ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАРҚЫЛЫ

Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Менің айтапағым Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы туралы болмақ. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр-намасы.

Елбасы елдің бүгіні мен болашағы туралы ой толқындарын – қуатты сезім ағысымен жүректен өткізе отырып толғана, тебірене сыр шерткенде, таңданыстан бас шайқамау қиын. Оның Отанға, елге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігі сүйсінтеді. Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу Елбасы мақаласының өн бойына алтын арқау болып өрілген. Тәуелсіздіктің нығаюы, дамыған елге айналуымыз үшін қазақстандықтар алға батыл қадам басып, жоғары технологияларды меңгеруі, озық стратегиялармен жарақтануы, халықаралық коммерциялық, һәм концептуалды жобаларды ілгерілетуі маңызды. Бұл – Қазақстан көшбасшысы айтқан «бәсекеге қабілеттіліктің» бір шарты. Тәуелсіздік ала отырып, Қазақ елі «күрес кеңістігіне» аяқ басты. Бодандықтағы ел бәріне мойынсынуы, көндігуі, ассимиляцияға ұшырап, жойылып кетуі мүмкін. Тәуелсіз елге ешқашан ертеңге енжарлық танытуға, саяси және экономикалық өмірге селқос қарауға болмайды. Оның үстіне мемлекеттілікке төнген жаһандық сын-қатерлер саны артқан сайын «күрес кеңістігі» де кеңеюде. Тәуелсіз мемлекеттер үш басты аждаһадай анталаған экстремизммен, сепаратизммен, терроризммен күресуге мәжбүр. Жас мемлекеттер тәуелсіз ел ретінде өмір сүруі үшін күресуге мәжбүр. Бұл күрестен мемлекет ешқайда қаша алмайды. Қашса, тек тарихтың қойнауына, тұңғиығына ғана жол тартады. Сондықтан Мемлекет басшысы жат идеологияларға ұлттық құндылықтарымыз бен отаншылдығымыз арқылы төтеп беретінімізді атап көрсетті. Елбасы мақаласының «Прагматизм» атты бөліміне назар аудартқым келеді. Батыста, ірі державаларда болып жатқан сайлау науқандары тіпті дамыған елдерде де жұртшылықтың бос демагогия мен популизмге қарсы иммунитетінің жоқтығын, өтірік – қаңбақ, шын – салмақ екенін түсіне бермейтінін паш етті. Әлемде шын жүйріктердің емес, «тіл жүйріктердің» заманы туған ба дерсіз. Бұл халықаралық қоғамдастық кезігіп отырған кезекті «сын-қатер» болса керек. «Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады» деген Н.Назарбаев алдағы онжылдықтардың ұранына «реализм мен прагматизмді» ұсынады.

«Жалғандық жарға жығады» дейді қазақ даналығы. Біз – бабалар батасы дарыған, ата аманатын аялаған елміз. Сондықтан Елбасы Тәуелсіздік жылдары қоғамды бос демагогия дертінен арылтуға күш салды. Оның орнына елді өркендетер түбегейлі жаңаруларға жұмылдырды. Білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке бағдарлады. Бұл – қалыпты өмірді қауіпті өмірге айналдырмаудың және нақты жаңғырудың қамы. Біз ұлтымыз бойындағы тек жақсы қасиеттерді дамытсақ, озық білім мен үздік жаңалықтарды дарытсақ, жымиып күліп, жылмаң сөйлеп, жыландай жылжыған жат идеологияларға лайықты тойтарыс берсек, жерұйықтай мемлекетке айналамыз.

Әсіресе, көптен күтіп жүрген латын қарпіне көшу, жазуымызды қалыптастыруға байланысты айтылған мәселесі орынды көтерілді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы 2012 жылы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген болатын. Сондықтан бұл мақаласында Үкіметке нақты тапсырма бере отырып, қай уақытта, қалай латын қарпіне өтетінімізді айтып отыр. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрі де латын әліпбиімен басылады деген сөз. Бұл қоғамдық ғылымдар үшін міндеттелетін үлкен шара болары анық. Әсіресе, Тіл білімі институтына үлкен жауапкершілік артып отыр. Елбасы биылғы жылдың соңына дейін қазақ

әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау жөнінде, 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілетіні айтылған. Әрине, бұған үлкен дайындық керек. Елбасы жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау екенін баса айтып, онсыз жаңғыру дегеніңіз – құр жаңғырық дегені орынды. Мақалада айтылған ойлардың тереңдігінен Елба-сының тарихты терең білетіндігі, сонау түркі халқының көне жазуынан бастап барлығын ой елегінен өткізе айтқанын байқау қиын емес. Расында, халқымыз небір аласапыран замандарда көп қиындық көрді. Араб жазуынан латынға, латыннан кириллицаға көшіп жүре тұра халқымыз білімге ұмтылысының арқасында ешбір халықтан қалыс қалған жоқ. Бұл біздің жоғары мәдениеттілігімізді аңғартса керек. Бүгін міне, тәуелсіз елде есімізді жинап, өз жазуымызды қалыптастыруымыздың сәті келген сияқты. Себебі, оң мен солы-мызды әбден танып, өткеннің кемшіліктері мен жетістіктерін бойымызға сіңіріп нақты шешім жасайтын дәуірге жеттік. Сондықтан бұл – Елбасының сарабдал саясатының аясында жасалған үлкен қадам.

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын биылғы Жолдауының заңды жалғасы іспетті. Елбасы еңбегінде елді рухани жаңғырту мәселелерін қозғайды. «Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыртуды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу… Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – дейді Елбасы. Шын мәнінде, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде, Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету деген сөз. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, мына өзгермелі дүниеде сол құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру деген сөз. Елбасы рухани жаңғыруымыздың басты құндылығы ретінде бәсекеге қабілеттілікті ұсынады. Бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алатынына ұлт Көшбасшысы ерекше назар аударып отырғаны бекер емес. Өйткені әлемдік бәсекеге қабілеттілік ұлтымыздың экономикада ғана емес, рухани әлемде де озық болуын қажет етері сөзсіз. Рухани жаңғыру ұлттық кодты сақтаумен бірге ұлттық бірегейлікті сақтауды да талап етеді. Елбасы айтқандай, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, жалпы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Әрине, ұлттық құндылықтардың бәрі жас ұрпаққа отбасынан, балабақшадан, мектептен берілері анық. Жоғары оқу орындарында ол одан әрі тереңдетілуі тиіс. Сондықтан ата-ана да, орта мектеп пен жоғары оқу орындарының ұстаздары да ұлттық тәрбиені бірінші кезекке қойғаны абзал. Мысалы, біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 2009 жылдан бері «Ұлттық тәрбие», «Абайтану» пәндері оқытылып келе жатқаны осы ұлтжанды азаматтарды қалыптастыру мақсатынан туындағаны сөзсіз. Қазір бұл бастамамыз елімізде кеңінен қолдау тауып, жоғары оқу орындарында ұлттық тәрбиені оқытуға ерекше ден қойылуда. Абай мұралары да ұлттық құндылықтарға толы. Оның ішінде халықтың би-шешендерінің, ақындарының, күйшілерінің мұралары рухани байлығымыздың қайнар көзі. Біз оларды мектепте де, жоғары оқу орындарында да мына өзгермелі заманға лайықтап оқытып, ұрпақ игілігіне айналдыруымыз керек. Білім беру саласы да үнемі ұлттық сипатпен байытылып отырса, нұр үстіне нұр.

Б. ҚУАТБЕКОВ,

qazaquni.kz