Дәурен ҚУАТ: Руханият үшін еңбек ететін жандарды құл қылып ұстау бізде ғана бар

Картинки по запросу дәурен қуат

- Дәурен аға, кешегі кеңестік кезеңде ақын-жазушыларға жағдай жақсы жасалғанын "ауызымыдың суы құрып", таңдайымызды қағып айтатынымыз бар ғой. Сол шақта кесек-кесек керемет дүниелермен қатар социалистік кезең дәуірдің "дауылпазшылары" мен одашыларын, мадақшыларын тудырғаны және рас. Дегенмен, ол кезең келмеске кетті. Бұрынғыдай қаламақыға пәтер, көлік сатып алмақ түгілі қанша дүниелер жазып-ақ бір басына баспана бұйырта алмай жүргендер бар. "Байтал түгіл бас қайғы" болғандар бар. Бүгінде біз руханиятымыз үшін, әдебиетіміз үшін кешегі сол дәуір мен одан кейінгі уақыттан сабақ ала отырып қандай қарекетке баруымыз керек деп ойлайсыз?

Одашылар, мадақшылар қай заманда да болған, бола да беретін шығар. Совет өкіметінде әдеби ортаға нұсқау ретінде берілген «Соцреализм» дейтін болды.

Нұсқау бойынша, жазушы Советтік Социалистік қоғамның шындығын жазып, ақындар тек соны жырлауы керек еді. Сөйтіп қаламгер қауымы Совет Одағының Орталық Комитеті қатаң бақылап отыратын қызыл идеологияның армиясында қызмет етті. Сәйкесінше өкімет те ақын, жазушыларға жағдай жасап, қаламақыны өкіртіп төлеп отырды. Шығармашылық одақтар мен шығармашылық демалыс үйлерін салып берді.

Мысалы, Алматының жоғары жағындағы Бутаковка шатқалында Жазушылар Одағының шығармашылық демалыс үйі болды, қазір де бар ғой деймін. Сол демалыс үйінде Ғабит Мүсірепов бастаған әдебиеттің кешегі корифейлері, ақсақалдары, отыздан жаңа асқан Асқар Сүлейменов, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкеев, Сәкен Жүнісовтер айлап жатып шығармаларын жазады екен.

Білуімше, Сәкен Жүнісов мемлекеттік қызметтен ерте қол үзіп, бірыңғай жазумен айналысқан адам. Бір сұхбатында жарықтық айтып еді, «мен Совет өкіметіне қызмет жасаған емеспін» деп. Рас айтады.

Әсіресе, әйгілі шығармаларында қызмет еткен жоқ. Бірақ, сол заманның игілігін көрді, бай-қуатты өмір сүрді деп ойлаймын. Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көші» жүз мыңдаған тиражбен басылыпты. Сол Сәкен ағалар, Қабдеш ағалар бар жағдайын жасап баққан Совет өкіметінің сөзін сөйлеп, сойылын соқты ма? Әрине, жоқ! Жазушы да адам баласы.

Оларға облыс не аудан әкімдері, немесе жекелеген меценаттар қол ұшын созып, баспанамен қамтамасыз етіп жатса, қанекей! Одан бас тартудың, оны қоғамның келеңсіз бір дүниесі секілді көрсетудің қажеті жоқ. Бірақ, біз әкім-қараларға «мына ақынға немесе мына жазушыға жағдай жаса» деген секілді міндеттеме жүктей алмаймыз.

Ал әкім, облыс әкімі, аудан әкімі өзім жағдай жасаймын, «жазушылар, келе қойыңдар, үй беремін, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік жасаймын» десе қолын қақпайық. Кезінде Имекең мен Қырымбек Көшербаевтар өлкеге белгілі игі-жақсыларды шақырып, бәріне үй берді. Бірақ, олардың бір қателігі, меніңше, берерін беріп қойған, асарын асап, жасарын жасап қойған шығармашылық иелерін шақыруы дер едім. Мысалы, Зейнолла Қабдоловтар барды Атырауға.

Зейнолла аға қанша жерден атыраулық болғанмен де ол жерде қалып, тұрақтаған жоқ. Баспанасын алды да бір-екі жылдан соң бауыр басқан Алматысына қайтып оралды. Тасмағамбетов Атырауға шақырған өнер тарландарының ішінен Ілия Жақанов қана қалып қойды ғой деймін. Ал осы Ілекең Атыраудың руханият дүниесіне үлкен еңбек сіңіріп жатыр.

