Ақын Жарылқасын БОРАНБАЙ: «Қазақ-наме» менiң мойнымда!

Картинки по запросу поэзия

Өлеңi өзi өмiрден кеткен соң iзделген ақын ғана нағыз ақын!

— Сiз әуелi ақын ретiнде танылдыңыз. Кейiн оған тарихшылығыңыз қосылды. Екеуiн де ұстаздық қызметпен қатар алып жүрдiңiз. Журналистiгiңiз тағы бар. Аудандық газеттi басқардыңыз. Сұхбатымызда сiздiң осы төрт қырыңыз жайлы сөз қозғауға тырыссақ. «Ақындық — мiнез, жазушылық — төзiм» деген қанатты сөз бар. Ақын болуыңызға мiнезiңiздiң қаншалықты әсерi болды?

— Мен 10-сыныпта жүргенде досым Мақат Ақатаев екеумiз «Оңтүстiк Қазақстан» газетiне келiп, Қайролла Бапаев деген кiсiге жазған өлеңдерiмiздi көрсеттiк. Жазбаларымды оқып болған соң Қайрекең маған қарап: «Жарылқасын балам, өлең жазбасаң өлесiң деген адам бар ма саған?» дедi. Мақаттың өлеңдерiн мақтады. Бiрақ, неге екенiн қайдам далаға шыққан соң Мақат досым: «пәдерiне нәлет, ақын болмай-ақ қойдым!» деп дәптерiн ортасынан қақ бөлдi де қоқыс жәшiкке тастады. Мен бiр айдан кейiн қайтадан бардым. Барып едiм, Қайрекең бұл жолы менi жатып мақтады. Тiптi «Жаңа Жыл жыры» деген өлеңiмдi тездетiп газетке бастырып та жiбердi. Сол қайсарлығым болмағанда мен ақындық жолға түспес едiм деп ойлаймын. — Мақталған Мақат өлеңдi сол бойы қойып кеттi ме? — Қойып кеттi және арғы тағдыры бақытты да бақытсыз болды-ау деймiн. — Олай айтуыңызға не себеп? — Мен дәм-тұз бұйырып ана бiр жылдары Түлкiбас ауданына көшiп келдiм. Мен келгенде Мақат досым аудандық соттың судьясы екен. Екеумiз демалыс күндерi тауға шығып кетемiз. Мен өлең оқимын. Мақат «сен қандай бақытты жансың» дейдi маған. «Менi қарашы... Рас, не iшемiн, не киемiн демеймiн. Бiрақ, әр үкiмдi шығарған сайын менiң бiр жас өмiрiм қысқарады. Үкiм шығармасам тағы болмайды. Бұған дейiн де бiрталай ауданда сот болып iстедiм ғой. Не бiр қарақшылар, адам өлтiрген қаныпезерлер алдымызға келедi. Солардың өзiн жазаға кесiп отырғанда менiң жүрегiмдi бiреу тiлгiлеп жатқандай сезiнемiн өзiмдi. Өлең жазғым келедi, жаза алмаймын... Жазсам үкiмiме ұқсас бiрнәрсе болып шығады. Сен өмiрден өз орыныңды таптың, атың елге мәлiм болды. Мен болсам көп соттың бiрi ғанамын». Осылайша жаны iзгi жаратылғандығынан ба, Мақат өмiрден ерте озып кеттi... — Ақынның елдiң есiнде қалуы үшiн көп жазуы мiндеттi емес, жақсы жазуы мiндеттi екенi белгiлi. Жақсы дүниелердiң iшiнде де бiреуi ақынның шығармашылық төлқұжатына айналады. Мысалы, қазақ поэзиясында құбылыс болған Төлеген Айбергеновтiң керемет өлеңдерi көп болса да, ең алдымен еске түсетiнi «Бiр тойым болатыны сөзсiз менiң». Жарылқасын Боранбай дегенде «Қазақы дастарқаным» ауызға алынады. Осы өлең қалай жазылды? — Әр ақынның жанына жақын бiр немесе бiрнеше тақырып болады. Мен көрiп келе жатқан қазақтың қонақжайлылығында, кеңпейiлдiлiгiнде, ағайыншылығында, қиын-қыстауда өзi тұрмақ өзгеге өзегiн суырып беруге бар бауырмалдығында қазақтың дастарқанының қасиетi тұр. Тәуелсiздiк келген соң ақындар еркiндiк алып, өзi жырлағысы келген тақырыпқа бар күштерiн сала бастады. Мен осы қазақтың дастарқаны жайлы жазғым