Тәртіп бұзған кәсіпкерлер айыппұл төлейді

Алкогольді өнімдер өткізу талаптарын бұзғаны үшін Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік соты салған айыппұлдың жалпы мөлшері 2 млн. 349,302 мың теңгені құрады. Облыстық сот баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңы 9-бабына сәйкес мейрамхана, бар, кафелерден басқа жерлерде сағат түнгі 23.00-ден келесі күнгі 08.00-ге дейін алкоголь өнімін сатуға тыйым салынғаны белгілі. Осы заңдылықты бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 200-бабы 3-бөлігіне сәйкес биыл 26 кәсіпкер жауапқа тартылды. Кәсіпкерлік нысандарының санаттарына байланысты оларға 22 690 теңгеден 181 520 теңгеге дейін айыппұл салынды. Қазіргі таңда соның 992 440 теңгесі ғана ерікті түрде төленген. Қалғаны мемлекет пайдасына мәжбүрлі түрде өндірілуде. qazaquni.kz