СӘЛӘФИЛЕРДІ КІМДЕР ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ?

Картинки по запросу сәләфиттер

Ибн Тәймияның (1263/1328) сәлафилік идеяларын XVIII ғасырда Абд әл-Уаһаб (1703-1792) діни-саяси қозғалысқа айналдырды. Уаһаьбшылдық қозғалыс екі ғасырға жуық тынымсыз күрестен соң 1927 жылы Сауд әулетінің Нәжит мемлекетін құруымен аяқталды. Салафилік идеяның негізінде тарих сахнасына шыққан КСА (Сауд Арабия Корольдігі) мұсылман елдеріндегі уаһабшылдық қозғалыстарға негізгі дем беруші мемлекет болып саналады.

Бұдан өзге сәлафилік идеологияны қолдайтын Кувейт пен Катар және бірқатар мемлекеттерде қаржылық институттар бар. Осылардың ішіндегі Қазақтанда сәлафилік идеологияны насихаттаған кейбір қорларға тоқталар болсақ:

Елімізде сәлафилік діни сенімді ең алғаш болып насиқаттаған «Әлеуметтік реформалар қоғамы» болып табылады. Бұл қайырымдылық қор 1952 жылы Кувейтте құрылған. Аталмыш ұйым өз жарғысында басты мақсаты ретінде – исламдық білім мен тәлім-тәрбие және әлеуметтік көмек көрсетуді негізге алатынын атап өткен. Бұл ұйым Қазақтанда тоқсаныншы жылдары жұмыс істей бастады. Оңтүстік Қазақстан облысының әділет басқармасында 1998 жылы ресми тіркелген. Қайырымдылық қор 1999 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің №268 қаулысымен Қазақ-Кувейт университетін ашуға лицензия алды. Бастапқыда университет «0215 – араб тілі және әдебиеті», сондай-ақ «0218 – дінтану» мамандығы бойынша студенттерді дайындайды. Бұл оқу орнының шетелдік оқытушылар құрамына осы қор арқылы Иордания, Тунис, Египет және Мароккодан діни миссионерлер тартылды.

Қазақ-Кувейт университетінің оқу бағдарламасы негізінен Сауд Арабиясының баспаларынан шыққан сәлафилік іліммен қамтылған діни оқулықтармен жабдықталды. «Әлеуметтік реформалар қоғамы» коммерциялық мақсатты емес, негізінен сәлафилік ілімді насиқаттау үшін құрылғандықтан университетте ақысыз тегін білім берді.

«Әлеуметтік реформалар қоғамы» қоры қайырымдылық шара ретінде жетім немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан 150-ден астам жасөспірім қыздарға арнап «Мерси» қыздар-пансионатын да ашты.

Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылы жүргізген тексеру шараларының нәтижесінде бұл қайырымдылық қордың прозелетистік наситхат жүргізгені анықталды. Оқу орындарында мемлекеттің конституциялық құрылымын бұзуға бағытталған идеялар насихатталғандығы әшкереленді. Осыған орай, Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты 2004 жылы қайырымдылық қордың Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салды. Ал 2005 жылдың 15 наурыз айында қабылданған Жоғары Соттың шешіміне сәйкес «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қайырымдылық қоры зайырлы үкіметке қарсы бағытталған, әлеуметтік бағдарламаларды бүркену арқылы жұмыс жасайтын террористік ұйым деп танылған.

Аталмыш заңбұзушылықтар мәлім болған соң, қордың қолдауымен әрекет еткен Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық академиясының және «Мерси» қыздар-пансионатының қызметі 2004 жылы құзыретті органдар тарапынан тоқтатылды.

Еліміздегі сәлафилік идеяны насихаттаған келесі бір ұйымның бірі «Ислам жастарының дүниежүзілік ассамблеясы» болып табылады. Бұл ұйым 1972 жылы Сауд Арабиясының Жидда қаласында «Мұсылман бауырлар» ұйымының мүшесі Камал Хелуаби тарапынан құрылды. Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда осы ұйымның қолдауымен Алматыда Абай атындағы ҚҰПУ-нің шығыс тілдері кафедрасындағы араб тілі кабинеті қажетті техникалық-оқу материалдарымен жабдықталған.

