Ауылдан шықпай жатып, шығынға батпаңыз

Саяхаттауға аттанғандардың көбі үйінен шықпай жатып, біраз ақшасының басынан су құя салады. Әсіресе, тәжірибесіз адам жолдорбасына керекті-керексіздің бәрін тығып, жүгін ауырлатады. Ауыр жүк – қып-қызыл шығын әрі текке шаршау.

Ұшаққа мінген адамның жүгі 20 келіден асса, артық ақша төлейді. Қазақстанның қала аралық автобустарында да үлкен жүкті өткізудің құны 800-1000 теңге. Тек пойызда ғана ауыр жүк тегін тасылады.

Бірақ, Астана вокзалында сізді жүк тасушы мен такси жүргізушілері қуана-қуана қарсы алады. Бірнеше ауыр сөмкені сатыдан түсірудің өзі мұңға айналғанда, бұл екеуінің қолына қайтып ақша ұстатып жатқаныңызды байқамай да қаласыз. Сондықтан, ең алдымен, үйден шықпай тұрып ең керекті дүниелеріңізді сайлап алу қажет.

Астана алыстап кетпейді

Ат-көлігіңіз аман Астанаға жеттіңіз делік. Сіз отырған рейс, автобус не пойыздан қалың адам ағыла түсетіні анық. Әуежайда паспорт тексеруінен соң, ал автобус пен пойыздан түскен бойда есікке қарай тұра жүгіретіндермен жарыспай-ақ қойыңыз.

Егер ЕХРО көрмесіне бір топ оқушымен немесе делегациямен бірге келсеңіз, топырламай жүрген дұрыс. Оның үстіне Астана көшіп бара жатқан жоқ. "Асыққандарға" ілеспей, вокзал не әуежайдағы хабарландыруларға, карталарға, сызбаларға асықпай көз жүгіртіп, ақпаратпен таныса берген абзал.

Ауылдан келсеңіз де, қазақстандықсыз

Әуежай, темір жол не автобус вокзалынан шыққан соң, әрине, бейтаныс қалаға қарап, беймазаланып, байбаламға салмаңыз. Жөн сұрасу, жол сілтеу мәдениеті төмен болғандықтан, өкінішке қарай, қалаға келгендерді "ауылдық" деп сөгетіндер жетерлік.

Шетелде киіміңіз ескі ме, жаңа ма, қай ұлт, қай елдің азаматы екеніңіз маңызды емес. Сізге күлімдей қарап, ізгі ниетімен жауап беріп, сәтті күн тілейді.

Бізде өзгеше. Жөн сұрағанға ала көзімен ата қарап, теріс айналатындар бар. Бұл психологияны өзгерту керек. Сондықтан, еш қысылмаңыз. Астана – Қазақстанның елордасы, сіз Қазақстанның азаматысыз. Білмегенді сұраудың еш әбестігі жоқ. Ал, сұраған адамға аларып қарап, қабақ түймей, жол сілтеу – мәдениеттіліктің белгісі.

"Такси, такси!" немесе 90 теңгеге шағын экскурсия жасауға болады

Астанаға келе салып, көрмеге аттанудың еш қисыны жоқ. Таңертең келіп, кешке кете салатын қалаға жақын маңнан келсеңіз, әрине, бірден көрмеге аттанған дұрыс. Оның маршрутын кейінірек айтып береміз. Ал, жалпы, алдымен, тоқтаған жеріңізге жетіп, тынығып, ауқаттанып алыңыз. Өйткені, EXPO-да ешкім сізді ет асып күтіп отырған жоқ. Тойға барсаң тойып бар деген қазақ мақалының дұрыс екеніне кейін көз жеткізесіз.

Ең алдымен, әуежайдан немесе вокзалдан қала ішіне жетудің бағдарын сілтейік.

EXPO көрмесінің қарсаңында шетелдік қонақты әуежайдан қонақ үйге апару үшін 40 мың теңге ақы алған такси жүргізушісі көптің қорқынышы мен сақтығын оятты. Елорданың әуежайы мен вокзалында тұратын таксилердің бағасы расымен қымбат (бірақ 40 мың теңге емес). Оның үстіне, "аңқау елдің арамза молдасы" негізгі бағаға бірнеше жүз теңге қосатыны тағы бар. Алдымен, Астана әуежайындағы бағамен таныс болыңыз.