«Доссор вальсі» сияқты Атырау жастары сүйіп айтатын бірнеше ән жазды, жасы сексенге таяған кезде Халел Досмұхамедов атындағы университетке түсіп, суретші мамандығын бітіріп алып, Ақжайықтың жағасында сурет көрмесін жасап жүр. Демек, әкімдер сенім артып шақырған соң орайы туып тұрған мүмкіндікті ақын-жазушылардың ортақ игілік үшін орынды пайдаланғаны дұрыс. Биліктегілер, атқамінерлер жас ақын-жазушыларды елге шақырып жатса, барған жөн деп білемін.

Жалпы жазушының ел танығаны, өмір танығаны алдымен өзіне қажет. Қаны ұйып, бір жерде отырған, өмір көрмей, өмірді зерттемей, елдің ішіне бармай жазушы жазушы бола алмайды.

Ұлты еврей жазушы Исаак Бабель шығармаларын алып Максим Горькийге барғанда, Мәкең мұртын сылап отырып: «Исаак, сен халықтың ортасында бол, айнала жұрт не ойлап, қалай өмір сүріп жатыр, соны біл. Сен өмірді білмейді екенсің», - деп қайтарыпты. Содан Исекең әскерге барады, атты әскер қатарында қызмет етеді. Басынан небір хикметтерді өткереді. Ел аузындағы әңгімелерге қанады. Арада бес-алты жыл өткенде мынау деген жазушы болып шыға келеді.

Тегінде жаһангерлікті, жиһанкездікті өзіне серік еткен қаламгерлер соңына көп дүниелер қалдырған. Мысалы, Джек Лондон. Ол жазушы болмай тұрып, Американың кемелері жететін жерді түк қоймай аралаған.

Мына жағы Аляска, мына жағы Жапон жағалауларына дейінгі жер көкті кезіп жүре берген. «Ақ азу», «Әйел қырық шырақты», «Теңіз қорқауы» сияқты шығармалары сол «кезбеліктің» жемісі. Жаһанды шарлап, қорын байытқан жазушы көрген-білгенін, ойына түйгенін қағазға түсірген, көркем дүниеге айналдырған екен. Ал енді, бұның сыртында жазушы үшін ең керек нәрсе: оқып ізденудің, күндіз-түні тапжылмай отырып жазудың, шеберлік шыңдаудың әңгімесі басқа.

- Жалпы, қаламгердің бай болуы қажет пе? Әлде, қоғамның қиындығын көріп өскен ақын-жазушы ғана мықты дүние қалдыра ма?

- Неге жазушылар, ақындар бай болмасқа? Қаламгерлер жан-дүниесі ғана емес, материалдық жағынан да бай болуы керек. Атақты, әйгілі жазушылардың көбі бай болған. Мысалы, Чехов орман еккен, жеке қаражатын шығындап, халықтың есебін жүргізген. Түрік жазушысы Әзиз Несин жеке қаржысына түрік баласы жан-жақты білім алатын кешенді мектептер салған.

Он тоғызыншы, жиырмасыншы ғасырлардағы көп жазушылар жақсы жағдайда өмір сүрген. Неге, мысалы, қаламгерлерге Нобель сыйлығын береді?! Бай болсын, шығармасы дәріптелсін, құрметтелсін, адамзат қоғамы тарапынан лайықты бағасын алсын деген ізгілікті мақсат жатыр ғой ол сыйлықтың ар жағында.

Абай атаңыз «Болмасаңда ұқсап бақ» деді. Жақсыға, жаны ізгі адамға бүгінгі жастар ұқсап бақса қандай ғанибет болар еді?!. Ол жақсымыз, мысалы, Мұхтар Әуезов.

Қазір Мұхтардың өмір жолына үңіліп, ұлы еңбектерін оқып, сол адамға еліктеп жүрген жас бар ма? Бүгінгілердің кумирі кімдер өзі? «Сенің кім екеніңді айтайын, досыңды көрсетші» демекші, мен қазіргі жастарды кумирлеріне қарап білемін. Көбі елтең-селтеңнің адамы. Сұраққа келейік. Сұраққа келгенде тағы да Әуезовке оралуға тура келеді.

Былай ойлайық: Мұхаң ортамызда жүр делік. Әйгілі «Абай жолын» жазып тастаған. Әдебиттегі зерттеу еңбектері өз алдына, шығармашылықтың шыңына шығып алған. Енді не керек? Әрине, қоғам тарапынан ұлы тұлғаға лайықты құрмет керек. Зәулім сарайда тұрсын, өзіміздікін былай қойыңыз, шетелдің банктерінде үйліп-төгіліп ақшасы жатсын.

