Өзбекстанның латын әліпбиіне өтуі немесе Қазақстан неге өзбек қателігінен сабақ алмай отыр?

Қазақстан латын әліпбиіне 2025 жылы өтуге байланысты дайындық жұмыстарын бастағалы бері бұл тақырып ел ішінде қызу талқылануда. Осыған байланысты қазақ жұртшылығы көптеген елдердің латын әліпбиіне көшу тәсілі мен тәжірибесіне баса назар аударуда. Оған себепте жоқ емес. Өйткені бір алфавиттен өзге бір әліпбиге өту өте күрделі процесс. Түркі тілдес елдердің ішінде Түркия, Әзербайжан сынды мемлекеттер латын әліпбиіне аса бір қиыншылықсыз өткені белгілі. Бірақ Өзбекстан әлі күнге дейін қос әліпбиді (кирилл және латын) пайдаланып келеді. Біз бүгін осы Өзбекстан елінің неге осы уақытқа дейін латын әліпбиіне көше алмай келе жатқандығына жауап іздеп көруді жөн көрдік.

Өзбекстан кирилл алфавитінен латын әліпбиіне өтуге байланысты заң жобасын 1993 жылдың 2 кыркүйегінде қабылдаған болатын. Бұл заңның өзбек елінде қысқа уақыт ішінде қабылдануына басты себеп, сол уақытта Түркиямен арадағы қарым-қатынасының жақсы деңгейде болуы болды. Себебі Орталық Азиядағы түркі тілдес мемлекеттердің тәуелсіздік ала салған жылдарында Түркияның Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан сынды елдердегі саяси салмағы басым болды. Жоғарыда аталған елдердің барлығы Түркияның даму жолын үлгі тұтты. Сол уақытта Түркия егерде Өзбекстан НАТО мен батыс елдері жағына шығатын болса, онда оған елге инвестиция тартуға, дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне, тіпті латын әліпбиіне көшуге көмектесетінін айтқан. Бірақ кейіннен Ташкент пен Анкара қарым-қатынасы бұзылып, Өзбекстан билігі латын әліпбиіне көшуді 2000 жылға, одан кейін 2005 жылға, кейінен тіпті 2010 жылға дейін кейінге қалдырды. Осы кезден бастап Өзбекстан мектептерінде қос әліпби оқыту бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама уақыт өте келе өзбек қоғамын екі лагерге бөліп тастады. Олардың бірі кеңестер одағы кезінде кирилл алфавитімен білім алып, өмір бойы кирилл әліпбиімен жазып келген аға буын өкілдері мен тәуелсіз Өзбекстанда туылып, латын әліпбиінде оқыған жас буын өкілдері.

Қазіргі таңда Өзбекстанда 25 жасқа дейінгі өзбек жастарының барлығы дерлік латын әліпбиін пайдаланады. Ал аға буын өкілдері керсінше кирилл алфавитінде жазады, сызады. Елдегі кітаптер мен ғылыми еңбектер, газет, журналдар қос алфавитте шығады. Бірақ мектептер мен жоғары оқу орындарының басым көпшілігі латын әліпбиінде жазылған кітаптарды қабылдамайды. Кітапханаларда латын алфавитінде жазылған кітаптардың саны өте аз. Мысалы Өзбекстанның Әлишер Навои атындағы көне кітапханасында 600 мыңнан астам өзбек тіліндегі кітаптар мен құжаттар сақталған. Ал олардың арасында латын әліпбиіне аударлыған нұсқалары жоқтың қасы. Өзбекстан ғылым академиясының кітапханасындағы жағдайда осыған ұқсас. Онда 5 мыңнан астам кирилл алфавитінде жазылған ғылыми еңбектер бар.  Оны әлі күнге дейін ешкім латын әліпбиіне аудармаған. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, елдегі ірі «Davr Press», «Akademnashr» және «О’qitovchi» баспаханалары жылына 48 пайыз латын әліпбиінде, 52 пайыз кирилл алфавитінде жазылған кітап басып шығарады. Латын әліпбиінде жазылған кітаптардың басым көпшілігі балаларға арналған кітаптар.