Астана халықаралық әуежайынан қала орталығына дейін таксимен жетудің орташа бағасы қазір 1300-1700 теңге аралығында. Бірден 3000-4000 теңге сұрайтын адамның сізді алдап тұрғаны анық. Астананың такси қызметі мен "Эко-такси"-ге отырсаңыз, 1500 теңгеден жоғары төлейсіз. Яндекс такси жүрген минутына қарай ақша алады, сондықтан, бұл таксидің жүргізушілері кептеліс десе қуанып, алтын уақытыңызбен қатар, ақшаңызды жейді.

Ескі вокзал мен автовокзал алдында да бағаны шарықтатқан таксилер тұрады. Әуежайдан қол көтеріп, көлік тоқтату да, көліксіз қалаға жету де қиын болса, мұнда ыңғайлы. Он минут жаяу жүрсеңіз қаланың ең ескі көшесі – Жеңіс даңғылына шығасыз. Сол жерден сол жағалауға 500-800, ұзаса 1000 теңге беріп, жетесіз.

Біз астаналық екенімізді байқатпай, вокзалдан Абылайхан даңғылына дейін жеткізуді сұрағанымызда, такси жүргізушілері жарыса 2000 теңге сұрады. Қол көтеріп тоқтатқан көліктердің екеуі 700, біреуі тіпті 500, жалпы, 600 теңге алып, жеткізіп тастауға келісті.

Жаңадан салынған "Нұрлы жер" вокзалы. Алды әлі күнге дейін бос
Жаңадан салынған "Нұрлы жер" вокзалы. Алды әлі күнге дейін бос / Фото informburo.kz

Ал, пойызыңыз жаңа "Нұрлы жол" вокзалына келіп тоқтаса, қалаға такси тоқтату қиындау. Сол баяғы инфрақұрылымға әрі вокзалдың жаңа ауданда салынғанына байланысты. Жол-жөнекей көлік көп жүрмейді, шақырту таксилер қала орталығына дейін 800 теңгеден көп төлесеңіз жеткізуге келіседі.

Ең дұрысы, бұл вокзалдың аумағынан №32 автобус, 500 және 505 нөмірлі экспресс автобустарға мініп, орталыққа жетіп алыңыз. Экспресс маршруттардың жолақысы – 150 теңге

Жалпы жүгіңіз ауыр болмаса, қатты асығып тұрмасаңыз, қаланың кез келген жеріне қоғамдық көлікпен жеткен дұрыс. Астана халықаралық әуежайынан қалаға қарай жиі-жиі №10 бағдардағы автобус жүреді. Әуежайдан шығып, Қабанбай батыр даңғылы арқылы Қонаев көшесімен, көпірге бұрылып, 20-30 минуттың ішінде оң жағалауға жетеді. Өте көп бағытта автобуса қатынайтын Республика даңғылы мен Бейбітшілік көшесіне, соңында ескі вокзалға аялдайды. Автобус билеті – 90 теңге.

Қаладан көрмеге жетудің жолы

Әуежай мен вокзалдан қарағанда, Ехро көрмесіне қала орталығынан бару оңай. Өйткені, автобус бағдарлары көп, әрі такси бағасы да арзанырақ.

ЕХРО көрмесінің алдындағы 5 мың (!) машинаға арналған тұраққа қарамастан, өз көлігімен келген азаматтарға орын табу қиын. Таңертең де, кешке де. Тұрақтың көбі Рысқұлов көшесінің жағынан кіретін аумақта. Бірақ, ақылы. Көрме қарсаңында ашылған "Mega Silk Way" сауда орталығының аумағында да 1700 көлікке арналған тұрақ бар.

ЕХРО көрмесінің жанына №10, 12, 27, 37, 40, 51, 27, 28 автобустар тоқтайды. Автобус билеті – 90 теңге. Қыркүйекке дейін көрменің бойымен өтетін 7 Shuttle Bus, яғни, жолақысы 150 теңге №503, 504, 506, 500, 502, 501, 505 автобустары қатынайды.

