Алты тілдегі этнографиялық сөздік жарық көрді

Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада «Алты тілді (қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше, қытайша, арабша) қысқаша этнографиялық сөздіктің» таныстырылымы болып өтті.

Бұл туралы ҚР ҰАК баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға Президент Әкімшілігі, Қазақстандағы Елшіліктер, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары, Астананың зиялы қауым өкілдері, «Ғалымдардың Еуропалық экономикалық клубы» Ассоциациясы өкіледі қатысты.

Таныстыру рәсімін белгілі ғалым Ғарифолла Есім жүргізді.

«Сөздікте» қазақтың ұлттық салт-дәстүр ұстанымдары, тұрмыс-тіршілік үлгілері, киім киісі, үй-жай мен мал-мүлік иелігі, той-думан өткізу, ойын-қызықтар ұйымдастыру, кәсіби құрал-сайман пайдалану тәрізді іс-әрекетін білдіретін қазақ тілінің 1100-ден асабірегей танымдық атаулары жинастырылып, олардың қысқаша түсініктемелері орыс, ағылшын, түрік, қытай және араб тілдеріне аударылды.

Сөздердің қазақы оқылымын қамтамасыз ету мақсатында «Халықаралық фонетикалық транскрипцияда» қабылданған дыбыс таңбалары пайдаланылды. Тарихи дамуына байланысты қандай ұлттың болмасын басқа ұлттарда жоқ өзіндік ерекшеліктері мен құндылықтары қалыптасады. Олар сол ұлттың ұлттық терминдерінде нақыштала көрініс табады. Ұлттық код пен ұлттық мәдениетті сақтауда осындай терминдерді білу және олардың мағынасын тереңірек түсіну қажеттігін ескеріп, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясы «Қазақ этнографиясының қысқаша 6 тілді сөздігін» дайындады.

Сөздік «ZHERSU» корпорациясының Басқарма төрағасы Бауыржан Оспановтың және «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен дайындалып, жарық көрді.

- «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ұлттық бірегейлікті сақтау Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді... Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деп, ұлттық код пен ұлттық мәдениетті сақтаудың маңыздылығына ерекше мән берді. Осы уақытқа дейін жарық көрген түсіндірме, аймақтық, терминологиялық, этнографиялық, екі тілді, тағы басқа да көптеген сөздіктерді зерделей отырып, қазақтың ұлттық салт-дәстүр ұстанымдары, тұрмыс-тіршілік үлгілері, киім киісі, үй-жай мен мал-мүлік иелігі, той-думан өткізуі, ойын-сауықұйымдастыруы, кәсіби құрал-саймандары тәрізді басқа ұлттарда кездесе бермейтін ұлттық ерекшеліктерін білдіретін 1100-ден аса атау (термин) сөздер жинастырып, ЭКСПО-2017 көрмесіне арнап «Алты тілді (қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше, қытайша, арабша) қысқаша этнографиялық сөздік дайындадық. Мысал ретінде сөздікте берілген кейбір терминдерге тоқтала өтейін. Онда қазақ халқы кімдерді әке, ата, баба, қария, абыз, қарасақал, ақсақал, көне көз, ескі көз деп айтатынына; Алдаркөсе, Асан қайғы, Атымтай жомарт, Аяз би, Жерұйық, Жиренше, Қорқыт ата, Қыдыр ата, Шық бермес Шығайбай, Тәңірі, Тоныкөк, Сұрқылтай деген фольклорлық бейнелерге; қымыз, саумал, құлын қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз және қазы, бармақ қазы, елі қазы, екі елі қазы, үш елі қазы, төрт елі қазы, табан қазы, сүйем қазы, білеу қазы деген халқымыздың ұлттық дәмдері – қымыз бен қазы түрлеріне; оюға және оның ботакөз, жақтама, зере, ирексу, қарғатұяқ, қармақ, қойтұяқ, қосмүйіз, құсқанат, құсмойын, құстаңдай, құстұмсық, мүйіз ою, түйетабан деп аталатын түрлеріне анықтама берілген, - деді Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының президенті, "Қазақ этнографиясының 6 тілді қысқаша сөздігі" кітабының авторы Асқарбек Құсайынов.