Қазақстанның сыртқы саясатының даму бағыттары талқыланды

Бүгін Астанадағы «Назарбаев орталығында» Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің 25-жылдығына орай халықаралық конференция өтті. Конференция аясында қазақстандық және шетелдік дипломаттар, мемлекеттік органдар өкілдері мен алдыңғы қатарлы аналитикалық және академиялық орталықтардың сарапшылары жаһандық гуманитарлық дамудың заманауи үрдістер мәнмәтініндегі Қазақстанның сыртқы саясатының болашақтағы даму бағыттары мен жетістіктерін талқылады.

Халықаралық аренада Қазақстан медиатор және түрлі шиеленістер мен күрделі мәселелерді реттейтін консенсус аумағын құрушы мемлекет ретінде өзін таныта білді.

- Қазақстан геосаяси ойындарға қатыспайды. Біз біреулердің тар мемлекеттік немесе жеке мүдделердің шеңберінде қалып қоюдан аулақпыз. Біздің бағытымыз белгілі. Біз өз ұлттық мүддемізге сай, халықаралық міндеттемелерді сәйкесінше атқарып келеміз, - деді өз сөзінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры Ержан Салтыбаев.

Конференцияға қатысушылар Қазақстанның сыртқы саясат бағыттарының даму перспективаларына басым назар аударды.

- Біз Қазақстан үшін жаңа прагматикалық жобаларды түрлендіруіміз қажет, соның ішінде, сыртқы саясат ведомствосына өз қызметін жаңғыртуда, ең алдымен, Елбасының стратегиялық бастамаларын жүзеге асыруда үлкен жұмыстар атқару қажет, - деді ӘЭСИ директоры.

Бұл ретте басым бағыт ретінде шетелдік сарапшы-аналитикалық қауымдастықпен өзара ықпалдастықты нығайтуды қарастыру қажеттілігі белгілі.

- Мемлекеттік дипломатия – бұл тек саяси немесе бизнес-истэблишментпен жұмыс істеу ғана емес. Бүгінде пікірталас алаңдарының форматы мен ауқымдылығын кеңейту қажет. Бұл нақты әрі нүктелік жұмыс болу керек. Ол өз кезегінде қазақстандық белсенді «softpower» құруға негіз болады. Тұңғыш Президент Қорында жыл сайын өткізілетін «Астана клуб» сондай нәтижелі форматтардың бірі бола алар еді. Үлкен Еуразия тақырыбы аясында әлемнің алдыңғы қатарлы сарапшылары мен саясаткерлерін біріктіре отырып, Клуб ашық халықаралық пікірталас жүргізетін беделді әрі саяси алаңға айнала алар еді, - деді Е.Салтыбаев.

qazaquni.kz