Заманының үнін жеткізген Зере ана

Жуырда Астанада Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Зере» атты драманың премьерасы өтті. «Зере» спектаклі – Ұлықбек Есдәулеттің драматургия бағытындағы алғашқы толымды пьесасы деуге болады. Драма кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясынан таныс классикалық кейіпкерлер тағдырын көркемдік параллель арқылы жеткізіп, тұтас замана келбетін суреттейді.

Қойылым режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Қоюшы суретшісі – Берік Бурбаев.

Ішкі байланыс пен мықты динамика қатар өрілген спектаклдің әр сахнасынан суреткерге тән сезімталдық аңғарылатындай. Аталған пьесаның жазылуы мен сахналануы турасында "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТПЕН аз-кем әңгіме өрбітті. Аталмыш сұхбатты "Қазақ үні" оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.

– Ұлықбек аға, премьера құтты болсын! Бұл – Зере образының тұңғыш рет қазақ сахнасына шығуы екен. Зереден бөлек қазақ руханиятының кемелдену жолында айрықша орны бар әжелер көп. Таңдауыңыздың неліктен Зереге түскені қызықтырып отыр.

– Шынымды айтсам, менде таңдау болған жоқ. Дәлірегі – таңдауды жасаған Қаллеки театры. Қысқасы, мәселе былай болған. 2016 жылдың басында театр басшылығы мамыр айында Халық әртісі Гүлжан Әспетованың 70 жылдық мерейтойы келе жатқанын ескеріп, одан қандай рөлді ойнағысы келетінін сұрапты. Гүлжан Әспетова «Арманым – Зерені ойнау» деп жауап берген екен. Содан шұғыл Зере туралы пьеса жазатын авторды іздеу басталады. Жан-жаққа сұрау салынады. Бірақ ешкім белсеніп шыға қоймаған сыңайлы. Өйткені Зере ана туралы тарихи дерек там-тұм ғана. Күрделі тақырып, ғасырлар қойнауында көміліп жатқан көріністерді тірілте қою қиынның қиыны. Жоқтан бар жасау оңай шаруа емес. «Абай жолындағы» Зере ана жөніндегі шағын деректермен кең көсіле алмайсың. Бірақ Құнанбай заманы туралы қалам тартатын кез-келген жазушыға «Абай жолы» адастырмас темірқазық, өшпес бағдаршам болары сөзсіз.

Содан былтыр көктемде тамаша ақын інім, драматург Бақыт Беделхан Қаллеки театрының атынан ұсыныс жасады. Өмірі пьеса жазып көрмеген мен бірден бас тарттым. Бір ай өтпей жатып, ол екінші рет қолқа салды. «Сіздің поэмаларыңызда драма элементтері көп, қолыңыздан келеді, кірісіп көріңізші», деді. Тағы көнбедім. Бірақ бұл жолы, драматургияға ерте ме, кеш пе түрен салып көру туралы ішімде бала кезден бұғып жатқан ой басын көтеріп алды. Менің кезінде ақ өлеңмен бастап, аяқталмай қалған драмалық поэмаларым бар. Осыдан 15 жыл бұрын Айтқали мен Арман Жайымовтардың «Бейбарыс» операсына либретто да жазғам. Сөйтіп, «бекер бас тарттым ба» деп өкіне бастағанымда Бақыт бауырым кездесе кетіп, тағы да: «Аға, ойланып болдыңыз ба? Зереге кірісесіз бе?» дегенде қалай келісе кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Содан бастап, жатпай-тұрмай Зере ана туралы дерек, мәлімет жинауға кірістім. Былтыр жазда Шығыста, Қалбатауда Зере анаға ескерткіш ашылғанда, Семейде ғылыми конференция болғанда барғым-ақ келді. Бірақ мені шақырған ешкім болмады.

