Өскеменде тоқсанға келген кейуанаға айыппұл төлеткізбек

Өскемен қаласының тұрғыны Гүлсайран Сембаева өзінің 90 жылдық мерейтойында жеті АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр. Қарияның бар кінәсі: төлқұжат мерзімінің жарамдылығы өтіп кеткен, - деп жазады altaynews.kz.

Зейнеткердің төлқұжатының жарамсыздығын туыстары кездейсоқ біліпті.

— Біздің елімізде төлқұжаттың 90 жасқа дейін ғана берілетінін кім білген? Ол кісінің жеке куәлігінің мерзімі бітіп қалғанын бізге «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының ( бұрынғы зейнетақы тағайындау орталығы) мамандары хабарлады. 2017 жылдың 1-шілдесінен зейнетақы өсті ғой, сол себепті барлық құжаттар қайта тексерілген болу керек, — дейді қарияның немересі Айжан Абаева. – Әйтпесе, әжемнің төлқұжатының жарамдылығы туған күні – 18 наурызға дейін ғана екен, соған қарамастан осы уақытқа дейін зейнетақысын алып келді ғой.

Енді жаңа төлқұжат алу үшін тоқсан жастағы Гүлсайран әже алдымен жеті АЕК көлемінде айыппұл төлеуге тиіс. Содан кейін бесінші қабатта тұратын қария халыққа қызмет ету орталығына екі рет баруы керек. Алдымен суретке түсіп, құжатын рәсімдеу үшін, одан кейін дайын құжатты алу үшін.

Гүлсайран Сембаева өмір бойы ұстаздық еткен, қазақ тілінен сабақ берген мұғалім. Қалыптасқан жағдайда бала-шағасы бар қарияның жолы болды деу ғана болады.

— Мен халыққа қызмет ету орталығына хабарласып, әжемнің жүріп-тұруы қиын екенін айтып едім, олар тек мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ғана үйде қызмет көрсететіндерін алға тартты. Жарайды, біз бірдеңе ғылып апарармыз. Ал жалғыз басты қарт адам болса қайтер еді? Оның үстіне жеті АЕК көлеміндегі айыппұл деген сұмдық қой! Өздері азын-аулақ зейнетақы алатын қарттарды тапа-тал түсте тонау емес пе? Жол жүру ережесін бұзғандарға салынатын көлемде айыппұл тағайындау дұрыс па?, — деген күйінішін жасырмайды Айжан.

Шынында да, тоқсанға келген қарттардың өз құжаттарының мерзімін қадағалап отыруға көздері де жетпейді, тіпті ойларына да келмеуі мүмкін. Тіпті мерзімі өтіп кеткенде де, қазыналы қарттарға айыппұл салмай-ақ қойса, мемлекеттің қоржыны ортайып қалар ма екен?!