ОҚУЛЫҚТАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР

ОҚУЛЫҚТАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР

Бүгінгі оқулық. Бұл тақырыпта ой қозғау ойымызда болмаған, алайда қоғамда орын алып жатқан жайтты ой елегінен өткізуді жөн санадық. Төртінші билік те тыныш жатпайды екен дерсіз. Мақаламыздың мұрны пұшық болмауы үшін білім жүйесін жіті бақыладық. Сөзіміз дәйекті болсын деп таңмен таласып М. Жұмабаев атындағы №19 мектептің алдына келдік. Күнделікті күйбең тіршілік. Ата-ананың жұмысқа дейін тындырып үлгеретін тағы бір шаруасы бар. Ол – баланы мектепке апару. Соның бәріне үлгеру үшін аптығады. Кептеліске түспеудің жолын ойлайды.  

     Сағат тілі 8-ге тақалғанда, кешікпеудің қамына кіріскен оқушылар орта жолда сүрінгендеріне қарамай, ішке ентелеп кіріп жатыр. Омыртқасы қатаймаған бүлдіршіндердің жүрісі бізге ауыр көрінді. Бірі өз алдына жеке келсе, бірін ата-анасы жетектеп әкеледі. Лаура Сағынтаева – сондай аналардың бірі. Үш жылдан бері қызының сөмкесін тасиды. Кейде 5 келіге жетіп жығылатын дорбаны көтеруден өзінің де қолы талатын көрінеді. Біздің кім екенімізді білген соң, ішкі жанайқайын жеткізді. – Әр күнде салмағы әртүрлі. Мысалы, бүгін денешынықтыру болады. Оған қосымша форма әкелеміз. Ауыстыратын аяқкиімі бар. Оның бәрі баланың арқасына батады. Ұлымның сабаққа баруға зауқы жоқ. Әкесі екеумізден қаймыққанынан келіседі. Ойын баласын сонша қинауға бола ма? Бағдарламалары да өте күрделі, адам ұғып болмайды. Бұл бір ғана Лаураның  басындағы жағдай емес. Баламның арқасы жауыр болады деп жаны қиналған жұрттың саны қаншама?! Ойлап қараңыз, бүгінгі оқу бағдарламасы бойынша күніне кем дегенде 6-7 сабақ болады. Әр пәнге қосымша оқу дәптерлері бар. Оған қоса баланың пайдаланатын оқу құралдары қаншама?! Көтере келетін тәтті тағамдары тағы бар. Осының бәрін қосып есептесеңіз, 5 келіден асып жығылады. Иә, бес жастан жаңа асқан, белі қатаймаған баланың ауыр затты көтеріп жүруі оңай емес. Әрі денсаулығына зиян. Деректерге сүйенсек, сөмке салмағының жеке стандарты бар көрінеді. Мәселен, Португалия ғылыми-медицина орталығының мамандары мектеп сөмкесінің жалпы мөлшері бала салмағының 10 пайызын құрауы керек деп дабыл қағуда. Себебі, ұрпақтың ергежейлі болуына алып келуі ықтимал. Әрі ата-аналарды әбігерге түсірмейді. Қазір қай мемлекеттің болмасын, берік қамалы қарумен емес, біліммен қаланады. Ал, білімнің көкжиегін кеңейту үшін бірізділік керек. «Тірі жанға тыным жоқ, қызыл тілде буын жоқ». Бүгінде осындай мақал-мәтел мен қағытпа сөздер білім саласымен тіркесіп айтылатындай. Өкінішті-ақ, білім жүйесіне енгізілген реформаның репеті ретке келмей тұр. Елбасы бір сөзінде: «Мінберде отырған соң мойныңа артылар жүкті көтере білу керек. Ақылмен келіңіздер. Елмен кеңесіңіздер. Келісіп пішкен тон келте болмайды», – деген болатын. Қоғамның ішінде жүрген соң көз көрмей, құлақ естімей қоймайды. Есептесек, еліміздің Білім және ғылым министрлігін басқарған басшылар