Туған жер –алтын бесігім

  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Медеу ауданына қарасты «Алатау» ықшамауданының 60 жылдық мерейтойына арналған «Туған жер – алтын бесігім» атты мерекелік іс-шара өтті. Әсем әнмен әрленген ізгі шарада ықшам­аудан тұрғындарын Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев құттықтады. Айта кетерлігі, «Алатау» ықшамауданы Ядролық физика институтының құрылуына байланысты 1957 жылы негізі қаланған. Бастапқыда, ауданның тұрғындары институттың қызметкерлері мен құрылысшылар болды. Бүгінгі таңда 12 мың адам тұратын аталған ықшамаудан Алматы қаласынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. 60 жылдың ішінде өркендеп, дамыған  «Алатау» ықшамауданында қазіргі таңда 2 мектеп, 1 аурухана, 2 балабақша, пошта, футбол алаңдары, аула клубтары, 1000 адам құлшылық жасайтын «Арафат» мешіті мен шіркеу бар. Бүгінгі таңда бұл ықшамауданда Ядролық физика институты, Физика және технология институты, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы («ПИТ» АЭА) жұмыс істейді. Ядролық физика институты Қазақстан Республикасындағы ядролық физика, радиоэкологиялық зерттеулер, ядролық және радиациялық технологиялар саласындағы жетекші ғылыми мекеме болып табылады. Физика және технология институты Қазақстандағы жоғары энергия физикасы мен космостық сәулелер, наноғылым мен нанотехнология саласындағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі болып саналады. Ал, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында 154 компания қызмет атқарады.   19.10.2017