Жеңіл атлетикадан ел құрамасы Азия чемпионатынан оралды (ФОТО)

Бүгін Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен жеңіл атлетикадан XXII Азия чемпионатында жеңіске жеткен қазақстандық спортшылар елге оралды. Нью-Дели арқылы Алматыға ұшып келген атлеттерді әуежайдан Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы мен Алматы федерациясының қызметкерлері, БАҚ өкілдері және жанкүйерлер күтіп алды.

Спортшылар әуежайда журналистерге сұхбат беріп, Азия чемпионатындағы жетістіктері жайлы айтып берді.

– Мен үшін халықаралық ареналарда Қазақстанның гимнін айтып, туын көтеру үлкен абырой. Үндістандағы Азия чемпионатында бәсекелестік өте жоғары болды. Бірақ алтын мен күмісті қазақстандық қос атлет Ирина Эктова екеуіміз бөлісіп алғанымызға қуаныштымын. Алғашқы үш мүмкіндіктен кейін көш бастап тұрғанмын. Дегенмен мені сол кезде әріптесім Ирина 10 сантиметрге озып кетті. Сөйтіп, соңғы мүмкіндігімді барымды салып, бас жүлдені жеңіп алдым. Ендігі, ірі жарысым 4-13 тамыз аралығында Лондонда өтетін әлем чемпионаты. Дүниежүзінің мықтылары бас қосатын додада қолымнан келгенді аянып қалмаймын, – дейді 18 жастағы үш қарғып секіруден Азия чемпионы Мария Овчинникова.

Айта кетейік, Бхубанешвардағы Азия чемпионатына Қазақстаннан 31 спортшы барды. Жерлестеріміз 8 медаль (4 алтын, 2 күміс, 2 қола) еншілеп, жалпы командалық есепте Үндістан мен Қытайдан кейінгі үшінші орынға қол жеткізді. Соңғы рет Қазақстан спортшы «Сары құрлық» додасында үшінші орынға 2002 жылы қол жеткізген болатын. Ал 4 алтынды соңғы рет 2007 жылы еншілеген.

Үндістанда әйелдер арасында 100 және 200 метрге жүгіруден Виктория Зябкина, үш қарғып секіруден Мария Овчинникова және 4х100 метрге командалық эстафетадан Қазақстан әйелдер құрамасы чемпион атанды. Сондай-ақ үш қарғып секіруші Ирина Эктова күміс медаль, Ольга Сафронова 100 метрде күміс, 200 метрде қола медаль еншілесе, ядро серпуші Иван Иванов қола жүлде жеңіп алды.

- Азия чемпионаты Қазақстан үшін өте жемісті өтті деп айтуға болады. Медаль алған атлеттерден бөлек, тағы бірнеше спортшымыз жүлделі орындарға ілігуге жақын болды. Мәселен, ерлер және әйелдер арасындағы 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген Дмитрий Коблов пен Мерджен Ишенгулиева және 4х400 метрлік эстафеталық жарыста әйелдер құрамасы жүлдеге сәл ғана жетпей, 4-орынды қанағат қылды. Енді аз-кем тынығып алған соң Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына қатысу үшін Ұлыбритания астанасына аттанады. Ол жақтағы басты үмітіміз – Ольга Рыпакова болмақ, - деді жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Григорий Егоров.

Әр екі жылда бір өтетін Азия чемпионатын енді 2019 жылы Катар астанасы Доха қабылдайтын болады. Биылғы «Сары құрлық» додасына 43 елден 800-ден астам спортшы қатысты.