Бүгін де аталмыш ұйымның 56 елде бөлімдері бар. Ұйымның өзі толығымен Сауд Арабиясы тарапынан қаржыландырылады.

Қазақтанда сәлафилік ілімді жүйелі түрде дәріптеген қор «Кәусар» корпоративтік қоры болып табылады. Бұл қор 2005 жылы құрылып, Алматы облысы Қаскелең қаласында «Кәусар» жаздық лагерлері бірнеше рет ұйымдастырды және Түріксіб ауданындағы №3 «Кәусар» қыздар-интернаты мен Қаскелеңдегі №2 «Кәусар» қыздар-интернатының қызметіне қолдау көрсетті.

Қаскелең қаласындағы интернат 1997 жылы 18 қазанда жетім және жартылай жетімдер, сондай-ақ жағдайы төмен отбасылардан шыққан кәмелетке толмаған қыздар үшін ашылған. Сондай-ақ, бұл мекеменің ашылуына «Бөбек» және Абу Дабидегі (БАӘ) «Қызыл жарты Ай» қайырымдылық қорлары қолдау білдірген. Осы уақыттан бері бұл интернаттан 100-ден астам жас қыздар тәрбиеленіп шыққан. Интернат түлектерінің кейбірі оқуын шетелдік жоғары оқу орындарында жалғастырды. Ал Алматы қаласының Түріксіб ауданында орналасқан «Кәусар» интернатында 7-18 жас аралығында 90-ға жуық қыздар тәрбиеленген. 2005 жылы ашылған бұл оқу орнында діни дәрістердің заңсыз жүргізілгендігі анықталды. Барлық құқықбұзушылықтар дәлелденгеннен кейін, құзіретті органдардың ықпалымен бұл мекемеде діни дәрістер жүргізу тоқтатылды.

2013 жылдың 20 мамырында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының отырысында №3 «Кәусар» интернатының директоры Е.Байназаровқа қатысты сот үкімі шықты. Оған әкімшілік жаза ретінде айыппұл салынумен қатар, заңға қайшы мүлкі тәркіленуі және мекеме жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданған.

Елімізде сәлафилік ілімді кеңінен насихаттаған оқу орындарының бірі «Таиба» колледжі еді. Алматыда қаласында орналасқан бұл оқу орнын «Таиба» халықаралық қайырымдылық қоры (АҚШ) қаржыландырып отырған.

Колледж негізінен бастауыш және орта мектептерге араб тілінің мұғалімдерін дайындайтын. Оқу мерзімі 3 жылға жалғасатын бұл мекемеде зайырлы пәндер де оқытылды. Колледжде Сауд Арабиясынан әкелінген діни сарындағы оқулықтар мен оқу құралдары ғана пайдаланатын. Колледж басшылығы білім беру саласында мамандығы жоқ арабтардан құралды. Ал жергілікті ұстаздар тек зайырлы пәндерді оқытты. Колледждің соңғы директоры – Қазақстанда жоғары медициналық білім алған (стоматолог) палестиналық Абд әл-Муазз.

Құқық қорғау органдары колледждегі діни насихат жұмыстары заңсыз жүргізіліп жатқанын анықтаған соң, 2005 жылы аталмыш оқу орны соттың шешіміне сәйкес қызметін тоқтатты.

Қазақстанда сәлафилік ілімді таратуға басымдық берген қорлардың бірі «Әл-Бабтин» қоры болатын. Бұл қордың құрушысы кувейттік ірі кәсіпкер, меценат Әбд әл-Әзиз Сауд әл-Бабтин (1936 жылы туылған). «Әл-Бабтин» қорының ресми сайтындағы мәліметтерге сәйкес, бұл қор Алматы қаласында «Әл-Бабтин» медресесі мен Шымкент қаласында «Абдрахман Сауд әл-Бабтин әл-Кувейти» атындағы Исламтану институтын ашқан. Дегенмен ҚР БҒМ реестрінде бұл білім беру мекемесі «Шығыстану» институты ретінде тіркелген.