келе бердi. Ақыры жазып барып тыншыдым ғой. Жоқ, тыншыған жоқпын. Қазақ дастарқанының құдыретiн ұғындыра, жерiне жеткiзе түсiндiре бiлу үшiн өлең аздық етедi, оған ән жазылуы керек, ол ән жеңiл де ойнақы, сонымен қатар өте нәзiк те сыршыл болуы тиiс деген тұжырымға келдiм. Ондай әндi алматылық көршiм, танымал сазгер Марат Iлиясов тез жазып шықты. Тез жазғанмен көп өңдедi. Бiтiрген соң өзi де сұлу, даусы да сұлу Мәдина Ералиева марқұмға алып бардық. Мәдина оны үлкен эфирге шығарды. Қазiр ол «Елiм менiң», «Атамекен» секiлдi әндермен қатар айтылып жүр. Бұл өлең мектеп пен жоғары оқу орындарының оқулықтарына кiрдi. — Осындай түрлi себептермен кең таралған өлеңiне қарағанда кейбiр ақындарда «шын мәнiнде менiң мына шығармам сүйектiлеу едi, соның бағасына көпшiлiк жете алмай жүр» дейтiн пiкiр бар. Бұл жөнiнде сiз не айтар едiңiз? — Бұл бiр салмақты сұрақ екен... Шынында да, аудиториялық ақындар деген ұғым бар. Олардың өлеңiнiң сөзi анық болады, залдағы халық оны тез ұғынады. Жұмекен Нәжiмеденов аудиториялық ақын емес болатын. Оны ұғыну үшiн қайталап, шұқшиып оқу керек. Оның өлеңiнiң иiрiмдерi көп. Мен де өзiмдi Жұмекен типтес ақынмын деп бiлемiн. Менiң де өлеңiмде жасырын ойлар болады, бiрден байқалмайтын қуат болады. Сондықтан мен көптеген өлеңiм болашақта оқылатын болады деп ойлаймын. Мен ақынмын, тарихшымын, журналистпiн, яғни менiң өлеңiмде кiшкентай болса да түйiн, мән, ойдың өлеңге түскен сәулесi бар деп бiлемiн. Абайдың қара сөзiндегi ойдың бәрi өлеңiнен көрiнiс тапқан. Мен де тарих жайлы айтқан ойымды өлеңде де беруге тырысамын. Тағы бiр айта кетер нәрсе. Ақынның көзi тiрiсiнде жақсылы-жаманды оның аты аталады, азды-көптi мақталады. Бiрақ, менiң ойымша нағыз ақынның өмiрi оның көзi кеткен соң басталады. Ол кеткен соң оның өлеңiн ешкiм iздемесе — ақынның бұл шынымен өлгенi. Шынымен өлмес үшiн оның шығармалары шынайы, шыншыл, өмiршең болуы тиiс. Ол қозғайтын тақырып өмiршең болуы тиiс. Оның көркемдiк қуаты күштi болуы тиiс. Абай, Мұқағали, Қасым, Төлегендердi халық мәңгi-бақи iздеумен өтедi. Мен өзiм өмiр бойы iзденумен келемiн. Тарихи, танымдық, тәлiмдiк ойларды айтуға тырысамын. Сондықтан соңғы дүниелерiм алдыңғыларынан мықтырақ деп есептеймiн. — Жалпы, сiз өлеңдi қалай, қайтiп жазасыз? — Мен кейде өзiмнiң осы өлең жазатыныма таң қаламын. Қазақша айтқанда «бiрдеңе» келiп қалады. Оны жазбау мүмкiн емес! Түрткен сайын бiрдеңе шыға бередi, шыға бередi. Қарасаң, өлеңге ұқсайды. Кейде әлдекiм сыбырлап тұрғандай болады. Рас, жазылғанның бәрi шедевр емес, бiрақ арасында жауһар жырлар жолығып қалуы да мүмкiн... Бiреулер халық үшiн, ел үшiн жаздым деп жатады. Мен, кешiрiңiз, өзiм үшiн жазамын. Жазбасам жынданып, жарылып кетуiм мүмкiн. Ал, жазғаннан кейiн қазанның қақпағынан бу шыққандай болады. — Өлеңдi өңдейсiз бе? Жоқ әлде «бұл менiң балам, ол туылып қойды ғой» деген Оралхан секiлдi қайтып қол тигiзбейсiз бе? — Өңдеймiн. Менiң бiр сары сандықшам бар, жазғанымның бәрiн соған тастай беремiн де, «пiскенiн» ғана iрiктеп алып көпшiлiкке ұсынамын. Оны содан кейiн