ұзаса 2 жыл ғана отырған. Есесіне, бұл салаға жасалған реформа министрлердің санынан да көп. Әр министр білім саласына алқын-жұлқын өз жаңалығымен келеді. Соның бірі  «Әліппе» мен «Сауат ашудың» таласы. Бұл дауды айта-айта халықтың жағы талды. Одан кейін «Драма», «Әдебиеттік оқу», «Менің қазақ тілім» сияқты оқулықтар мен оқу құралдардың шыққанын көріп жаға ұстадық. Бүгінде көптеген ата-ана мектеп оқулықтарының қателіктерін айтып шағымдануда. Бұл наразылық ҰБТ кезінде тіпті өрши түседі. Оқулықтарда кетіп жатқан орфо-         графиялық, пунктуациялық қателерді айтпағанда, хронологиялық қателер өз алдына өріп жүр. Көбінесе шағым қазақ тілді оқулықтарға түсіп жататыны да жасырын емес. Оқулықтың сапасы талапқа сай екендігіне күмән келтірушілердің қарасы күннен-күнге көбейіп келеді. Расымен де, қателіктер мен кемшіліктерге ішің ашиды. Кейде, түкке тұрғысыз дүниелермен балалардың басын қатырып қойғанына қынжыласың. Әр жерде керек те, керек емес те мағлұматтар, ақпараттар сапырылысып жүр. Білікті, білімді, електен өткізе алатын ұстаз ғана оның ақ-қарасын айырып, оқушыға ұсына алады. Әйтпесе сол қойыртпақ дүниелерді шикі күйінде бала қабылдай береді. Тізбектеп айтар болсақ, алдымен оқулықтарда балалардың жас ерекшелігі мүлде ескерілмейді. Бәленің бәрі осы жерден басталады. Бастауыш сынып оқулықтарында күрделі тапсырмалар жетерлік. Әлеуметтік желіде ата-аналар жаңа реформаға жаппай қарсылық білдіруде. Ең үлкен машақат, оқулықтардағы жүйесіздік. 2-сынып оқушысына 7-сыныптың деңгейіндегі тапсырмалар берілетініне наразы. Бұны 4-сыныпта оқитын қарындасымның үй тапсырмасына көмектесіп отырғанда байқадым. «Әдебиеттік оқу» оқулығының 43-бетінде «омоним», «логогриф», «шарада», «метаграммада» сынды терминдер топтастырылған. Осы терминдерге берілген анықтаманы түсіне отырып мысал-өлеңдер құрау қажет. Аты атауға қиын терминдерді түстеп ажырата алмайсың. Логогрифтің мысалы: Арифметиканы ашқанда, Көп жолдардан күт мені. «О» дыбысын қосқанда, Географиялық нүктемін.  Осы өлең жолдарының алдыңғы екі шумағында «плюс» деген сөз шығады. Оған «о» дауысты дыбысын қоссаңыз «полюс» деген жаңа сөзді табасыз. Қазақша оқулықта «плюс» деген сөздің орнына «қосу» деген сөз қолданылуы керек. Мұнда оқушыны жаңылдырып тұр. Яғни, бұл кітаптың ішіндегі сұрақтар әлі оң менен солын ажырата алмайтын баланың ойын ойран етеді. Бірінші сыныптың математикасындағы «Кеңістік фигуралары» деген тақырыптың ішінде берілген тапсырмаларды інім тұрмақ, өзім әрең дегенде түсіндім. Ал диаграмма және пиктограмма құру үйдегі ата-аналардың шашын ағартатыны анық. Сондай-ақ, алғашқы адамдардың қалыптасу тарихы жайлы мәліметтер әлі шикі. Онда ежелгі тайпалардың істеген ерліктеріне қысқаша тоқталады. «Сақ ханшайымы туралы сұрақ  дайында. Оларды досыңа қой» деген тапсырма да бар. Ойлап қараңыз, бұл сұрақ негізсіз қойылған. Себебі, оқулықта берілген ақпарат өте аз. Оның үстіне қосымша ізденуді қажет етеді. Әріпті жаңа таныған бүлдіршін