Астанада Дулат Исабековтың ағылшын тіліндегі кітабының тұсауы кесілді (ФОТО)

Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Дулат Исабековтың ағылшын тілінде жарық көрген шығармалар жинағының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы.

Тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның зиялы қауым өкілдері және жазушының кітабын ағылшын тіліне аударуға белсенді қатысқан Ұлыбританияның өнер қайраткерлері қатысты.

Аталмыш жинақ Рахим Абдуалиев (Ч.Айтматова академиясының директоры, Германия), Дэвид Папава (Ұлыбритания театрының директоры), Сара Коплей (тәуелсіз сыншы, психолог, Ирландия) сынды танымал театр сыншылары мен мәдениет қайраткерлерінің қолдауымен Лондон қаласында ағылшын тілінде жарық көрген болатын.

- Бүгінгі айтулы шараға Ұлыбританиядан автор шығармаларын аударған және оған қызығушылық танытқан қонақтар келіп отыр. Мәдениеті мен әдебиеті биік халық – ұлы халық деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, еліміздің рухани қазынасы әлемдік деңгейде танытып жүрген Дулат ағамызға шығармашылық табыс пен деніне саулық тілеймін. Ағылшынның ұлы классигі Уильям Шекспирдің жазған кейіпкерлері осы заманғы рухани қажеттіліктерді қанағаттандырып азық етуге лайық, - деді салтанатты жиынды ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.