де жетiлдiре беремiн. Өйткенi ой, ұғым ауысады. Тiптi кейбiрiнiң құр қабырғасын ғана қалдырып, «евроремонт» жасап шығамын. — Сынды қалай қабылдайсыз? — Менi өте сирек мақтайды. Сондықтан оны не үшiн айтты, шын ба, өтiрiк пе деп ұзақ ойланамын. Рас болса, жастармен болған кездесуде бiр жас ақын «Осы Сәбит Мұқанов ақын ба?» деп қалыпты. Сәбең жарықтық жайбарақат қана: «Дұрыс, мен де кезiнде Абай ақын ба дегенмiн» дептi. Ал, шын мәнiнде поэзияны сыншыларға қарағанда әйел жүрегi жақсы ажыратады. Маған бiр қыз баланың газеттерге шыққан менiң барлық өлеңдерiмдi жинастырып, өзiме альбом етiп ұсынғаны бар. Мен қатты тебiрендiм, содан кейiн әлдекiмдердiң сөзiне мойын бұрмайтын болдым. — «Ақындық — мiнез» дедiк жаңа. «Шәмшi қайда, тағы бiр ән салдырсын, ән салдырсын, әлемдi таң қалдырсын» деген едi Мұқағали. Таңқалдыру үшiн адам алдымен өзi таңдануы керек қой, қатты таңданып-таңырқаған кезiңiз болды ма? — Иә, ақындық әлем тұтас таңырқаудан тұрады. Халқымның құрметiне қалай тәнтi болғанымды айтайын. Бiрде iссапармен Көкшетауға бардым. Қазақтың белгiлi азаматы, марқұм Армиял Тасымбеков менен бұрынырақ барып жатыр екен. Менi көргенде көзi шырадай жанды, ақшасы таусылыпты. Ол кездегi компартия, обком дегендерге «бардың ба?» десем «не үшiн?» дейдi. Ертесiне сәлем беруге сонда соқтық. Идеология жөнiндегi хатшы Жанайдар Мусин екен, соның алдында ғана «Көкшетау правдасы» газетiнен «правданы» алып тастағаны елдi бiраз шулатқан. Бiздi құшағын жайып, «Сәкеннiң, Мағжанның Көкшесiне қош келдiңiздер!» деп қарсы алды. Қасымыздағы облыстық бiлiм бөлiмiнiң бастығы басқа ұлттың адам едi, соған қарап: «Қазақ тiлiнiң мектепте оқылуын тындырдыңдар. Жақаң қайтарда маған тағы кiрiп, тексеру қорытындысын өз аузымен баяндайды. Осыдан қылдай кемшiлiк табылса, арызыңды жазып кете бер. Бұл кiсi қашан қайтқанша менiң машинамды мiнедi. Бурабай көлiн, Сырымбет тауын аралайды!» десiн. Сол жолы Көкшетауды 12 күн армансыз араладым. Қайтарда хатшы тағы да қабылдап, «Жер шоқтығы Көкшатау» деген кiтабына: «Қадiрлi Жарылқасын! Болат қаламыңды Көкшетаудың қасиетi мен құдыретi жебеп, қиялыңды Оқжетпестей биiкке шырқатсын! Жанайдар Мусин, 1990 жылдың 9 сәуiрi» деп қолтаңба жазып бердi. Өкiнiштiсi, жыл өтпей Жақаң да, Армиял да қайтыс болды... — Өзiңiздiң де бiреудi таңырқатқан кезiңiз болған шығар? — Қай бiр жылы үкiметаралық келiсiм бойынша Ашғабадта, дұрысы осылай, ашықтар, яғни ғашықтар қаласы деген сөз ғой, бiр ай мұғалiмдер бiлiмiн жетiлдiру курсында сабақ бердiм. Ол жақта қазақтар мол екен, әсiресе Каспий маңайында. Менi ұшақтан басына әппақ сеңсең бөрiк киген түрiкмен қарсы алды. Бiлiм министрiнiң орынбасары болып шықты. Өзiнiң министрiн де, қазақтарды да жақтырмайды екен. Бiрақ, амалы жоқ қой, тапсырманың аты тапсырма. Үш-төрт рет бiрге тамақтанған соң, байқаймын, менi ұната бастады. Ыңылдап түрiкменше ән салатын болды. Бесiншi рет тамақтанып отырғанда: «Қап, сiздi үйге апаруым керек едi» деп қалды. «Апарсаң неғып отырсың, қатыныңнан қорқасың ба?» дедiм. «Жоқ!». «Үйiңде тамақ жоқ па?» «Бар». «Бәлкiм, отын-суың жоқ шығар?» Осыны естiгенде ол iшек-сiлесi қатып күлдi. «Әй, қазақ, қатырасың, бiз де су да бар, түрiкмен газы да мол, тек әйел төркiндеп кетiп едi» дедi өкiнгендей болып. «Ет таба аласың ба?». «Әрине». «Онда тамақты мен-ақ асайын...» Ол жолдан бiр жерден екi қойдың етiн артып алды да, қаланың қақ ортасындағы жекеменшiк үйiне апарып, қолыма түрiкменнiң қылыштай сапысын ұстатты. Отын-суды көрсеттi. Ал, мен оған шашлық пiсiрудiң қалай болатынын көрсеттiм... Шашлықты рахаттанып жеп отырған ол: «Баяғыда бабаларымыз «адайлармен көп соғыстық, өте батыр халық болады екен» деп отырушы едi, мiне, сен де қазiрдiң өзiнде менiң қазанымды тартып алдың, сәл шыдасам шаңырағымды да бiрдеме етерсiң» деп қарқ-қарқ күлдi. Қайтарымда аэропортқа гүлдесте етiп пiсiрiлген қазанжаппа нан мен бауланған қауын көтерiп келдi. Кейiн Алматыға да арнайы iздеп келгенi бар-тұғын...

Ағарту жүйемiз қателiктен көз аша алмай жатыр

— Ақын болу үшiн талантпен қатар бiлiм де керек. Жақсы оқыдыңыз ба? — Әрқалай. Есте сақтау қабiлетiм ересен едi, соның арқасында мектепте қиналған жоқпын. Сөйтiп жүргенде 9-шы сыныпта Шымкенттегi 12-мектеп-интернатқа тап болдым да, орын болмай 8-шi сыныпқа қайта отырып, дәл сол кезде 11-жылдық пайда бола кетуiне байланысты төрт жыл қатарынан керемет бiлiм алдым. Ал, педагогика институтында «бетiнен қалқыдым» десем де болар. Рахым Барлыбаев, Әмiр Мұсақұлов дейтiн данышпан декандар «ел iшiнде бiр тентек жүрмей ме» десе керек, тиiспедi. Бiр студенттiң «өзiмнен болмаса да барлық айып, оқудан қуып шықты Барлыбаев» дейтiн зарлы өлеңi болушы едi... Ол кiсi өте қатал адам саналатын. Сол Рахаңның емтиханына жұрттың бәрi кiруге қорқып тұрғанда бiрiншi болып кiрген жерiм бар. Құқ етпеймiн. Бiрақ, жан беру оңай ма, сайрап тұрмын. Абайды сұраса Пушкиндi айтамын дегендей. «Бағың бар екен, бiрiншi болып кiргенiң үшiн» деп құмырсқа бел «үш» қойып бердi. «Әдебиет теориясынан» құлап қалып, мемлекеттiк емтиханға жiберiлмейтiн болғанымда деканымның әлгi мұғалiмдi шақырып алып: «теорияны бiлмейтiн адам өлең жазушы ма едi» деп қойдырып бергенi тағы бар. Ол кiсi мен бiлген адамзаттың төресi едi. Кейде Рахаң жайлы толғау жазсам ба деп те қоямын. Тағы бiр қызығы, 3-курсты бiтiрмей жатып онда-мұнда кеткен оқытушыларды ауыстырып отырдым, сол институттың даярлық курсында сабақ бердiм. 1972 жылы институт бiтiре салысымен мектеп-интернатқа қайта оралып, қазiргi Бiлiм және ғылым министрiмiз Жансейiт Түймебаев оқып жатқан 8 «а» сыныбын қабылдап, әрi класс жетекшiсi, әрi тәрбиешiсi болдым. Жаман оқытпаған сияқтымын, қолына «Алтын медаль» ұстаттым. Олай дейтiнiм, ол уақытта негiзгi пән — қазақ тiлi мен әдебиетiнен шығарма жазылатын. 