Назарбаев қазақ-қырғыз шекарасындағы мәселелерді шешуді үкіметке тапсырған жоқ

[caption id="" align="aligncenter" width="668"]Президент Казахстана Нурсултан Назарбаев Фото: sputniknews.kz[/caption]

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз премьер-министрімен келіссөздер жүргізген жоқ және шекарадағы мәселелерді шешу бойынша үкіметке тапсырма берген жоқ, деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Біріншіден, Сочиде (РФ) Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының аясында Қазақстан Президенті мен Қырғызстан Премьер-министрінің келіссөздері өткізілген жоқ.

С.Исаков мырзаның жеке Facebook парақшасында орналастырылған фотосуретте расталғандай, оның біздің Елбасымызға жақындап келуі ғана орын алды.

Екіншіден, Қазақстан Президентінің «шекарада туындаған барлық мәселелерді шешу бойынша Қазақстан Үкіметіне тапсырма бергендігі» туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

Ақиқатында, Үкіметке аталған мәселе бойынша үкіметаралық консультация өткізу туралы тапсырма берілді.

Бұдан бұрын қазақстандық БАҚ-та хабарланғандай, қазіргі кезде Қазақстан Республикасының ҰҚК Шекара қызметі қазақстандық ІІМ, мемлекеттік кірістер және көліктік бақылау комитеттерімен бірлесе отырып, еліміздің мемлекеттік шекарасының барлық периметрі бойынша, оның ішінде қазақстандық-қырғыз аумағында да жоспарлы шекара операциясын жүргізуде.

Шекарадан өтетін жеке тұлғаларды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеруді күшейту шаралары қолданыстағы заңнама шеңберінде қазақстандық және шетелдік азаматтардың құқықтарын шектеусіз жүргізілуде.

Шекараны кесіп өту үшін ешқандай шектеу немесе тыйым салынып жатқан жоқ.

Жоспарлы шекара операциясының басты мақсаты – шекаралық кеңістіктегі құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу, террористік, контрабандалық және басқа да қылмыстық әрекеттерге қатысы бар тұлғаларды анықтау, шекара тәртібі мен көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Шекара қызметі Қырғызстан Президенті сайлауына дайындық және оны өткізу кезеңінде шекаралық бақылаудың күшейтілген тәртібіне көшті.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі бұрмаланған ақпараттың таратылуына ресми түрде түсінбестік білдіреді және өзінің шынайы ақпарат беру мәселесінде кез келген БАҚ-пен ынтымақтастыққа ашықтығын растайды.