырлық қазақтардың ұлттық сана-сезімін түпкілікті жойып жібергенімен, өз уысынан шығармай, қылғындырып ұстайтын қылып қыл тұзақты қапысыз ширытып бақты. Оған мойын ұсынғысы келмегендердің мойындарын үзді.

Ұлттық сана-сезімді қамшылап, Елбасы анықтап бергендей, жасампаздыққа итермелейтін қасиеттердің бірі ғана емес, бірегейі-бұл ұлттық мінез-құлықтың өршілдігі. Демек, ұлттық ана-сезімнің көкжиегін кеңейтумен қатар, ұлттық мінез-құлықтың намысшыл өрлігін де үшкірлете түсу лазым. Жалпылама ұлттық сана-сезім мен ұлттық мінез-құлық бір-біріне етіне жақсы егіздің сыңарындай ұғымдар. Ұлттық сана-сезімнің бірқауым елді өзіне-өзін танытып белгілі бір этнос ретінде сезіндіретіндігі сияқты, ұлттық мінез-құлық та өзі мінездеуші ұлтты өмір сүру ортасына сәйкестендіріп бірегейлендіреді, өзгелерден өзгешелеп көрсетіп тұрады. Өйткені, кез-келген этнос өз бойына өзінің өмір сүру ортасына бейім келетін мінез-құлық стереотипін жинақтайды. Себебі өмір сүру қамы оны үнемі өзін қоршаған ортаға бейімделуге итермелеп отырады. Қазақ халқының ұлттық мінез-құлқы да жүздеген ғасырлардан бері қарай өмір сүріп келе жатқан кеңістігіне, шаруашылық жүргізу амалына байланысты қалыптасқан. Қазақ мінез-құлқы жайдары, даласындай кең, жомарт, мәрт, табиғатынан қарапайым, кек сақтамайтын, қолынан келгенінше жетім-жесірден, қайыр-садақа сұрағаннан, жоқтан ешнәрсе аямайтын шын пейілімен көмек көрсететін қолы ашық, мінезі ашық жан. Жақсыдан үйренген, жаманнан жиренген. Бойында тек жақсы қылықтар мен әдеттерді сақтаған, моралдық бейнесі, адамгершілік қадр-қасиеті, бітім-болмысы, түр-келбеті келітсі, сөзге шешен, үлкенді сыйлаған, кішіге ізет білдірген инабатты жан, кісі болған.

Міне осы кісілік қадір-қасиеттерге қоса, Елбасы анық етіп көрсетіп берген, заманауи талаптарға сай келетін алғырлық, іскерлік, үнемділік пен көрегендікті, кез-келген болымды іс-

әрекетті өз пайдасына жарата білетін прагматизмді, бәсекеге қабілеттілікті, дүниеге реалистік көзқарасты әрбір қазақстандықтың бойына сіңдіру олардың бәрінің де лайықты молшылықта өмірленулеріне септеседі. Нық адымдатып, болашақтарына сеніммен қаратады. Кешегі өткен кеңес билігі тұсында бойға кесел болып жабысқан бойкүйездіктен арылтады, намысшыл арлылықты асқақтата көтертіп, міндеттелген істі тап-тұйнақ еткізіп бітірттіреді.

Міне, сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамымыздың дамуына тың серпін, әрбір қазақстандықты алға, нұрлы болашаққа жетелей алатын рухани күшке айналып отыр.

Оразбек Нұсқабаев,

Социология ғылымдарыңың докторы, профессор

qazaquni.kz