Қырғыз билігі бас тартқан 100 миллионның қайда жұмсалатыны анықталды

Көмектен бас тартқанын құжатпен растады. Еліміздің 100 миллион доллар көлеміндегі қаржылай көмегін қажет қылмаған Қырғызстан Астанаға ресми хат жолдады,-деп жазды КТК арнасы.

Онда қырғыздардың ақшадан бас тартқаны жазылған. Негізі 34 миллиард теңге айырқалпақты ағайынның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуына техникалық жәрдем ретінде берілуі тиіс еді. Тіпті, оның алғашқы траншын осы қарашада аудару жоспарланған.

Алайда өткен айда Қырғызстан Жоғарғы кеңесі екі елдің үкіметаралық келісімнің күшін біржақты жойғандығын мәлімдеп, ақшадан бас тартқан. Енді Үкімет қырғыздарға керек болмаған 100 миллион долларды мемлекеттік бағдарламаларға жұмсамақшы.