Автобуспен жүрсем, адасамын деген ойдан да арылыңыз. Астанадағы аялдамалардың бәріне дерлік карта ілінген. Яғни, тұрған жеріңізден қатынайтын автобустар қай бағытта жүретіні анық сызылып тұр.

Қалтаңызда смартфон болса, тіпті оңай. Ұялы телефоныңызға бірден "Astra bus" қосымшасын жүктеп алсаңыз, ЕХРО көрмесіне дейін баратын бүкіл бағдарлармен қатар, сол автобустардың сіз тұрған аялдамаға неше минутта жететінін, қай жерде келе жатқанын біліп тұрасыз. Болмаса, интернет арқылы жол сызып, неше минутта жететініңізді, жаяу жүрсе, қандай қашықтық барын көрсететін сайтқа кіріңіз.

Бүкіл билет – бір реттік

Ехро-2017 көрмесін бір күнде аралап шығу мүмкін емес. Әрине, егер көрменің басынан аяғына дейін павильондарға кірмей, жүріп өтемін десеңіз, үлгеруіңіз де мүмкін. Бірақ, қызықтың бәрі сол павильондарда. Таң қалдыратын павильондарға сәл кейін тоқталамыз. Әзірге, көрменің билеті, тамақтану туралы, жалпы, 174 гектар аумақта адаспай жүріп, пайдалы ақпарат алудың амалдарын айтайық.

Біріншіден, билет мәселесі. Егер Астанаға көрменің билетінсіз келсеңіз, оны тек үш жерден қолма-қол сатып алуға болады. Олар – "Керуен", "Хан Шатыр" ойын-сауық орталықтары мен жаңадан ашылған (көрменің жанындағы) «Mega Silk Way» сауда кешені. Касса сағат 10.00 – 22.00 аралығында жұмыс істейді. Билетті елордаға келмей тұрып та сатып алуға болады.

Көрме билеті
Көрме билеті / Сурет obk.kz сайтынан алынды

Билет құнына тоқталайық. Аптаның жұмыс күндері белгіленген (мәселен, 15 тамыз, сейсенбіге алған билет) билеттің бағасы – 4000 теңге. Ал, аптаның кез келген жұмыс күнінде кіруге болатын билет – 6000 теңге тұрады.

Яғни, шілденің ортасында, дүйсенбі, 10 шілдеден бастап, жұма, 15 шілдеге дейін кез келген күні кіремін десеңіз, осы категориядағы билет қажет.

Ал, 8000 теңгенің билетін алсаңыз, аптаның кез келген күні көрме есігі ашық. Бірақ, шатастырмаңыз, билеттердің бәрі бір реттік, бір кірген соң, екінші ретке жарамайды.

Ал Ехро көрмесінің аясында өтетін концерттер мен шаралардың көбі ақылы. Оған басқа билет аласыз. Мысалы, Димаш Құдайбергеннің концерті мен әлемге әйгілі Дю Солей циркінің қойылымдарына көрмеге алған билет жарамайды.

Билетке де жеңілдік бар

Балаңыз әлі алты жасқа толмаса, құжатын көрсетіп, көрмеге тегін алып кіре аласыз. 6-16 жастағы балаға 50 пайыз жеңілдік бар.

Сондай-ақ, зейнеткерлер мен Алтын алқа иелері, төрт және одан да көп баласы бар ата-ана да көрме билетін 50 пайыз жеңілдікпен ала алады.

Ал, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, барлық топтағы мүгедектер мен жетім балалар көрмеге тегін кіреді. Оның үстіне, осы категориядағы адамдардың жанына ертіп жүретін кісі де тегін кіреді. Ардагерлерге теңестірілгендерге тегін билет берілгенімен, оларды ертіп жүретін адамның билет алуы міндетті.

Карта – ең сенімді серік

Көрменің алты кіреберісі бар. Келушілер көбіне бас қақпадан кіреді, қалғандарын қызметтік кіреберіс деуге болады. Бас қақпада күзет қызметі билетіңізбен қатар, сізді бақылау есігінен өткізіп, сөмкеңізді толық тексереді. Бәрі дұрыс болса, билетіңізге сол күн белгіленген мөрді басып, кіргізеді.

