СЕНІМ АРТАР САЛАНЫҢ ҚАЛМАҒАНЫ МА?

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРҒА ҚАРАП САП ТҮЗЕСЕК, БӘРІМІЗ ҚЫЛМЫСКЕР БОЛЫП КЕТУІМІЗ МҮМКІН

Дәп осылай демеске амалымыз жоқ. «Самұрық-Қазынаның» сабаздары 1млн. айлықтан бөлек жылына 30 млн. бонус алып, «Бәйтеректің» басшысы қомақты қаржыны қымқырса, мемлекеттік бағдарламаларға бюджеттен бөлінген ақшаны түрлі сала басшылары есепсіз жымқырып, тіпті зейнеткерлердің ақшасын да талан-таражға салып жатса басқа не айтуға болады? Құдайдың құтты күнін құрғатпай жемқорлыққа байланысты ондаған басшылар ұсталып масқара болғаны өз алдына. Ол да ештеңе емес, сол жемқорлықпен, яғни қылмыспен күресетін құқық қорғау орындарының өздері былыққа белшесінен батып жатыр емес пе? Бұдан кейін біздің қоғамда кімге сенім артуға болады?.. Сөзіміз жалаң болмас үшін бірнеше ғана мысал келтіре кетейік. Оның бәрін тере берсек біздің газеттің бір жылдық көлемі қылмыстық жаңалықтардың жұмырына жұқ болмайды. Жақында ғана «Атырау облысында 4 млн. теңге пара алған тергеуші жазаланды» – деп хабарлады ҚазАқпарат. Онда Атырау облысы Индер ауданы ІІБ тергеушісіне айыппұл салынып, мүлкі тәркіленгені туралы айтылады. «Сотқа дейінгі тергеу кезінде анықталғандай, Индер ауданы ІІБ аға тергеушісін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері пара алғаны үшін ұстаған. Оған параны ұлының үстінен қозғалған істі жауып, тоқтатып беруін сұраған әкесі берген», – деп хабарлапты облыстық соттан. Бұрынғы полиция қызметкеріне 4 млн. теңге айыппұл салынып, оның мүлкі тәркіленгенін жаза деп есептепті. Ол қандай жаза? 4 млн. пара алып, ұсталғаннан кейін сол ақшаны амалсыз қайтарып бергенмен бірдей көрініс емес пе? Мысалы, «телефон-террорист» бір жалған қоңырау шалғаны үшін 4-5 жыл түрмеге отырады. Ал, миллиондап пара алған құқық қорғаушы 4 млн. айыппұлмен құтылады. Бұндай «жазадан» соң қандай тергеуші тізгінін тартпақшы? «Әрі кетсе алған ақшамды қайтарып берермін» деген кез-келген тергеуші одан әрі «табыс» табуын жалғастыра бермей ме? Бүкіл елді шулатқан экс-судья Өмірзақ Серімовтің ісі естеріңізде болар. Оған қызметін асыра пайдаланып, әділ шешім шығармаған деген кінә тағылған-ды. Негізі дау 7 жыл бұрын басталған. Зардап шегуші Айнұрдың ата-анасы сол кезде үй сатып алған. Көп ұзамай баспананың мұрагерлердің таласында жүргені белгілі болады. Ал, Серімов сол іске қатысты екі түрлі шешім шығарып, кесірі үйдің жаңа иелеріне тиген. Соңғы ақшасына сатып алған жалғыз баспанасынан қайта-қайта қуылып, ақыры бұған шыдамаған отанасы Светлана Тұрғанбаева өз-өзіне жанармай құйып, өртеніп өлді. Көп ұзамай қайғыдан қан жұтқан оның күйеуі де көз жұмды. Әділ шешім шығармай, бір адамды өзін өртеуге итермеледі деген айыппен басы шатылған судья жақында сотта ақталып, судан таза, сүттен ақ болып шыға келді. Соттың шешімі марқұм Светлана Тұрғанбаеваның балаларының ашуын тудырды. Осыған дейін прокурорлар Серімовті 4 жарым жылға қамауды сұрағанда, Тұрғанбаеваның балалары ондай жазаның жеңіл екенін айтып байбалам салған-ды. Енді, соның өзіне зар болып қалды. Даулы істің арғы тарихын түгендеген судья жиналған жұрттың 40 минут уақытын алды. Алыстан орағытып шешім шығарған судья бұрынғы әріптесі Өмірзақ Серімовтің еш кінәсі жоқ деген тоқтамға келді. Аналарынан айырылып аңырап қалған балалардың шешесінің өліміне кінәлі деп санайтын судьяның жазасыз қалғаны жандарына батады. Бес жыл бойы әділдік іздеп, қанша соттың табалдырығын тоздырды. Бұл жолы да таулары шағылды. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегенге өздерінің де көзі жетті. Марқұм Светлана Тұрғанбаеваның балаларының соттың шешімімен келіспей, енді олар апелляциялық арыз түсірмекші. Бұл сот саласына қатысты бір ғана мысал. Ал, біздегі судьялардың әділетсіз шешімімен қаншама жазықсыз адамдар қамалып, түрмеде отыр. Ақша берген қаншама қылмыскерлер еркіндікте сауық-сайран салып жүр. Судьялардың сатқындығынан мыңдаған адамдардың тағдыры тұйыққа тіреліп, өмірі ойран болды. Міне біз сенген судьялардың сықпыты осындай. Сол сияқты түрмедегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Онсыз да күмәні көп сот шешімімен мерзімін