КИЕ ҚОНҒАН ҚҰТ МЕКЕН

Картинки по запросу талғар ауданы

Облыстық мәдени мұраларды қорғау орталығының ұйымдастыруымен жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар, облыстық комиссия мүшелерінен құралған топ Жамбыл, Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында болып, бірқатар киелі жерді анықтап қайтты.


     Экспедиция ең әуелі ел арасына шығып, киелі жерлерді анықтап, аңыздарды жинауды мақсат етті. Сол игі шара абыз Жамбыл атамыз атындағы өңірден басталды. Олар алдымен Алматы қаласынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан Жамбыл ауданының Бесмойнақ ауылына қарасты  бүгінгі жұрт «Арасан – Қорасан» атап кеткен киелі жерге ат басын бұрды. «Бірақ бұл жердің тарихи атауы бұл емес», ­ дейді жергілікті өлкетанушылар Әліби Жангелдин атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімдері Жанұзақ Нұқанов пен Халида Исқақова.
     Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіне шейін» кітабында «Киелі арасан» делінсе, Қазақ-Совет энциклопедиясында «Жаманты минералды бұлақтары» деп жазылған. Осылай атау жөн сияқты. Өйткені, арасанның іргесінде Жаманты өзені ағып жатыр. Жаманты туралы тарихи кітаптардан көп оқығанмын. Оның үстіне «Осы өңірді мекендейтін шапырашты, дулат руларында Арасан, Қорасан деген ата болмаған», – дейді ауылдың шежіреші қариялары. Демек, бұл жерді жергілікті, тіпті республикалық киелі жерлер тізіміне қосуға әбден болады. Расында, арасанды киелі жер десе дегендей. Бұл маңның табиғатының көркемдігін айтпағанның өзінде тауды тесіп ағып шыққан үш бұлақтың суы өзенге қосылмай жерге сіңіп кетіп жатыр. Әр бұлақтың өзінің емдік қасиеті бар. Бірі асқазан ауруына, енді бірі бүйрек қызметін жақсартуға, енді бірі басқа ауруларға шипа болады. Әр бұлақтың суының суық-жылылығы, дәмі әртүрлі. Тек осы бұлақ сулары туралы әлі күнге бірде-бір ғылыми зерттеу жүргізілмегені қынжылтады.
     Арасанның жанындағы тау көшкінінен пайда болған үңгірдің өзі талай құпияны бауырына басып жатқандай. Жерден 70 метр биікке дейін созылған үңгір шапқыншылық жылдары талай отбасын жаудың қанды қылышынан аман алып қалса, қаншама балғын махаббатты үкілегенін санап бере алмаймыз. Ең бастысы, бұл үңгірге біз сияқты қалалықтар емес, жүрегі мықты жігіттер ғана кіре алады екен. Біздің батылымыз жартысына дейін баруға жетті. Арасаннан 500 метр жердегі тас қора мен жартастардағы белгілер тас, қола дәуіріндегі адамдар тіршілігінен сыр шертіп тұр. Қысқасы, беті ашылмаған тұнып тұрған тарихи белгілер. Бір қызығы, қазақ даласының қасиетті орындарына баратын жолдың қиындығы шаршатып тастайды. Кейде осының өзі дұрыс болған шығар деп ойлайсың. Өйткені, сұғанақ қолдар мен арам пиғылдар бізге жеткізбей таптап тастар ма еді? Енді осы жерлерді адамзаттың ортақ игілігіне жарату біздің мойнымызға жүктелген сияқты.
     Жамбыл жыраудан бастап бүкіл қазақ айтыскерлерінің ұлы ұстазы болған Сүйінбай Аронұлы бабамыздың мәңгілік мекен еткен жеріне барып қайту кім-кімнің де арманы. Бүгінде бабамыздың кесенесі қайта жаңартылыпты, заманауи құрылыс өнерімен әшекейленген кесене кірген жанға рухани жылылық береді. Ал кесененің маңындағы көне бейіттің айналасы толық қоршалып, абаттандырылыпты. Қысқасы, бұл нысан да  адам аяғы үзілмейтін киелі жердің бірі. Тағы бір айта кетерлігі,  Сүйінбай бабаның кесенесіне тәу етіп келгендер сол ауылдағы Сүйінбай Аронұлы атындағы өлкетану музейіне соқпай кетпейді. Онда ақын бабамыздың өмірі мен өнерінен, осы өлкенің тарихынан сыр шертетін жәдігерлер жинақталған. Біздің экспедиция музейге құралақан келмепті. Экспедиция мүшесі Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас Фатима мен Ілияс бірлесіп жазып, 1935 жылы «Көркем әдебиет баспасында» латын графикасымен бастырған «Сүйінбай ақын» кітабының бірнеше бетінің көшірмесін музей қызметкерлеріне табыстады.
     Келесі тоқтаған нысанымыз Түктібай әулиенің зираты болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын өңірден шыққан елжанды кәсіпкерлер біраз аумақты алып жатқан зираттың төбесін шыныдан күн формалы етіп жауып, айналасын қобыздың шанағы сияқты цемент қадалармен бекіткен екен. Осыған дейін Түктібай әулие қобызын ат бәйгесіне қосып, бас бәйгені жеңіп алғаны туралы аңызды көп естісек те киелі қобызды көрмеген едік. 300 жыл сақталып, бүгінге аман-есен жеткен қасиетті қобызды біз де ұстап көрдік.
