Гүлзира Айдарбекованың жаңа келіні қазақшаға шорқақтау екен

Келін түсіріп, беташар жасап, құдалығын аман-есен өткізген Гүлзира Айдарбекова жұмысына қайта оралды. Ол әдеттегідей іскерлік кездесулеріне қатысып, телеарналарға сұхбат беруде. Бұл жолы Қайрат Нұртастың анасы жаңа түскен келіні жайында бар шындықты айтты.

Бұл туралы Zhuldyz.tv арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Гүлзира Үсенқызының айтуынша, ата салтты жаңғыртып, аулада беташар жасағанын ел арасында түсінбей жатқандар көп болыпты.

«Кейбіреулер: «Ақшаңыз жетпей қалды ма? Неге мейрамхана емес», – деген сұраққа да жауап іздеді. Біз өзіміз келін болып түскен кезде, есімізде көп қалатын, аға-жеңгеліріміздің тойлары болған кезде аулада бәрі күліп, самаурын қойып, тамақтар жасап, өте көңілді өтетін. Жолдасымыз екеуміз сол күндерді аңсадық. Балаларымыздың да өмірінде сондай ерекшелік болса деген сияқты ойладық», – деп түсіндірді Айдарбекова.

Бұдан кейін Гүлзира Үсенқызы жаңа келіні Әйгерім жайында ойымен бөлісті.

«Ұлымның бесінші сыныптан бастап жақсы көрген қызы. Бізге қатты ұнады. Қаланың қызы болғандықтан, кішкене орысшаға жақын екен. Бірақ енді барынша үйреніп жатыр. Ең бастысы, жүрегінде арамдық жоқ. «Қалай осы еңбектеріңізді ақтасам екен?» деген сөзін естіген кезде жүрегім жарылуға сәл-ақ қалды», – дейді Қайрат Нұртастың анасы.

Жас жұбайлар қыркүйек айында бал айына аттанады. Ата-анасы біз көрмеген қызықты балаларымыз көрсін деп тілек білдіріп жатыр. Алда Алматыда жігіт жақтың ұлан асыр тойы күтілуде.