Қысқасы, шалқып өмір сүрсін. Бірақ біз қазіргі қалпымызда Әуезовке әлгіндей құрмет көрсете алмайтын сияқтымыз. Өйткені бізде ұлыларға емес, ұрыларға деген құрмет пен табыну, тек солардың табанын жалап, құрақ ұшатын құлдық мінез қалыптасып қалған. Байлық жақсы, бай болған жақсы, бірақ, тоғышарлық жаман нәрсе.

Тоғышарға рухани игілік қажет емес, тойып ішсе, тоңқаңдап тышса, жетеді. Тоғышар дегеніміз – семіз малай. Малайда адамдық қасиет болмайды. Әуезовты айтып қалдық қой, әріқарай айта түселік. «Мен боламын демеңдер аяқты алшаң басқанға, екі көзің аларып, құр қарайсың аспанға» деді Абай. Дегендей-ақ, Әуезов болу оңай емес. Ол үшін Әуезов болып туу керек шығар. Әйтсе де, Әуезовке еліктеуге, ұқсап бағуға болады. Әуезов болу, ол – шырғалаңы көп шығармашылық жолды кешіп өту.

Жазушыға айбынды атақ, абройлы байлық төтесінен келе салмайды. Габриэль Гарсиа Маркес «Жүз жылдық жалғыздықты» баспаға апарып тапсырғанда қалтасында соңғы песо (Колумбияның ұлттық валютасы) қалыпты дейтін әңгіме бар. Рас шығар. Өйткені «Жүз жылдық жалғыздыққа» дейін жазушының шығармалары баспасөз беттерінде жарияланып жатқанымен кедейліктен көз ашпаған көрінеді. Бірақ жазушы алған бетінен қайтпайды. Жазуға жанын салады. Бақытына орай әйелі жазушының жандүниесін жақсы түсініп, қамқор болыпты. Ал, «Жүз жылдық жалғыздық» Габоға жазушы бақытын да, аста-төк байлықты да әкеліп, бір басына үйе салды.

Біздің жазушыларға да Маркестің жолын берсін деп тілейік. Бұл жердегі басты мәселе – өзіміздің Маркестерімізді тани білуде. Олардың шығармаларын оқып, талантына тәнті болып, құрметтей білуде. Осыған қосып айтарым, ақын-жазушылар «мен шығармашылық иесімін, маған жағдай жаса» деп қоғамға масыл болуға тиісті емес.

Ол ұят нәрсе. Оларға жағдай жасауға біздің қоғам міндетті де емес шындап келгенде. Бірақ, солай екен деп, оны қаламгер екен деп, «қайтсең сөйт», «өз күніңді өзің көр» деп, екінші, үшінші қатарға қойып қоюға және болмайды.

Ақын, жазушылар – олар да қоғамға игілік жасаушылар. Ал жалпы қазақ ақын-жазушыларының тарихы мен тағдырына мән бере қарасақ, олар – қоғамның теперішін көп көрген адамдар.

Отыз жетінші жылғы атылып кеткендер кілең мықты жазушыларымыз, ақындарымыз болатын. Одан беріде айдауда болды. Совет коммунистерінің қылышының жүзінде, мылтығының аузында жүрді. Бәрі керемет болса, Төлеген Айбергенов «Ақын боп ғұмыр кешіру оңай деймісің, қарағым» дер ме еді? Біздің қазақ қоғамы интеллектуалдарды аяған емес, әлі де аяп отырған жоқ.

Енді оларды не таза капиталистік емес, не басқа емес, түсініксіз бір қоғамдық формацияның қара тереңіне лақтырып жіберуге өз басым қарсымын. Жақсы дүниелер жазып жатқан қаламгер бағаланып, лайықты құрметін көруі тиіс. Бірақ, кейбір пысақайлар бар, майға сұққан жез қасықтай жылмаңдап, көрінген жерден табыла кетеді.

Жазу өнерінің бағылан басын қор етіп жүргендер – солар. Өз жарнамасын жақсылап жасап, кітаптарын әкімдерді жағалап жүріп, шығартып алады да бюджет қызметкерлеріне қыстап отырып сатқызады. Керісінше қанша талантты болса да, жарнамаға икемі жоқ, өзін танытуға келгенде қауқарсыз қаламгерлер бар.