6 жыл қатарынан облыстық «Алтын медаль» беретiн комиссияның мүшесi болдым. Негiзi менiң оқығанымнан тоқығаным көбiрек болды-ау деп ойлаймын. Алматыдағы республикалық Мұғалiмдер бiлiмiн жетiлдiру институтында Зейнолла Қабдолов, қазiргi муфти Әбсаттар қажы Дербiсәлиев секiлдi өңшең академик, профессор, ғылым докторларымен қатар жүрiп қызмет iстедiм. Академик Серiк Қирабаевтың оқулық жазу жөнiнен ғылыми хатшысы болдым. Бұл кiсiлердiң мендегi бiлiм мен бiлiкке сөз жоқ, әсерi мол болды. — Күнкөрiс үшiн көп жыл мұғалiм болдыңыз. Ұстаздық қызметтен не ой түйдiңiз? — Мектептiң сүзгiсiнен өтпейтiн адам болмайды. Бұл тұрғыдан келгенде мектеп қалып сияқты. Балқып тұрған металды құю үшiн алдымен қалып жасалады. Мен ұстазды балқып тұрған шәкiрттi әкелiп құятын осы қалыпқа, дәлiрегi алтын қалыпқа теңеймiн. Бiрақ, қалыптың да кейде жарықшағы бары кездеседi. Осыдан барып орысша айтқанда «производственный брак» пайда болады. Осыдан барып баланың бойындағы барлық талантын барынша жарқырата ашуға қызмет iстеуi тиiс ұстаз керiсiнше оны тежегiш күшке айналады. Оның үстiне бiздiң жоғары оқу орны мен мектептi бiр салаға қосып жiбергенiмiз мүлдем дұрыс болмады деп есептеймiн. Оны аз десеңiз бүкiл әлем мойындаған ағарту жүйемiздi батыстық қалыпқа сәйкестендiремiз деп тестке көштiк. Қазақ тiлi мен әдебиетi бұған тiзеге салып сындырмасаңыз илiкпейдi. Өнер тестке көнушi ме едi?! Жазғанымның таразысы — халық, төрешiсi - уақыт

— Тарихпен көп айналысасыз. Соның iшiнде Созақ жайлы көп жаздыңыз. Жемiссiз де емессiз. Шерхан Мұртаза тарихшылығыңызға жоғары баға бердi. Бұған не түрткi болды? Көмiлiп қалған шындықты ашу ма, әдiлет салтанат құрсын деген ниет пе, әлде басқа бiр ой ма? — Тарихта тағылым көп. Тереңдеген сайын таңырқайтын жайттар көбейе бередi. Олар ойыңызды оятады, қиялыңызды тербейдi. Өмiрдiң өткiншi екенiн, өзiңнiң де тарихқа айналатыныңды түсiнесiң. Өзiңдi өзiң қолға аласың, ақ тер, қара тер болып жұмыс iстейсiң. Көп адам тарихты бiлмейдi, сол себептi келешегiн де болжай алмайды. Мысалы, тоқсаныншы жылдары Созақтан ел көше бастады. Мен оларға «әлi-ақ Созаққа қолдарың жете алмай қалады» дедiм. Солай болды да. Мен ол ойды 1930 жылдардан алдым. Онда да Созақтан ел ауған болатын, бәрiбiр кейiн қайта оралды. Созақтың ғана емес, жалпы қазақтың тарихы дұрыс жазылмаған. 1930 жылғы Созақ көтерiлiсiн алайық. Ол Қазақстанда кеңес үкiметiне қарсы орын алған 270-тен астам көтерiлiстiң ең iрiсi. Онда көтерiлiстiң қолбасшысы, оның әскерi, әскердiң қару-жарағы, оған дайындалуы, оның ұраны секiлдi көтерiлiс аталуы үшiн қажеттi нышанның бәрi болды. Бiрақ, осы көтерiлiс жайлы қазақ елi, оның iшiнде қазақ халқы әлi жөндеп ешнәрсе бiлмейдi. Бiлгiмiз, көргiмiз келмейдi. Көтерiлiстiң атында Созақ ауданында көше тәрiздi бiр де бiр белгi жоқ! Осы айтылғанның бәрi Қазақ хандығына да байланысты. Ол Шудың бойында, Созақ жерiнде қалыптасты. Рас, алғашқы кезде ұлы көш Қордайға дейiн барды. Бiрақ, кейiн Шудың байырқалаған жерi — Созаққа қарай, қарт Қаратаудың бойына қарай қазақ елi қоныс тептi. Жалпы, Созақ тарихы ашылмай қалған тарих екенi де рас. Ақсүмбедегi Ақбикеш мұнарасы Дештi-Қыпшақтан жеткен жалғыз ескерткiш. Арпа өзенiнiң бойындағы петроглифтерге қазiр 3,5 мың жыл болды. Бұндай құнды дүние әлемнiң басқа ешбiр бұрышында жоқ! Сол жартастарда рим легионерлерi пайдаланған екi аяқты соғыс арбаларының суретi қашалған. Бұл дегенiңiз Қаратау адамзат баласының алғаш қонысы болған деген сөз. Помпей қаласын Везувий жанартауынан атқылаған лава мен ыстық күл басып қалғаны, археологтар аршыған кезде ұйықтап қалған, тамақ iшiп отырған адамдардың сол күйiнше табылғаны бәрiмiзге мәлiм. 