Астананың «Барысы» «Торпедо» командасын ұтты

Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын өз айдынында «Торпедо» (Нижний Новгород) командасымен өткізіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Тартысты өткен кездесуде айдын иелері бірінші болып есеп ашты. 9-минутта Мартин Сен-Пьер мен Кори Тривиноның көмегімен Талғат Жайлауов мергендік танытты. Бұдан кейін екінші кезеңде, 25-минутта қонақтардан Денис Баранцев таразы басын теңестірді. Үшінші кезеңде Найджел Доус пен Кевин Даллмэннің пасынан кейін Даррен Диц «Барысты» қайтадан алға шығарды. Меймандар да қарап қалмай, «Торпедодан» Михаил Григорьев есепті тағы теңестірді. Дегенмен, «Барыс» қайсарлығы мен шеберлігін көрсетіп, Мэттью Фрэттиннің пасынан кейін команда капитаны Найджел Доус есепті 3:2-ге жеткізді. Ойын соңына таман «Барыстың» сапындағы Роман Савченко айдыннан қуылып, қонақтар басымдылықпен ойнады. Тіпті алтыншы ойыншысын шығарып, қақпасын бос қалдырды. Осы сәтті тиімді пайдаланған Кевин Даллмэн матч бітуге екі секунд қалғанда, бос қалған қақпаны дәл көздеді. Осылайша, елордадағы үш кездесуін де жеңіспен аяқтаған «Барыс» ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында үшінші орында келеді. Астаналықтар келесі төрт кездесуін сырт айдындарда өткізеді. qazaquni.kz