Мағжан Жұмабаевтың құпия сақталып келген қолжазбасы жария етілді

Мағжан Жұмабаевтың құпия сақталып келген қолжазбасы жария етілді

Астанада өтетін «Қазақстанның жаңа тарихи белесі» атты көрмеде Солтүстік Қазақстан облыстық архиві сирек әрі бірегей материалдарды ұсынады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысының Астанадағы мәдениет күндері аясында Ұлттық музейде көрме ұйымдастыратын бірінші өңір болады. «Көрмеде мешіттер мен шіркеудің метрикалық кітаптары, Қазақ хандығының тарихы мен 18 ғасырдағы шетел архивтерінің құжаттары мен құжат көшірмелері, «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» қызметіне қатысты бірегей құжаттар ұсынылады», - деді облыстық архив директоры Сәуле Маликова.

Көрмеге облыстың киелі жерлерінің картасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жасаған сапарларының фотоқұжаттары қойылады.

«Бізде Мағжан Жұмабаевтың қолжазбасы бар. Бұл құжат бұрын құпия сақталып келген. Алайда, одан «аса құпия» таңбасы алынып тасталды. Құжат 1922 жылдың 20 тамызы күні облыста ашаршылық кезінде жазылған», - деп түсіндірді Сәуле Маликова.

«Қазақстанның жаңа тарихи белесі» көрмесі 24-26 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің көрме залында сағат 11.00-ден 18.00-ге дейін өтеді.