Соның бірі – Молдахмет Қаназов деген классик жазушымыз. Ғажап жазушы. Оны кім танып жатыр? Ол кісі бүгінгі Төлен Әбдіктерден, Дулат Исабековтерден еш кем емес. Тең болмаса. Бірақ, насихаты аз, дәріпі жоқ. Жанат Ахмади де сондай.

Әдебиетке «Дүрбелең» романымен дүбір салып келген талантты жазушы қазір әлдебір әулет пен жуан рудың шежіресіне құрылған шын-өтірігі беймәлім дүниелерді жазып, әбден жұқарып бітті. - Біз ақын-жазушыларымыздың беделін көтеруіміз үшін не істеуіміз керек сонда? Әдеби маркетинг, агенттіктерге қаламгерлер дайын ба? - Айдос Сарым мысал келтіріпті ғой, жылда 100 мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды, соншасы тәмамдайды деп.

Мысалы, соның 20 мыңы кітап оқитын болса, ол үлкен күш, керемет нәрсе. Батыс жұрты кітапты бас алмай оқиды. 2002 жылы Америкада бір айдай болдым. Сонда ұзыннан шұбатылған кезекті көрдім. Бұл ненің кезегінде тұрғандар деп сұрасам, кітаптың кезегінде тұрғандар дейді. Көрдіңіз бе, біз өзімізше мұрнымызды шүйіріп менсінбейтін американдықтар қандай?

Кітап үшін үлкен кезекке тұрып, кітапхананың ашылуын күтеді. Жапон халқы да сондай деп естимін. Бұл ел – өзінің салт-дәстүрін, дүниетанымын, мәдениетін сыртқа керемет дәріптей білетін ел. Олар ақын-жазушыларының кітаптарын шет тілдеріне аударып, әлемге танытуға қаражатты аямайды. Жапонның Акутагавасының, Мисимасының, Кавабатасының жарқ етіп шығып, кейін дүниеге белгілі болуының бар құпиясы осында. Әйтпесе, солардың Сайын ағаларымыздан асып бара жатқаны шамалы.

Әңгіме болсын, өткенде «Астана» мен «Ордабасының» ойынын көрдім. Легионерлер қаптап жүр. Мейлі, жүре берсін, көзіміз үйреніп болды ғой ендіге. Ойындарын қарап отырғанымда әлгі иттердің денесін май басып кеткендей көрінді маған. Бостан-босқа салақтап, ырс-ырс етеді. Қазақстанның майлы көжесі жақса керек шамасы.

Солардың бырдай болып семіруіне, талтаңдап доп қуғанына пәленбай қаражат төлейміз. Оларға келгенде мемлекет қаражатын аянып қалмайды, руханиятымызға үлкен үлес қосып жатқан қаламгерлерімізге келгенде бізде бюджет тапшы болып шыға келеді.

Өз руханиятын құлдыратып, руханиятына үлес қосқан жандарды құл қылып ұстау бізде ғана бар дүние шығар. Әдеби агенттер керек. Әдеби агенттердің керектігі туралы өткенде осы сайтта біраз ойларымды айтқанмын, оны қайталамай-ақ қояйын.

Әдеби шығармалардың таралымын жолға қоятын жүйе, жалпы оқырман қауыммен тығыз байланыс жасайтын епті маркетниг қалыптаспай қазіргі қазақ әдебиетінің бағы жанбайды-ау деп ойлаймын. Бұның сыртында әдеби ортаны қайта жаңғырту мен әдеби сынды қолға алу керектігі өзінен өзі түсінікті шығар. Кейінгі оншақты жылда әдеби сынды жолға қойған марқұм Таласбек Әсемқұлов еді.

Тәкең жоқ, Тәкеңнің жолын жалғастыруды ойлап жүрген жастар да жоқ сияқты. Әлде бар ма екен? Көңілім жоққа сенбейді, барға сенеді. Әсия Бақдәулеттерден үміт күтемін.

"Егер жаңағы мен айтқан қаламгерлердің барлығы пәтер жағалап, қаңғырып жүрсе, қандай болар еді? Әрине, жазар еді, итшілеп жүріп кітаптарын шығарар еді. Бірақ, итшілеп жүре беру қайбір жақсы дейсіз? Жүйкесі жүндей түтіледі, жүйке кеткен соң әртүрлі ауру иектейді. Өмірден түңіледі, салғырттық басталады"

- Сіздің буынның біраз өкілі кезінде баспаналы болғанын білеміз. Олар өз кезегінде сол игілікті шығармашылығымен ақтай алды ма?