өтеуге келгендердің өмірі қауіпке толы. Павлодарда белгілі дзюдошы Бақытжан Әбдікәрімовты абақтыда жазасын өтеп жүргенде суицидке итермеледі деп айыпталған түрме басшылары cотталды. АП-162/3 колониясының қос қызметкері үш жарым жылға шартты жаза арқаласа, түрменің бұрынғы басшысы ендігі төрт жылын темір тордың ар жағында өткізуі тиіс. Оқиға былтыр ақпанда болған. Әбдікәрімов абақтыдағы терезелердің бірін сындырып, әйнек сынығымен өзін жарақаттаған. Алайда арнайы сараптама сотталушының денесінде көптеген соққы іздерінің болғанын көрсетті. Сөйтсе, экс-чемпион түзету мекемесіндегі қорлыққа шыдамай өз-өзіне қол салған екен. Мұндағылар оны өздеріне бағындыру үшін «зорлатамыз» деп қорқытыпты. Осыған шыдамаған дзюдошы өзін басқа мекемеге ауыстыруды бірнеше рет сұраған екен. Әбдікәрімовтың өзі мұнда біреуге ауыр дене жарақаттарын келтіргені үшін сотталып, жазасын өтеп жүрген. Бірақ мерзімін қысқартуға қатысты шағымын қарауға екі күн қалғанда көз жұмды. Бұл жерде де құқық қорғаушылардың өзі заң бұзғаны анық байқалады. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, тергеушілердің пара алғышын, абақты басшыларының бассыздығын, қара қылды қақ жаруға тиісті сотты қойып, енді Ақтөбеде Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері де сотталып жатыр. Ақтөбе қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департамент қызметкерлері Асланбек Тахауев пен Кәрімбай Дабылов Қылмыстық кодекстің «Билікті немесе лауазымдық қызметті асыра пайдалану», «Қорқытып алу, бопсалау» баптары бойынша айыпталуда. Аса ауыр және ауыр қылмыс жасады деп айыпталған екі қызметкер «Атырау Сервиз КЗ» компаниясының есепшотында жатқан 200 миллион теңгені қолма-қол алуға көмектеспек болады. Компания есепшотындағы қаржыны алу туралы жоспарды ресейлік азамат Ивашкевич ұсынған екен. Ол да бұрын қауіпсіздік комитетінде жұмыс істепті. Алғашқы келіссөз кезде қомақты қаржыны алуға көмектесу үшін 8 миллион теңге, кейін арандары ашылған ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері өз жұмыстарына 15 миллион теңге талап еткен. Қылмыстық іс бойынша екі жәбірленуші бар. Олар есепші болып жұмыс істеп, қызмет көрсеткен Б.Нұрашева мен Б.Маратұлы. Есепші компания шотындағы 150 миллион теңгені алуға көмектесіп, банк 1 миллион теңгеден астам ақшаны қызметі үшін ұстап қалған. Қаржыны алған қауіпсіздік қызметкерлері банк ұстап қалған ақшаны есепшіден талап етіп, бірнеше рет қорқытқан. Сот отырысы 6-қараша күні басталады. Оның қандай шешім шығарары белгісіз. Мәселе шешімде ғана емес. Басқа-басқа Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің бұндай былыққа баруы көп нәрсені аңғартпай ма? Ең қуатты, ең маңызды күштік құрылым осылай масқара болса, басқаларынан не күтуге болады? Ия, біздегі сот, тергеу, түрме, ұлттық қауіпсіздік саласында орын алған осы аталған қылмыстар елімізге абырой әкелмесі белгілі. Әрине, өкінішті-ақ. Министрлік, әкімдік немесе басқа да мемлекеттік органдардағы түрлі дәрежедегі басшылардың жемқорлық әрекеттеріне бойымыз үйреніп алғаны соншалық, тіпті оған қатардағы қарапайым жаңалық секілді назар аударудан қалғанымыз қашан. Сол қылмыстардың бәрін ашып, лайықты жазасын беріп қоғамды «қоқыстан» тазартады деп үлкен сенім артқан құқық қорғаушылардың өздерінің қылмысқа баруы санаға сиымсыз әрекет. Біріншіден, соңғы сенімін артып отырған халық алдындағы беделін түсіреді. Екіншіден, дүниежүзі қауымдастығы алдында жинаған абыройымызды айрандай төгетіні де жасырын емес. Үшіншіден, заңды насихаттап, заңды сақтауға тиісті қызметкерлердің бұл «өнегесі» елде қылмыстың күрт өсуіне алып келуі ғажап емес. Сондықтан «Молланың айтқанын істе, істегенін істеме» дегенді ұмытпаған жөн. Алдымен сот, прокуратура, тергеу, ұлттық қауіпсіздік саласы сияқты құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне деген заң мен талапты екі-үш есе күшейткен дұрыс. Аталған қылмыстары үшін өзгелерге қарағанда әлдеқайда қатаң жаза қолдану қажет. Сонда бізді қорғайтын ұйымдар қызметінің сапасы мен халықтың оларға деген сенімі де артады. Олардың қатарының таза, беделінің жоғары болғанын қалар едік. Зейнолла АБАЖАНОВ qazaquni.kz