Назарбаев: Алаш идеясы – ата-бабаның дербес ел болу жолындағы аманатымен ұштасты

Картинки по запросу назарбаев

Астанадағы ЭКСПО Конгресс орталығында Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Халықаралық деңгейдегі жиынға еліміздегі белді алаштанушылар, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Түркия, Ресей, Әзербайжан елдерінен ғалымдар қатысуда.

Жиын барысында Гүлшара Әбдіқалықова қатысушыларға Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Алашорданың құрылғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-конференциясы қатысушыларына!

"Баршаңызды конференция жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Алаш қозғалысының 20 ғасырдың басындағы қазақ қауымының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлігін сақтап қалу жолындағы күресі елге қызмет етудің жарқын көріністерінің бірі болып табылады. Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Еліміз егемендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесін теңестіріп отыр. Мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаламда тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төл тума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеттім. Біздің қоғамдық сананы қазіргі заманның талабына сай жаңғырту арқылы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Мемлекетіміздің экономикалық әлеуеті арқылы халқымыздың бай тарихи әрі рухани мұрасын дәріптеуге де зор мүмкіндік жасала бермек. Бүгінгі келелі жиында айтылатын тарихымыз бен бүгінгі тәуелсіз ел тарихының өмірі мен сабақтастығын ашып көрсететін дәйекті пікірлер, ғылыми ізденістердің нәтижелері жария етіледі деп кәміл сенемін. Конференцияның жұмысына табыс тілеймін", - деп Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының құтықтау хатын аяқтады.

Конференцияның Пленарлық мәжілісі ХХ ғасыр басындағы әлемді сілкіндірген оқиғалар аясындағы Алаш қозғалысының қызметін ашып көрсеткен секциялық бас қосуларға ұласпақ. Жиын соңында ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар Алаш арыстарын ұлықтау, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеп, жас ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеу ісін Алаш мұраттарымен сабақтастыру мәселелері көрініс тапқан қарар қабылдау жоспарланып отыр.