Қазақстан бүкіләлемдік бокс рейтингінде көш бастады

Гамбургте өтіп жатқан Бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионатының 1/2 финалына 6 қазақстандық боксшы шықты. Біздің елдің боксшылары жалпы есепте Өзбекстанмен бірге екінші орынға тұрақтады. Бірінші орында – 7 боксшымен Куба құрамасы тұр. Медальдардың қалай бөліске салынатыны 31-тамыз бен 2-қыркүйек аралығында өтетін жартылай финал және финалдық айқастарында анықталады. «Қазақстан бүкіләлемдік бокс рейтингіндегі өзінің көшбасшы екенін тағы бір рет дәлелдеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Жалпы, жартылай финалға жолдама алғандар бойынша Азияның бірінші орынды иеленгені, шын мәнінде, тарихи оқиға. 40 медальдің 15-і осы құрлық өкілдеріне бұйыратыны белгілі. Екінші орындағы Америка конфедерациясынан 1/2 финалға 12 боксшы шықты. Ал үшінші орында 11 спортшымен Еуропа құрлығы тұр. Бір-біреуден боксшысы бар Африка мен Океания аймақтары 4-орынды бөлісіп тұр», – деді АИБА вице-президенті Серік Қонақбаев. Германияда өтіп жатқан әлем чемпионаты тамыз айының 25-де басталған-ды. Ал, ақтық бәсеке қыркүйектің 2-де өтеді. Азияның намысын қорғайтын елдер арасында Қазақ­стан көш бастап тұр. Яғни, жартылай финалда алты боксшысының шығуы Қазақстан үшін зор жетістік. Сондай-ақ, Өзбекстан, бір-бір өкілмен жүрген Үндістан, Оңтүстік Корея және Моңғолия елдері қорғайды. Азия бокс конфедерациясы - Халықаралық әуесқой бокс ассо­циа­циясының (АИБА) 5 құрлықтық құрылымдық бөлімдерінің бірі. Бұл конфедерацияны үш жылдан бері даңқты қазақстандық боксшы Серік Қонақбаев басқарып келеді. qazaquni.kz