Жетісулықтар халық әртісі Асанәлі Әшімовпен кездесті (ФОТО)

Алматы облысының тұрғындары Қазақстанның халық әртісі, актер әрі режиссер Асанәлі Әшімовпен жүздесті. Кездесу Талдықорған қаласының І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өтті. Актердің облыстың әр ауданынан келген жанкүйерлері жылы ықыласпен карсалды.

Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

Іс-шара Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған. Көрермендерге Асанәлі Әшімовтың өмірі мен өнері «Сыр тұнған Айсберг» документалдық фильмінде түсірілген.

«Біз сізді кино мен театр жұлдызы ретінде танимыз және мақтан тұтамыз. Жетісу өлкесінің тұрғындары сіздің өнерінізге бас иеді. Сіз қазақ өнеріне теңдессіз үлес қостыңыз. Бүгінгі кездесуіміз біз үшін үлкен қуаныш. Барлық қала тұрғындары атынан сізге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз », - деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Асанәлі Әшімов өзінің әртістік мансабы жайлы да сөз қозғап, Жетісу театралды мектебіне қосқан үлесіне тоқталды. Сонымен қатар, жаңа салынып жатқан театр ордасы тек Алматы облысының ғана емес, барша Қазақстанның өнер саласының дамуына септігін тигізетіні айтылды. Өз кезегінде көрермендер сауалдарын қойып, әртіспен пікір алмасты.

Шараның аяқталу барысында А.Әшімовке дәстүрге сай шапан кигізді. Залда отырғандар халық әртісімен естелік суретке түсті.