ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ ЕЛДІГІМІЗДІ ШЫҢДАЙ ТҮСЕТІН ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЙДІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылғы 31-қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған кезекті жолдауына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты тақырыпты арқау етуі жәй емес. Өйткені, күннен күнге елеулі өзгеріске ұшырап, қарқынды дамып келе жатқан бүгінгі қоғамда бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, сөзсіз, жан-жақты жаңғыруға бет бұру керек. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қазақстан үшін басымдыққа ие мақсаттар мен міндеттерді алғаш рет қысқа мерзімге белгілеп, елімізді жаңғыртудың басты бес басымдығын айқындап берді. Олар – экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту; бизнес-ортаны түбегейлі жаңарту және кеңейту; макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету; адами капитал сапасын жақсарту; институционалдық өзгерістерге көшу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу. Сондай-ақ, Елбасымыз қазіргі таңда өзектілігімен ерекшеленетін осынау маңызды басымдықтарды жүзеге асыруға негізделген Үшінші жаңғырудың – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспарына емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына бастайтын сенімді көпірге айналу һәм Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізілу керектігіне де ерекше тоқталып өтті.

Жаңғырудың бірінші басымдығы ретінде экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруын қамтамасыз етуді ұсына келе, цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетумен қоса 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа перспективалы салаларды дамыту керектігін алға тартты. Тіпті, Үкіметке әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасына айналатын және «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында орналасатын ІТ-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырды. Әсіресе, жоғары оқу орындары, Назарбаев Университеті және «Алатау» инновациялық технологиялар паркі базасында өзіміздің ғылыми және инновациялық әлеуетімізді дамыту керектігіне басымдық бере отырып, білім мен ғылымды ұштастыруға айрықша көңіл бөлді.

Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру үшін автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу сынды Төртінші өнеркәсіптік революцияның элементтерін жаппай енгізудің дұрыстығын нақтылап, Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру қажеттігіне тоқталып, Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды құру мен құрылыс секторын одан әрі дамыту міндетін де алға қойды.

Әсіресе, адами капитал сапасын жақсарту үшін ең алдымен білім беру жүйесінің рөлін өзгертіп, оны экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруды мұрат етті. Осы мақсатта оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттауды, ІТ-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлуді, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайтуды міндеттеді. Үкіметке үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырып, қазақ тілінің басымдылығын сақтап, оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлуді және бүгінде жаңа технологияның, жаңа индустрияның, жаңа экономиканың тіліне баланған ағылшын тілінде оқытуға сатылап көшуді жүктеді. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу һәм экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар даярлауды қолға алу үшін «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасының іске асырыла бастағанын тілге тиек ете отырып, кәсіптік стандарттардың еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылу

керектігін ұсынды. Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесінің сапасына ерекше назар аударып, жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талапты күшейту керектігін алға тартты.

Ендеше, еліміздің әр азаматына жаңа жағдайдағы даму бағытымызды айқындап берген Елбасымыздың осы Жолдауындағы басымдықтарды бағыт алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ. Сонда ғана Елбасымыз айтқандай «Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдыра аламыз!».

Ж. Нұртай,

qazaquni.kz