- 2004 жылы Атыраудан үш бөлмелі үй береміз деп облыстық әкімшіліктегі азаматтар «Алтын Орда» газетінің ұжымын басқаруға шақырды. Бірақ, реті солай болды ма екен, үш емес, екі бөлмелі үй берді. Шүкір. Атырауда үш-төрт жылдай қызмет атқардым. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде маған Әмірхан Балқыбек досым хабарласты. «Дәурен, мен ауылға қайтсам ба деп жүрмін», «Не болды?», «Мына баспананың зары әбден өтті, жұмыстың да жөнді ыңғайы болмады.

Алатынымыз 30-40 мың теңгенің айналасы. Мархаббаттың да ақшасы сол шама. Ауылға барсам, әйтеуір әкемнен қалған үй бар, жазатынымды сол қара шаңырақта отырып та жазармын». Мен не дейін, Атырауға шақырдым. Ол келе алмайтындығын айтты. Әбекең солай қиналып жүргенде Алматы қаласына әкім болып Иманғали ағамыз келді.

«Құлагер» деген мөлтек аудан бар, соны кезінде Храпунов дейтін қуаяқ ит, мысығына дейін жеке бөлме болмаса, тұра алмайтын «туыстарымызға», баяғыда санадан өшкен «Ұлы Отан» соғысына қатысқан шалдарға бөліп қойған ғой.

Имекең келеді де «мына үйлердің сапасын қайтадан қарау керек» дегенді сылтау етіп, Храпуновтың тізімін жойып, «Құлагердегі» үйлердің сыртын боятып, ішін жөндетіп, баспанадан қиналып жүрген әншісі бар, әртісі бар, жазушы, ақыны бар, бүкіл шығармашылықтың адамдарына, жас отбасыларға береді. Мен білсем, сол ықшам ауданға тек баспананың зарын көрген адамдар барып қоныстанды. Әлгі қос-қостан үй алып жүргендер емес.

Соның ішінде Әмірхан Балқыбек те болды. Ол содан кейін шабыттанып тарихи-әфсаналық мазмұндағы эсселерін жазуға отырды. «Қасқыр Құдай болған кез» кітабын шығарды. Басын тауға да, тасқа да соғып, қиналып жүрген Маралтай баспаналы болды. Жақсы дүниелер жазды. Сәкен Сыбанбай да «Құлагерден» баспаналы болып, екі кітап шығарды.

Сосын мен Сәкеннен сұраймын ғой, «егер сен баспанасыз болсаң, мына дүниелерді жазар ма едің» деп. Сонда ол «Баспанасыз адамның көңілінде алаң мен уайым жүреді емес пе? Таусылып бітпейтін уайымның соңында жүрген адам өндіртіп жаза ала ма? Қазір «өз үйім өлең төсегім» бар.

Түні бойы жазуға отырамын, жастанып жатып кітап оқуға да мүмкіндігім бар» деген-ді. Егер жаңағы мен айтқан қаламгерлердің барлығы пәтер жағалап, қаңғырып жүрсе, қандай болар еді?

Әрине, жазар еді, итшілеп жүріп кітаптарын шығарар еді. Бірақ, итшілеп жүре беру қайбір жақсы дейсіз? Жүйкесі жүндей түтіледі, жүйке кеткен соң әртүрлі ауру иектейді. Өмірден түңіледі, салғырттық басталады. Сұхбатымызды қортындылай келгенде, жазушыларға да белгілі бір деңгейде жағдай жасалғаны абзал.

Жекелеген жазушылардың емес, жалпы ұлттың жасампаз істермен шұғылданып, шығармашылық қуатын еселеп арттыруға тиісті жағдайды айтып отырмын. Кешегі Совет өкіметінің билеушілері ақын-жазушыларды идеологияның әскері ретінде пайдаланғаны рас. Бірақ, сол кездегі қаламгерлер өздеріне жасалған мүмкіндікті әдебиеттің өсіп өркендеуіне пайдаланды емес пе?!

«Соцреализм», «соцреализм» дейміз. Бірақ, сол соцреализмнің батпағына батып қалған қазақтың ақын-жазушысы аз. Бірлі жарымы қаламақы үшін поэма жазғаны болмаса, ақындарымыздың дені лирикалық әуенде күй кешті. Дулат Исабековтер шығармасында социалистік құрылысты мазақ қылады. Әрине, Совет өкіметіне сенген, жанымен сүйгендер болды. Бірақ, олардың шығармашылығы уақыттың елегінен өтпей қалды.

- Ой бөліскеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Наурыз САРША Дереккөз: adebiportal.kz