– Пьесаның көркемдік және идеялық мазмұнының терең ашылуында сахналық тілдің маңызы орасан. Қойылымның тілдік шығармашылық қуатының екпінді екенін байқадық. Кейіпкерлердің диалогтарының шешендік өнермен астасып жатуы спектакльдің стильдік ерекшелігі болған тәрізді.  Осы тұстағы ізденістер туралы айтып берсеңіз.

– Бұл енді менің зертханама үңілу. М.Әуезовтің. Ғ.Мүсіреповтің, Т.Ахтан, Ә.Кекілбайдың, Қ.Ысқақтың, А.Сүлейменовтің драмалық шығармаларындағы тілдік қолданыстар туралы кезінде көп жазылғаны өздеріңізге белгілі.  Зере ана заманы – билік институтының дәуірлеп тұрған дәуірі. Жұрт аталы сөзге тоқтайтын, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін уақыт туралы жұтаң тілмен жазуға болмайтынын ұғындым. Билер өз заманының тілінде сөйлеуі керек. Демек, оларды өзімше сөйлетуім керек екенін бағамдадым. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген. Әуезовтің әсерінен шыға алмай қалармын деп, «Абай жолын» да жылы жауып қойдым. Өйткені ұлы Мұхаңның мұхиты сұрапыл, тереңіне бір сүйреп кетсе шығу қиын, магниті аса күшті. Содан өзімнің бойымдағы тілдік қорымды қопарып байқадым. Бұл өзіме де қызық болып көрінді.

– Спектакль басталғандағы келін Зерені пайымы мен парасаты тоғысқан қазақ қоғамының данагөй қариясы биігіне шығара алдыңыздар ма? Қазақ оқырмандарына әуелден таныс әдеби нұсқадағы кейіпкерлерді сахналық кеңістікке дұрыс көшіре алдық деп ойлайсыз ба?

– Бұл жерде автор өз шығармасы, өз кейіпкері туралы не айта алады? Зере ананы мына биіктікте, мына кеңістікте бейнеледім деп күпірлік жасамайын. Бұл жағын мәртебелі көрермендер мен театртанушы мамандар айта жатар. Мен жұртқа таныс-бейтаныс тарихи фактілер мен шындықтан ауытқымауға тырыстым. Ізденіс барысында белгілі тарихи кейіпкерлерге деген өз көзқарасым, өз танымым қалыптасты. Мен соны көркем тұрғыдан бейнеледім. Нәтижесінде 60 беттен тұратын көлемді пьеса өмірге келді. Ең алдымен жас режиссер Асхат Маемиров қолға алған еді, тізе қосып жұмыс істей бастағанымызда оны ЭКСПО-ға шақырып әкетті. Қойылым жұмысы тоқтап қалды. Содан таңдау көрнекті режиссер Нұрқанат Жақыпбаевқа түсті. Ал ол мендегі көлемді пьесадан өзіне керегін ойып алыпты. Маған тіпті хабарласқан да жоқ, өз бетінше қойып шықты. Екеуміз драманың тұсаукесерінде бір-ақ жолықтық. «Пьесаны оқығаннан-ақ, бірден қоюға бел будым. Маған жазылу стилі, құнарлы, көркем тілі бірден ұнады. Менің қолайыма жағатыны поэтикалық қойылымдар ғой. Соған сәйкес келе кетті» деді ол тұсаукесер кезінде маған. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» демекші, пьеса мен қойылым мінсіз шықты деп айта алмаймын, түзейтін, өңдейтін, қабыстыратын тұстары байқалып қалды. Мысалға,  бесікте жатқан  сәби Абайды шақпақ болған жыланды жұлып алып, лақтырғанда Зеренің қолын шағып алатын тұсы сахнаға кірмей қалыпты. Абайды құтқарамын деп, улы тіс тиген Зере ананың талып құлайтын жері бар еді. Кейбір диалогтар қысқарғанда жауаптар пайда болған. Кей тұстарда актерлер өз мәтіндерін толық игермегені сезіліп қалып жатты. Айталық, екі күн бойы «Шып-шырғасын шығармай» деген тіркес «шым-шытырығын шығармай», «Үкілеген жебеңді үй ішінде атқаның неткенің» деген тіркес, «жебелеген үкіңді үй ішінде атқаның  неткенің», немесе «насыбайыңды қоймадың деп мұрнын кесіп алған» деген сөз «намазыңды қоймадың деп мұрнын кесіп алған» деп қате, жаңсақ айтылды. Бірақ мұның бәрі  жүре-бара оңдалып, түзеліп кететін кемшіліктер деп айтар едім. Біз премьера барысында режиссер Н.Жақыпбаев екеуміз бұдан былай тізе қоса отырып, пьесаның артық-кемін өңдеп, жөндей түсуге сөз байластық.