Ал жоғары буынға арналған ғылыми-танымдық, әдеби-көркем шығармалардың барлығы кирилл алфавитінде шығарылады. Бұл дегеніміз кирилл алфавитін білмейтін, білсе де толыққанды меңгермеген жас буынның әлемде болып жатқан ғылыми жаңалықтар мен көрекем шығармаларды оқуға мүмкіндігі шектеулі деген сөз. Ал ол өз кезегінде өзбек жастарының дамуына, алға қарай қадам жасауына үлкен кедергі туғызып отыр. Жалпы Өзбекстан жазу тарихына көз жүгіртетін болсақ, өзбектер де қазақтар сияқты бастапқыда 1917 жылдарға дейін араб әліпбиін пайдаланып келген. Бірақ 1926 жылы Баку қаласында өткен І түркі телдес халықтар сьезінде қабылданған шешім бойынша, Кеңестер одағы құрамындағы барлық түркі телдес халықтардың бір ауыздан араб алфавитінен, латын әліпбиіне көшуі керек деген шешіміне байланысты 1930 жылы Өзбекстан латын әліпбиіне ауысқан. Ол кезде Өзбекстанға латын әліпбиіне көшу аса бір қиындық тудырмаған. Өйткені сол кездегі өзбек халқының басым көпшілігі сауатсыз болған. Алайда арада он жыл өткен соң 1940 жылы 8 мамыр күні ел билігі Өзбек ССР-ы Жоғары кеңесінің ІІІ сессиясында толықтай кирилл алфавитіне өтуге байланысты шешім қабылдаған.

Негізінен осы уақытқа дейін Кеңестер одағы құрамында болған түркі телдес елдердің ішінде латын әліпбиіне толыққанды өткен Әзербайжан ғана. Бұл елде латын алфавитіне өтуге байланысты талқылаулар ХІХ ғасырдың соңында ақ басталып кеткен. Бірақ Әзербайжан билігі латынға тәуелсіздік алғаннан кейін барып бірақ көшкен. Жалпы Әзербайжан ТМД елдері арасында да латынға көшкен ең бірінші мемлекет. Алайда бұнда да 2000-шы жылдарға дейін газет, журналдардың басым көпшілігі қос алфавитте шығып келген. Тек 2000 жылдың ортасына қарай толыққанды латын әліпбиіне ауысқан.

Енді 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшеміз деп жатқан Қазақстанға келсек. Бұл жерде біз не көреміз? Бұл арада біз бірінші кезекте латынға көшуде осыдан 15-20 жыл бұрын Өзбекстан елі жіберген қателіктерді қайталауды байқаймыз. Ол қателік компьютер пернетақтасындағы 26 әріптен аспау мақсатында диакритикалық (ноқаты бар) әріптердің орынына қос әріп пайдалану. Бұған дәлел соңғы рет парламентте талқыланған алфавит. Онда кирилл әліпбиіндегі «ә» әрпін латын алфавитінде «ае» деп белгілеген. Дәл осындай қателікті 1995 жылы Өзбекстан елінің тіл мамандары да жіберген. Оларда өз латын әліпбиіндегі Ç ç, Ş ş сынды диакритикалық таңбаларын Ch ch, Sh sh әріптеріне ауыстырған. Бірақ бұнымен әлі күнге дейін «айды аспанға шығарып», ғаламды таң қалдыратын софт жасап, компьютердің пернетақтасында зырылдайтын өзбек баласын көрмеді әлем жұртшылығы. Оларда қазіргі Қазақстандағы тарихта қалуыды ойлап жүрген шолақ белсенділер сияқты латынға 26 әріппен өтсек бәрі «керемет» болады деді. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Халық қабылдай алмайтын әліпби жасау дамуға емес, керсінше құлдырауға, қоғамды екі лагерге бөліп тастауға алып келетінін олар кеш түсінді. Түсінгенімен осы уақытқа дейін латынға қашан толық өтетіндіктерін ешбір атқа мінер айқындап көрсеткен жоқ.

Ислам Кәрімовтың орынына келген Шавкат Мирзиеевтың елді реформалау бағдарламасында бұл бар ма, жоқ па оны да дөп басып айтатын адам қарасы көрінбейді жақын маңайда. Бір сөзбен айтқанда біздің елге белгілі бір дүниені жасамас бұрын өзгенің қателігінен сабақ алып үйренген дұрыс. Әйтпесе онсызда үш тұғырлы тіл мен қазіргі білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтердің ғаламдық деңгейдегі бағдарламаларын әрең игеріп жүрген жас қазақ, ертең қандай күйде болатынын бір құдай білдеді. Не де болса тәуелсіздік алған 26 жылдан кейін рухани жаңғырайын деп жатқан халықты, енді ел билігі 26 әріпке құрылған түрлі шолақ белсенділердің жасап шығарған әліпбиімен рухани қаңғыртып жібермесін деп үміттенейік.

“The Qazaq Times”