көлемді мағлұматты қабылдай алмайды. Ақпараттардың шамадан тыс көптігі баланың оқуға деген ынтасын тұмшалап, миын ашытады. «Сауат ашу» оқулығының 32-бетінде берілген жаттығуда ұйқасын табуды тапсырады. Өлең жолдарына үңілсек:  Жұп-жұмыр жоны бар, Инеден тоны бар. Түйрегіш, түрпі... Бұл не? Бұл тапсырманы балаларды ақындыққа тәрбиелеудің алғышарты санадық. Десе де оқулықтағы әріптер тізбегі 35-беттен басталады. Әріпті танымай жатып, оқушылар өлеңді қалай құрастырады. Бірде ағамның үйіне қонаққа барған болатынмын. 5-сыныпта оқитын қызы биыл жарыққа шыққан «Дүниетану» оқулығын ақтарып отыр. Үстел басына жайғаса бергенде: «Әке, біз осы Құдайдан жаратылдық па, әлде маймылдан ба?» – демесі бар ма? Адамның қалыптасу кезеңіне қатысты «маймыл дауы» да әлі бір ізге түскен жоқ. Осындайда Бауыржан Момышұлы атамыздың «Дарвин маймылдан жаратылса, жаратылған шығар, мен қасқырдан тарағанмын», – деген сөзі еріксіз ойға оралады. Тағы бір жиі кездесетін жайт, оқулықтардың орыс тілінен тікелей аударылуына байланысты. Аударылған сөйлемдер күрделі болып келеді немесе мағынасы жағынан дұрыс аударылмайды. Аудару кезінде терминдерде де бірізділік сақталмайды. Сондай-ақ, соңғы жиырма жылда мектеп оқушылары әртүрлі баспа мен түрлі авторлар жазған оқулықтарды пайдаланып келеді. Бұл жөнінде Білім министрлігінде қызмет атқарған, бүгінде өз саласының үздігіне айналған Ерсайын Ерқожа бір сұхбатында айтқан болатын.  Абай атамыз: «Қайнайды қаның, ашиды жаның мінездерін көргенде» дегендей, дәл солай, әр кеткен қателікке, әр жасалып жатқан керексіз тек зиянды реформаларға қарап отырып жаным ауырады. Қателік деп отырғаным, ол сонау 1997 жылдан басталған жағдай. Әдетте 3 жыл бойына сынақтан өткізіліп, әбден талданатын оқулықтар «Жаңа Қазақстан» деген ұранмен жаңадан 3 айдың ішінде шығарылды. Дұрыс-ақ, тәуелсіз мемлекеттің өз оқулығы болғанын қуана қабылдаймыз, бірақ 3 айда мәнді, маңызды, дұрыс оқулық шығады дегенге сенесіз бе?  Негізгі қателік 4 мәселеге байланысты болып тұр: біріншіден, оқу жоспарының оқу бағдарламасына сай еместігінде. Екіншіден, оқу бағдарламасы ғылыми дәлелденбеген, оқушының сабақты толық меңгере алмау түйткілі осы жерде жатыр. Бұл – мемлекеттік стандарт толық анықталмаған деген сөз. Үшіншіден оқу жоспары талданбаған, яғни, 11 жылдық мектептің оқу жоспары әр пәнге жоспарланбаған, оған бас қатырып отырған ешкім жоқ. Төртіншіден, оқулық шығаратын авторлар ұжымының құрамы дұрыс емес, – деп ашынып айтқан болатын. Ол әлі күнге әліппені алып тастағандармен айқасып келеді. Елімізде мектеп оқулықтарын шығаратын оннан астам баспахана жұмыс істейді. Оқулық оқушының алдына жайдан-жай топ ете қалмайтыны түсінікті. Шәкіртке жеткенге дейін сараптаманың сан түрлі кезеңінен өтеді. Әзірленген оқулық макетін әуелі баспалардың өз ішінен құрылған арнайы топ тексереді. Ондағы мамандар кітаптың оқу бағдарламасына сәйкестігін реттеп, ішкі-сыртқы безендірілуін талдайды. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін қадағалайды. Осы сынақтан өткен соң ғана Білім және ғылым министрлігіне ұсынылады. Олар арнайы комиссия құрып, оқулықтарды сүзгіден өткізеді. Мемлекеттік сараптамадан оң баға алған оқулықтар одан соң республикалық комиссияның қарауына ұсынылады. «Тар жол, тайғақ кешуден» өткен оқулық осыдан кейін ғана оқушымен қауышады. Бұл жерде тағы бір түйткілдің кесе-көлденең шығатынын айта кетейік. Әлгінде 10 баспа бар екенін мақтанышпен айтқанбыз. Сөйте тұра кітаптардың көбісі Қытай мен Түркияда басылады деген дерек бар. Өйткені, бағасы арзан, қалтадан көп қаражат кетпейді. Ал оқу бағдарламасын құрастыратын отандық ғалымдар. Әр төрт жыл сайын оқу құралдарын  түгелімен  жаңартып отырғанымыздың өзі бұл мәселені шешуге септігін тигізбеуде. Қит етсе өздерімізді өзгелермен салыстыру әлдеқашан әдетке айналды. Оңтүстік Корея, Индонезия, Жапония, Сингапур, Азияның алпауыт мемлекеттері білім саласында көш бастап тұр. Бірақ олардың ешқайсысы да жиі-жиі реформа қабылдамаған. Қалыптасқан жүйе бойынша үздік үлгілеріне үңілсек,  бұл елдерде балаларды білім деңгейіне қарай бөліп оқытады. Батыста бастауыш сыныпқа білім берудің айырмашылығы едәуір. Онда оқушыға еркіндік берілген. Тарыдай болып кірген шәкіртті тапсырмамен тықсыртпайды. Дәрісті ойын ретінде өткізіп, баланың қызығушылығын байқайды. Содан кейін барып мұғалімдер өз әдістерімен оқытады. Жақында Еуразия Ұлттық университетінің базасында пәндік комиссиялар үлкен жиын өткізген-ді. Нәтижесінде, екінші сыныпқа арналған бірыңғай базалық оқулықтар, бесінші және жетінші сыныптарға арналған баламалы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту деңгейіне, арнайы мектептерге арналған оқу басылымдары іріктеліп алынды. Бұл білім берудегі өзгерістерге сай 2, 5, 7-сынып оқушылары жаңа кітап бойынша оқиды деген сөз. Оқып жатыр да. Оқулықты әзірлеуші мамандардың бұл мәселеде өз пайымы бар. Жаңа мазмұн оқушының  өрісін кеңейтуге мүмкіндік беретін көрінеді. Айтқан сөздеріне сенсек, қазіргі пәндер теория мен тәжірибені бір шылбырмен тізгіндеген. Оқушыларға қандай ресурстар қажет екендігі, қандай жұмыс түрін орындауға болатындығы иллюстрация түрінде беріліп отыр.

ТҮЙІН: Оқулықтағы олқылықтар жайы бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Жанға батса да жазыла-жазыла жауырға айналды. Осы мақаламызда оқулық жайын, күнделікті кезігіп жүрген келеңсіздіктерді көпшілікпен кеңесе отырып талқыладық. Оқытушыны білгенінен жаңылдырған оқулықтардан бала тұрмақ ұстаздардың өзі зәрезап болады. Бұл үшін тек авторды немесе баспаны кінәлаудан аулақпыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме? Мұндай күрделі де маңызды мәселелерді шешу жолында біріксек, алынбайтын қамал жоқтығы аян. Біздің мақсатымыз – болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына кішкене болса да үлес қосу, тәй-тәй басқан бүлдіршіннің тағдырына алаңдау. Тегінде тәуелсіз елдің тұтқасы солар емес пе?! 

Мұхтар КҮМІСБЕК,

"Жетісу" газеті