Кувейттік меценат тарапынан басқарылатын бұл қор Қазақстанда мемлекеттік емес жоғарғы оқу орындарын қаржыландырумен айналысқан. Атап айтқанда, аталмыш қордың ықпалымен Шымкент қаласында «Абдрахман Сауд әл-Бабтин әл-Кувейти» атындағы Шығыстану институты 2000-2001 жылдары Қазақстан Республикасында білім беру қызметімен айналысуға лицензия алды.

Аталмыш Шығыстану институты 1993 жылдың 22 желтоқсанында 0307 «Қазақ тілі және әдебиеті», 0215 «Шет тілі филологиясы», 0315 «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» және 0714 «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандықтары бойынша білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген сериясы БМ№ 0000002 Мемлекеттік лицензияның негізінде жұмыс жасады (соңғы екі мамандықтардың қолданылу мерзімі – 01.09.2002 ж.). Қазіргі таңда осы қордың қолдауымен ашылған білім беру мекемелері Қазақстан аумағындағы қызметін тоқтатқан.

Елімізде сәлафилікпен қатар «Ихуан-Муслимин» идеологиясын насиқаттаған «Қатар қайырымдылық қоғамы» да жұмыс істеді. «Қатар қайырымдылық қоғамы» қоры Қазақстан аумағында өткен ғасырдың 90-жылдардан бастап қызмет ете бастады. Бұл қор елдегі діни оқу орындарға материалдық көмек берумен қатар, араб елдерінен шетелдік оқытушыларды әкеліп отырған. Шымкент қаласында 1997 жылы «Ықылас» жастар қоғамдық бірлестігі қатарлық қордың қолдауымен әлеуметтік жағдайы төмен жастар үшін интернат оқу орталығын ашқан еді. Орталықта сол кезде 70-ке жуық жастар оқыды. Бұл оқу орнында египеттік Мухаммад Хафаж және иорданиялық Мухаммад Атыф Убайдата Қатар қайырымдылық қорының демеушілік бағдарламасының шеңберінде заңсыз діни дәрістер жүргізген.

Аталмыш интернаттағы пайдаланылған оқу құралдары да қатарлықтар тарапынан жабдықталатын. Құзыретті органдардың тексеру шаралары нәтижесінде оқулықтарда діни-саяси шетін көзқарастардың бар екендігі анықталды. 2000 жылдың мамырында екі жылдық тексеру шараларынан кейін египеттік Мухаммад Хафаж бен оның иорданиялық әріптесі Мухаммад Атыф сот шешіміне сәйкес «ұлттық және діни араздықты тудыруда» айыпты деп танылды.

Елімізде ресми жұмыс істемесе де кейбір діни оқу орындарына жанама түрде қаржылық қолдау білдірген «Ибрагим бин Абд әл-Азиз әл-Ибрагим» қайырымдылық қоры еді. Бұл қор 1970 жылы Сауда Арабиясы Корольдігінде құрылды. Ұйымның штаб-пәтері Эр-Риядта орналасқанымен, филиалдары әлемнің бірқатар елдерінде ашылған. Аталмыш саудиялық қордың белсенділігі ТМД елдерінің ішінде көбіне Ресей Федерациясының аумағында байқалды. Бұл елде ол 1992-2002 жылдар аралығында қызметін жалғастырды. Қордың Ресейдегі бөлімі дербес заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, жергілікті медреселерге қолдау көрсеткен.

«Ибрагим бин Абд әл-Азиз әл-Ибрагим» қайырымдылық қорының Ресейдегі бөлімінің Қазақстандағы қызметі негізінен 2000-жылдары халықаралық «Қазақ-Араб» университетіне демеушілік қолдау білдірумен шектелді.

Түйін: Қазақтанда сәлафилік ілім негізінен КСА (Сауд Арабия Корольдігі), Кувейт, Катар және өзгеде елдерде құрылған қайырымдылық қорлары тарапынан қаржыландырылғанымен, бұдан өзге сәлафи бағытын ұстанушы жеке кәсіпкерлердің де бұл діни ағымды насиқаттауға үлес қосқанын жоққа шығаруға болмайды. Оның ішінде шетел азамттарымен қатар өз отандастарымыздың ішінде де сәлафилік ілімге қолдау білдіретін жеке кәсіпкерлердің бар екені белгілі.

kazislam.kz