Ұлттық академиялық кітапханада "Рухани жаңғыру" залы ашылды

1 желтоқсан Тұңғыш Президент күніне және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында оқырмандар үшін жаңа «Рухани жаңғыру» залы ашылды.

Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.

Жаңа залдағы кітаптың қоры 3000-нан асады. Аталмыш зал еліміздің белгілі қоғам қайраткері, журналист және саясаттанушы Қуаныш Сұлтанұлының кітап қорымен толықты. Олардың арасында "Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы", "Президенттің бір жылы", "Елбасы таңдамалы сөздерінің көптомдығы", Н.Назарбаевтың "Елмен сырласу", «Қазақтың Шерағасы», «Властилитель Азии» атты кітаптар, сондай-ақ, автордың "Қазақтың жаңа дәуірі", "Мүдделер тоғысы", "Елбасы және қазақ мемлекеттілігі", және т.б. кітаптары бар.

Залдың ашылу салтанатына белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов секілді зиялы қауым өкілдері қатысты.

Айта кетейік, 2017 жылдың сәуір айында елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аттты бағдарламалық мақаласы қолға алынған болатын. Мамандар мақаланы маңызды саяси-идеологиялық құжат екенін айтады. Себебі бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы туралы айтылған.

Мемлекетіміздің ең басты мақсаты — елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу екені белгілі. Осыған орай заманға сәйкес рухани жаңғыру мәселесін насихаттау мақсатында жаңа зал оқырмандарға жол тартты.