ТУҒАН ЖЕР ТАРИХЫ МЕН БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ҰҒЫМ

Алматы қаласындағы «Достық үйінің» мәжіліс залында «Модернизация 3:0 Рухани жаңғыру» атты аймақтық көлемдегі дөңгелек үстелдің отырысы болып өтті. Аталмыш шараны Алматы қаласы әкімдігі мен Еуразиялық интеграция институты ұйымдастырды.

Отырыста Алматы қаласында «Туған жер» жобасынының іске асырылу барысы жан-жақты талқыланды. Жиналысты ашып, жүргізген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бүкіл елімізде қолдау тауып, тұрғындардың белсенділігін арттырып отырғанын айта келе Алматы қаласында осы бағытта атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды. Құнды құжаттың негізгі алты бағытының бірі болып табылатын «Туған жер» жобасының өз туған жеріміздің тарихын түгендеп, өткенін електен өткізіп, келешекке нық қадам басуда маңызының ерекше екенін баса айтты. Өйткені туған жердің тарихы мен болашағы бөлінбес біртұтас ұғым. Кешегі күннің тарихы бүгінге қалай жетсе, бүгінгілер де сабақтастықты үзбей, өз қолымен жазылған тарихты ертеңгі күнге солай жеткізуге міндетті.

Еуразиялық интеграция инсституты директорының орынбасары наталья Калашникова жиынның кіріспе баяндамасында «Рухани жаңғыру» халық сансына жаңа серпіліс бергенін, еліміздің астанасынан бастап барлық аймақтарында көптеген шаралардың іске асып жатқанын тілге тиек етті. Бұдан кейін сөз сөйлеген Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай, «Әліби» ЖШС бас директоры Жанболат Тілеубаев, белгілі саясаттанушы, «Абай ақпарат» қорының вице-президенті Айдос Сарым, Сорбонна-Қазақстан институтының халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, профессор Жомарт Симтиков, «Барбанг» күрттер қауымдастығының президенті Князь Мирзоев, Философия, саясаттану және дінтану институтының директорының орынбасары, профессор Серік Нұрмұратовтар ортақ тақырып аясында өз ойларын білдірді. Рухани жаңғыру бір халықтың, бір ұлттың ғана емес, барлық тұрғындардың санасын оятып, тарихи, ұлттық құндылықтарды қастарлеп, бағалай білуге үйрететінін, оны сақтап бүгіннен ертеңге, болашақ ұрпаққа жеткізуге тікелей әсер ететінін ерекше атады.

«Рухани жңғыру» бір күндік немесе бір жылдық бағдарлама емес, ол болашақта ғасырларға жалғасқан тұрақты темірқазықты бағдарлама болып қала беруі керек. Сол үшін алдымен туған жерін тарихын тыңғылықты зерттеп, оны өшпестей сақтау үшін жұмыс істеуге міндеттіміз. Жиынға қатысушылар Алматы қаласындағы осы бағыттағы атқарылып жатқан шараларға баға бере келе, алдағы істелетін жұмыстардың да нәтижелі болуына күш салу қажеттігін атап өтті.

Зейнолла АБАЖАН,

Қазақ үні