     Әулиенің мазарына барғанда күн кешкіріп кетіп еді. Сонда да бұл жерге ағылған адамдардың қатары көп екенін көрдік. Әулиенің шөбересі Нұрым Алжанов жыл бойы, күндіз-түні демей келіп, емге шипа сұрап жататындардың көптігін әңгімелеп берді. Оның аузынан әулиеге қатысты  біраз аңызды жазып алдық.
     Осы жолы Қаскелең қаласындағы Қарасай аудандық өлкетану музейі мен Елбасының ата-анасы мен бауырлары жерленген жерге барып Құран оқып, тілек тілеп қайттық. Тағы бір айта кетерлігі, Қарасай ауданында өлкеміздің баспасөзіне барынша еңбек еткен, талай талантты жанның бағын ашқан қарт журналист Үсенбай Тастанбеков атамызбен кездесіп, ойында жүрген, әлі ешкімге айта қоймаған жер атауына байланысты әңгімелерін жазып алуға мүмкіндік туды. Атамыз Қаскелеңнің бұрынғы атауын және екі нарға қатысты аңыздар мен Кебеже сайына қатысты тарихи оқиғалардың біразын тарқатып айтып берді. Өкінішке қарай, көлігіміз таулы жермен жүре алмағандықтан ол жерлерді көру нәсіп болмады.
     Алтын адамның мекені саналатын Еңбекшіқазақ ауданын қазақтың ерте дәуір тарихының кішігірім картасы деуге болады. Өйткені, мұнда ел қызығатын тарихи орындар мен жұрт ағылып жататын киелі жерлер жеткілікті. Сол жерлерден табылған жәдігерлер Есік археологиялық музейінде сақтаулы тұр. Әрине, Есікке келген қонақтар алдымен осы музейді аралап, ел мен жердің тарихынан хабардар болған соң Алатауды бөктерлеп, киелі мекендерге жол алады. Біз де музейді аралап шыққан соң Есік қаласының желкесіндегі Жасыл көлді көріп қайтсақ дедік. Бұл ниетімізді құп көрген Еңбекшіқазақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Нұргүл қарындасымыз бұл көлдің жылдың төрт маусымында төрт түрлі түске өзгеретінін әңгімелеп берді. Ол жайлы елге жетпеген аңыз да бар екен. Сондықтан олар бұл көлді киелі жерлер тізіміне енгізуді жөн көріпті. Ал Түрген шатқалындағы қасиетті бұлақ туралы көп естісек те осы жолы көруге мүмкіндік болды. Тау қойнауынан сылдырап ағып шыққан бұлақтың маңына жергілікті халық түрлі аң-құстың мүсінін орнатып, тал егіп, ырымдап шүберек байлайды екен. Оның жанындағы Алтын адамның алып мүсіні мен тастан қаланған жер және киіз үйлер елді еріксіз қызықтырады.
     Бұл ауданда қасиетті бабалардың ескерткіштері мен кесенесі көп. Ал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бұл қатарға Қараша хан және Дәулетбай батырға арнап тұрғызылған кесенелер мен ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы музейді енгізіп отыр. Музейдің алғашқы және екінші көрме залы шебердің шынашақтай шағынан бастап ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген кезіне дейінгі өмір тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен жасанған. Ұста-зергердің фотосуреттері, отбасы, ұстаған бұйымдары, өлең-жырлары, алғаш қолынан шыққан туындылары сақталған. Ал одан кейінгі көрме залынан түрлі музыка аспаптары мен көздің жауын алар зергерлік бұйымдар орын тепкен. Бұл бөлімде мұражай меймандарының көзіне жылыұшырап, ерекше көз тартатын бір өнер туындысы бар. Бұдан кейінгі залда саят пен серуенді ұнататын қазақ үшін қажетті қару-жарақ, түрлі ат әбзелдері, сондай-ақ ұстаның құрал-саймандары орналасқан. Бұл жерден қақпанның да сан түрін кезіктіруге болады. Қақпанмен қатар күрзі тасты, ағаш пен темір шәңгектерді, қазықты да байқай аласыз. Құсбегі мен оның қыранына қажетті заттарды «Саятшының саймандары» деген жерде тұғыр, балақбау, саптыаяқ, томаға, балдақтан көресіз. Олармен таныса жүріп түрлі этноатауларға да қанық боласыз.
     Шәкірттері демекші, шебер елін тек өз өнерімен ғана емес, шәкірт тәрбиелей білуімен де тәнті еткен. Бүгінде есімдері ел аузына ілігіп, біраз танылған шеберлер Дәркембайдың алдын көріп, тәлімін алғандар. Дәулетбай батыр мен Қараша ханға қойылған кесене жайлы да экспедиция мүшелері екінің бірінің қолына түсе бермейтін тарихи шындық пен аңыз-әңгімені жазып қайтты.
     Қысқасы, бір аптаға жалғасқан жұмыс барысында өлкенің бай мәдениеті мен киелі жерлерінің қасиетіне қаныққан топ облыс орталығына үлкен олжамен оралды. Осы жолы жазып алынған аңыз-әңгімелердің өлкеміздің тарихын тануға септігі тимек.
Қажет АНДАС,
"Жетісу" газеті