1930 жылы атқылаған Созақ көтерiлiсi де Везувий жанартауы секiлдi өзiне дейiнгi тарихты басып қалған! Созақ айтылмады. Айтқызбады! Сондықтан оны Тәкен Әлiмқұлов жаза алмаған, Асқар Сүлейменов жаза алмаған, Сәуiрбек Бақбаргенов жаза алмаған! Тоқсаныншы жылдары, тәуелсiздiк туғанда менiң Созаққа келiп қоныс тебуiм, дүниенiң кезектi бiр рет төңкерiлiп түсiп, азаттық алған елдiң шынайы тарихының бiр шетiн, Созақ тарихын жазуым менiң маңдайыма бұйырған айрықша бақ деп бiлемiн. 1995 жылға дейiн қазақ халқы Баба Түктi Шашты Әзиздi, Қарабураны, Ысқақ баптарды бiле қоймады. Халық оны эпостың, аңыздың кейiпкерлерi деп ұғынып келдi. Олардың өмiрбаяндары жазылмады, туған, өлген жылдары анықталмады, күмбездерi көтерiлмедi. Осы iстердiң атқарылуына, тарихи-танымдық еңбектердiң жазылуына азды-көптi септiгiм тидi-ау деп ойлаймын. Одан бөлек Керей мен Жәнiбек хандарға арналған тұңғыш ескерткiш белгi қазақ жерiнде бiрiншi рет Созақ жерiнде қойылды. Оған мен мұрындық болдым. — Дәл қазiр немен айналысып жатырсыз? — Дәл қазiр «Едiгедей ұлың бар, ей, Оңтүстiк!» деген мақала жазып жатырмын. Алдағы уақытта Құмкентте туып-өскен ер Едiгенi Созаққа әкелуге әрекет жасап жатырмын. Алтын Орданы 15 жыл билеген азаматпен қай өлке болсын «менiң түлегiм» деп мақтана алады. — Тарихи тұлғалардың iшiнде қайсысын сомдау сiзге ауыр соқты? — Мен Асан-Қайғыны 20 жылдай зерттедiм. Қиюын таба алмай қатты қиналдым. Соның қиюын биыл ғана тауып, бiтiрiп, Шымкенттегi «Кiтап» деген баспаға апарып бердiм. Осы қиюын табудың менiң 60 жасымда барып табылғанына таң қалдым. «Менiң өзiм де Асан-Қайғыға айналып бара жатқан жоқпын ба?» деп ойладым. Өйткенi, Асан-Қайғы айтқан сөздердiң, ойлардың мәнiне менiң миым ендi ғана жеттi-ау деп ойлаймын. Сол толғаулар деңгейiнде ойлауға, толғануға мен ендi ғана көтерiлсем керек. Оны 25 жасар жiгiт жаза алмайды. Жазайын десе түсiнбейдi. Менiң өзiм қаншама елдi кездiм. Бұл арада байланыс бар деп бiлемiн. Осы еңбектi бiтiре алғаныма шын қуандым. — Оңтүстiкке аты белгiлi жазушы ағамыздың атын атап, «пәленшенiң қырық өтiрiгi» деген тақырыппен «Айғаққа» мақала жаздыңыз. Ол ел арасында үлкен абыройға ие болды. Ал, сiз өзiңiзге ғана белгiлi себептермен «Жер айналмайды» деген Галилео Галилейге ұқсап, тағы да сол газет бетiнде «мен қателiсiппiн» деп, өзiңiздi өзiңiз өтiрiкшi атап, айды аспанға тағы бiр рет шығардыңыз... — «Қырық өтiрiктiң» жазылуына басты себеп мыналар болды. Тәуелсiздiк келген соң КСРО тарихы күн тәртiбiнен түсiп, халқымыздың шын, шынайы тарихы жазыла бастады. Осы сәттi пайдаланып арамыздан тарихты өзiнiң мүддесiне бейiмдеп жазатындар да шыға бастады. Талас тудыратын, дәлелдеудi керек қылатын кiтаптар қаптап кеттi. Мен бұл үрдiстiң терiстiгiн айтып, бiр-екi ескерту мақала жазып едiм, оны елең қылған адамды көрмедiм. Мен