– Жуырда 37-Дүниежүзілік поэзия конгресі өткен Моңғолияға сапарыңыз туралы да айта отырсаңыз. Осы жыр фестивалінде Әлемдік өнер және мәдениет академиясының президенті Маурис Янг (Франция) өзіңізге академияның Алтын медалін табыстағанын естідік.

– Бұл Академия – әртүрлі мемлекеттерде 37 рет үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан дүниежүзілік жыр конгресі мен фестивальдердің негізгі ұйытқысы, Біріккен Ұлттар Ұйымының, ЮНЕСКО-ның  аясындағы шығармашылық ұйым. Америка Құрама Штаттарында тіркелген, штаб-пәтері Парижде. Басқарма құрамында Нобель сыйлығының номинанты тайваньдық Ю Си, испандық досымыз Хусто Хорхе Падрон, моңғолиялық Гомбожав Менд-Ооёо және басқалар да бар. Моңғолдар соңғы 12 жылда мұндай Конгресті екінші рет өткізіп отыр. Ақындарға өз қазанында қайнай бермей, сыртқа шыққан пайдалы екеніне әлдеқашан көзім жеткен. Содан да болар, шетелдерде болып жататын түрлі әдеби басқосуларға шақыру алсам қалмауға тырысамын. Түркиядағы, Колумбиядағы жыр фестивальдерінің арқасында әлемнің біраз әйгілі ақындарымен танысып-білісіп, араласа бастадым. Колумбиядағы Дүниежүзілік дәстүрлі фестиваль биыл 25-рет өтті. Мен оның 22-шісіне қатысқан жалғыз қазақпын. Олар ақындарды бір мемлекеттен қайта-қайта шақыра бермейді екен. Осы 25 жылда аталған форумға Ресейден бар болғаны үш-ақ ақын шақырылыпты, олар А.Вознесенский мен Е.Евтушенко, үшіншісі – ағылшын тіліне аудармашы. Сол фестивальдің негізгі ұйымдастырушысы ақын Фернандо Рендон менімен әлі күнге байланысып, өздеріне шақыруға жыл сайын бір Орта Азия ақынының кандидатурасын сұрап отырады.  Ал Моңғолиядағы Дүниежүзілік поэзия конгресі 37-рет өтіп отырса, бұған дейін оған қазақ ақындары қатысып көрмеген. Біз Қазақстанның атынан тұңғыш рет қатысып отырсақ та, әлем поэзиясының алдыңғы қатарында біздің қазақ поэзиясының өз орны барын дәлелдей алдық деп айтар едім.  Құрамында Қасымхан Бегманов, Жүкел Хамай, Қазыбек Иса, Ғалым Қалибек бар біздің поэзиялық командамыз Әлемдік Конгреске қатысқан 250-ге тарта ақынның ішінде елеусіз қалмай, өз ерекшелігімізбен көріне білдік. Ең алдымен ашылу салтанатында алғашқылардың бірі болып маған сөз тиді. Артынша әлемнің әр түкпірінен келген ақындар қазақ шайырларына қызығушылық таныта бастады. Сөйлескендердің барлығы біздің Елбасымызды танитынын айтып жатты. Бір жақсысы, бұл сапарымызға Президент Әкімшілігі де көңіл бөліп, қатысушыларға Мәдениет және ақпарат министрі А.Мұхамедиұлы арнайы құттықтау жолдаған болатын. Дегенмен, біз бес қазақ ақыны өз қаражатымызбен барып қатыстық, ал Қытай мемлекеті 25 ақынының бар шығынан көтеріп алыпты. Жыр Конгресі мен фестивалінің өту барысында әр күніміз жағымды жаңалыққа толы болды. Маған жоба иесі – Әлемдік өнер және мәдениет академиясының алтын медалі бұйырды. Оны  мойныма академия президенті Маурис Янг өз қолымен тағып, дипломын Моңғолия поэзия академиясының президенті, ақын Гомбожав Менд-Ооёо табыс етті. Мұндай медальді екі-ақ ақын иелендік, екіншісі – Моңғолияның халық ақыны Нямба. Қасымхан Бегмановқа осы академияның гуманитарлық сала бойынша докторы атағы берілді. Ақын Жүкел Хамайға Моңғолия поэзия академиясының «Жыр пырағы» кубогы және Тайвань поэзия академиясының «Алтын тырна» жүлдесі табыс етілді. Ақын Ғалым Қалибек Моңғолия поэзия академиясының «Алтын қалам» сыйлығына ие болды. Жүкел Хамай, Қазыбек Иса, Ғалым Қалибек төртеуіміз Әлемдік өнер және мәдениет академиясының мүшелігіне қабылданып, академигі атандық. Ең бастысы, енді Әлемдік академияның ұлттық бөлімшесі ретінде өз халықаралық академиямызды құрып, тіркетуге рұқсат алдық. Бір айта кетер жәйт, Моңғолияда өткен әлемдік жыр Конгресінде халықаралық орыс тілі түкке жарамай қалды. Менің Әдебиет институтында бірге оқыған курстасым, ресейлік жазушы  В.Слипенчук пен орыстілді бурят ақынынан басқа ешкім бұл тілде сөйлеген жоқ. Ләм-мимсіз қалған бізді қиындықтан құтқарып, сөзіміз бен өлеңімізді моңғол тіліне аударған талдықорғандық ақын Жүкел Хамайға ерекше ризашылық білдіреміз. Моңғолия бұл күнде туристік елге айналып үлгеріпті. Улан Батордың көшесінде еуропалықтар өріп жүр. Мені таңырқатқаны – моңғол ақындарының аз жылдың ішінде ағылшын тілін игеріп, еуропа тілдеріне аударылғаны болды. Әр моңғол ақынының қолынан 10-15 өлеңнен тұратын ағылшын тіліндегі шағын жинақтарын, буклеттерін көруге болады. Көбі сол тілде емін-еркін сөйлесіп жүр. Бірнеше күндік басқосу қорытындысында Әлемдік академия тарапынан келесі жылғы жыр Конгресін өткізетін елге таңдау  жүргізілді. Ел қатарлы біз де ұсыныс бердік. Алайда, оны өткізу құқына бұған дейін үш рет құлап,  төртінші рет ұсыныс берген Қытай елі ие болды. Бұл форумға тас-түйін дайындықпен келген олар келер жылғы 38-Конгресті Сиян провинциясында, жыр кештерін Бейжің, Гонконг, Шанхай қалаларында өткізетінін мәлімдеді. Тіпті, бір тобы өлең оқып, болашақ фестивальді бастап та жіберді. Ұйымдастырушылар тарапынан бізге 2019 жылы өткізу құқығы берілуі мүмкін екені айтылды. Оны өткізуге Мәдениет және спорт министрлігі, шығармашылық одақтардан бастап, Астана, Алматы қалаларының және кез-келген облыстың басшысы ұсыныс беруіне болатынын білдік. Бұл ақындар мен әкімдерге құлаққағыс.

Әңгімелескен Ая Өміртай