Қаратаудың баурайында, қасиеттi Домалақ ананың кесенесiнiң қасында туып өскен, ескi әңгiме-аңызды құлағына құйып өскен бала ретiнде, сонымен қатар бұл тақырыпты жақсы бiлетiн жан ретiнде әрi ғылыми зерттеу, әрi сын, әрi публицистика, әрi философия тұрғысынан қарап әлгi мақаланы жазуға мәжбүр болдым. Бiрақ, бiздiң заңдарымыз жақсы емес. Онда қаламы арқылы ой бөлiсер адамға қойылар тосқауылдар көп. Бiзде қазiр «менiң намысына тидi» немесе өзiнен алып қашып, «менiң емес, пәленше әулиенiң қадiрiн қашырды» дегендей таза әдеби дүниенi, әдеби пiкiр сайысымен шешiлетiн дүниенi заң жолымен шешу етек алып отыр. Мен де мақалама қарсы пiкiр айтылар деп күткен едiм, соның арқасында шындыққа жетемiз деп ойлап едiм. Өкiнiшке қарай, олай болмады. Жазушы ағамыз кiшкене өкпелеп қалыпты. Жалпы, ондай жасқа келген адамның өкпешiлдеу болатынын, ойлау жүйесi бiзден бөлек болатынын мен кеш түсiндiм. Жерлес, аға. Бiр жақсы жерi арамызда ешқандай жеке бастың араздығы жоқ едi. Айтылған нәрсе айтылды. Мен одан бас тартпаймын, себебi ол — шындық. Сәкен Сейфуллин «қаламмен жазғанды балтамен өшiре алмайсың» деген екен. Жазғанымның таразысы — халық, төрешiсi — уақыт, келер ұрпақ өз бағасын бере жатар. Қазiр Ерекеңмен араласып тұрамыз, құда-жекжатпыз. — Шынында да, «бәрiбiр Жер айналады!» деген Галилейден айнымай қалдыңыз... Жарайды, өткенге салауат. Мен ауылдың қарияларына «Рүстем-Дастанды» оқып берген, Рүстемнiң өз перзентi Сүһрәптi өлтiретiн жерiнде олармен қосыла жылаған бала күнiмнен бастап қазақ тарихына арнап осындай эпикалық шығарма жазатын ақын қашан туады деп армандаумен келемiн. Соңғы кезде маған әрi ақын, әрi тарихшы ретiнде сондай дүниенi неге Жақаң жазбайды деген ой келiп жүр... — Бiрiншiден, созақтық Шәдi төре Жәңгiрұлы «Қазақ тарихын» жазған. Бiрақ, оны дiни сарыны басымдау болған. Екiншi жазған адам жаңылыспасам Мәжит Айтбаев деген ақын. Абылай ханды жазу үстiнде қазақ тарихын да қозғаған. Бұл екi дүние де көлемдi емес. Тұрмағанбет Iзтiлеуовтың 125-жылдық мерейтойына байланысты маған да сондай бiр ой келiп жүр... Сiз айтып отырған «Шах-намедей» дүниенi жасайтын заман ендi ғана туған секiлдi. Мағжан да оны жырлай алмады. Үшiншiден, Фирдоуси эпопеяны Махмұт сұлтаннан арнайы тапсырыс алып, және сұлтан жырдың әрбiр жолына бiр мысқал алтыннан төлейтiн болып келiсiп алып жазған ғой. Сұлтанның алдап кеткенi және бар... Тұрмағанбетке де қазақ үкiметi арнайы тапсырма берiп аудартып, дәлiрегi қайтадан еркiн жырлатып, оны Тұрекеңнiң тыпыр етпей отырып 11 айда бiтiрiп шыққанын бiлемiз. Менiң өзiм бұған дейiн бiрнеше поэма жазсам да бұндай шығармаға дәл қазiр дайынмын, кiрiсе қоямын деп айта алмаймын. Бiрақ, «әлеуметтiк тапсырыс» деген ұғым бар. Яғни, халықтың қалауы деген сөз. «Халық қаласа, хан түйесiн сояды» дейдi, ендеше әлеуметтен тапсырыс түсiп жатса неге жырламасқа? Мысалы, қазақ тарихын Түркi қағанатынан бастауға әбден болады. — Халықтың атынан сөйлеуге тек Елбасының ғана хақысы бар, ал сiз әзiрге сол халықтың бiр өкiлiнен тапсырыс алдым деп есептей берiңiз... Ертең-ақ үн қосушылардың көптеп табылары сөзсiз. Шығармашылық бабыңыздың кемерiне келiп тұрған шағы. «Шах-наменi» 55 жасында бастаған Фирдоуси секiлдi 15 жыл жазсаңыз 75-ке келедi екенсiз. Өмiр берсе ол секiлдi тағы 15 жыл өңдерсiз, мүмкiн өңдемессiз, не де болса жазыңызшы. Екiншiден, түрiктер ғана емес, ғұндар мен сақтардың да бiздiң тiкелей ата-бабамыз екенiн ешкiм жоққа шығара алмайды ғой. Ендеше Ир мен Тұрдың туылуынан, яғни Иран мен Тұранның пайда болуынан бастаған ұлы шайырдан үлгi алып сонау сақ заманынан неге бастамаймыз? — Менiң ойымша бүгiннен кейiнге барған дұрыс. Тәуелсiз Қазақстан, Қазақ хандығы, Алтын Орда, Түрiк қағанаты жайлы бiр жүйеге келiп алмай одан ары тереңге сүңгiген келiспейтiн сияқты. Мен «төрт таған» деген ұғымды айналымға кiргiздiм. Бұл теорияның авторы — мен. Ол не деген сөз? Толыққанды мемлекет болу үшiн бiртұтас тiлi, дiнi, дiлi, яғни сол мемлекеттi құрушы халықтың жаратылыс табиғаты болуы тиiс деймiз. Дұрыс. Мен осыларға тiнiн, басқаша айтқанда елдiң тарихын қосамын. Осы төртеу түгел болғанда ғана төбедегi келедi. Алтын Ордада тiл болмады. Түркi қағанатында дiн болмады. Осы төртеуi бiртұтас күйiнде тек Қазақ хандығында ғана болды. Мемлекеттi қазiргi заманда машинаға теңеу бар. Шынында да, тiлден айрылсақ та, дiннен айрылсақ та, мейлi осы төртеудiң қайсы бiреуiнен айрылсақ та мемлекеттен айрыламыз. Төрт дөңгелектiң бiреуiнен айрылған мемлекет те арба немесе машина секiлдi алысқа ұзай алмайды. Ал, сiз айтқыңыз келiп отырған арғы текке Гитлер барған... Ол жаққа абайлап бармаса болмайды. — Абайламайық деп отырған мен жоқпын ғой. Рас, Гитлер Германияны қайта түлеттi, экономикасын көтердi, ұлтты ұйыстырды. Ол үшiн алдымен халқының рухын көтердi. «Сендер арийсыңдар, өзгелерден артық жаралғансыңдар» дедi. Яғни, Шыңғыс хан секiлдi Гитлердiң халықтың рухын көтеруi лас, кiр әдiспен iске асырылды, және бұның бәрi әлемдiк билiк секiлдi түпкi арам мүддеге қызмет iстедi. Құдай сақтасын, ондай ой жоқ менде. Мың өлiп, мың тiрiлген, азаттық, дербес мемлекет құру жолындағы тарихы теңдессiз ерлiкке толы халқымыздың өткенiн қалай мақтасақ та жарасады! Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзi «қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ!» демей ме?! Сол өнегелi жолды жырлау арқылы бүгiнгi өтпелi кезеңге, өлiараға тап болып, жолайрықта тұрған, iштей рухани азғындауға ұшырай бастаған халықтың рухын көтеру едi менiң айтпағым. — Бiз әлi балаң, толығымен ұлт болып қалыптаспаған халықпыз. Бiр жағынан сол әлi қалыптаспағандығымыздың, бiр жағы шамадан тыс кеңпейiл болып жаралған табиғатымыздың салдарынан өз елiмiзде өзiмiз әлi барлық құқығымызды игере алмай отырмыз. Тiптi ең болмаса 16 жылда мемлекеттiк тiл мәселесiн шеше алған жоқпыз ғой! Елбасымыз мемлекеттi сыртынан құрап жатыр. Бiз, зиялы қауым өкiлдерi оны iшiнен де, рухани жағынан құрауға ол кiсiге көмектесуiмiз керек. Дастанмен жазылған қазақ тарихының осы мақсатқа қызмет етерi сөзсiз. Бiрақ, оны кiм жазады, қашан жазады, қалай жазады...

Сұхбаттасқан Өмiрзақ АҚЖIГIТ,

Қазақ үні