Адаспас үшін көрме аумағында көп кездесетін мына бір таблоны табыңыз (суретте). Бұл сіздің Ехро ішіндегі гидыңыз деуге болады. Қай елдің павильоны қай жерде, қанша жер жүрген соң асхана бар, балалардың ойнайтын орындары қайда, дәретханалардың қай жерде орналасқаны толық көрінеді. Осылайша, сіз алдын ала маршрутыңызды анықтап, уақыт үнемдейсіз, шаршамайсыз.

Көрмедегі таблода бүкіл ақпарат жазылған
Көрмедегі таблода бүкіл ақпарат жазылған / Фото informburo.kz
Ехро-2017 көрмесінің картасы
Ехро-2017 көрмесінің картасы / Сурет expo2017astana.coм сайтынан алынды

ЕХРО-2017. Көп естігеннен, бір көрген артық

Көрмені аралағанда, Қазақстанның павильонынан бастаңыз. Себебі, біздің павильон сегіз қабаттан тұратын ең үлкені. Ең жоғарғы сегізінші қабатта Астана болашақтың қаласы ретінде көрсетілген. Жетінші қабатта – ғарыш энергиясы, алтыда – күн энергиясы, бесте – жел энергиясы, төртте – Жер шарының биомассасы, үшінші қабатта – киберэнергика мен екіншіде су энергиясының мүмкіндіктері көрсетілген. Ең бірінші қабаты – Қазақстанның ұлттық павильоны.

Әр қабаттағы көрмелердің тақырыбы жан-жақты. Сегізінші қабатқа шығып, шіл еденмен жүргеннің өзі адреналинді көтереді. Алтыншы қабаттағы күн энергиясын көрсету үшін ұйымдастырушылар көктегі күннің жартысын әкелгендей, қып-қызыл экспонат орнатқан.

Тай массажын алғыңыз келсе

Қазақстаннан өзге 115 елдің, бірнеше халықаралық ұйымның павильоны бар. Олардың әрқайсысы келген туристі қызықтырудың амалдарын ойлап қойған. Мысалы, Тайланд павильоны озық технологиялармен қатар, тай массажын ұсынады.

Ехро-2017 Австрияға жол ашуы мүмкін

Ал, Австрия павильоны адам күшімен ғана қозғалатын машина әкелген. Яғни, павильонға келген адамдар жүгіріп, секіріп, жаттығу жасап, энергия бөледі. Ал, Аustrian Power Machine, яғни, Австрияның күш машинасы сол қуатпен қозғалады. Ең көп қуат бөлген адам Австрияға жолдама ұтып алады. Сондықтан, қара күші тасыған ауыл адамдары Австрия павильонына асыққаны жөн.

Билет құнымен тең қуырдақ та осында

ЕХРО басталғаннан бергі көптің көкейіндегі сұрақ – ауқат мәселесі. Ия, көрме аумағындағы асханалардың бағасы ауылдан келген ағайынды шошытары анық. Мысалы, "Тайқазан" дәмханасында қуырдақ 6000 теңге, палаудың бір сыбағасы 3800 теңге, бір самса 950 теңгемен сатылады. Бір шәйнек шай – 1800 теңге.

"Тайқазан" дәмханасының ас мәзірі
"Тайқазан" дәмханасының ас мәзірі / Фото informburo.kz

Бірақ, көрме аумағында тамаққа мұнша шығынданбауға да болады. Көрменің ортасында фастфуд (тез дайындалатын тағам) сататын орындар бар, бағасы әлдеқайда арзан. Бала-шағаны бір рет тойдыруға жарайтын жер.

Болмаса, есте сақтаңыз, әрбір елдің павильонында өзінің ұлттық тағамдарын сататын дәмхана ашылған. Бағасы аса қымбат емес, бірақ арзан деуге де келмейді. Есесіне, сіз өзге елдің ұлттық тағамдарынан дәм тата аласыз.

Ең дұрысы – сөмкеңізге су мен тіскебасар ала кірген дұрыс. Көрме аумағынан шыққан соң, "Mega Silk Way" сауда орталығындағы асханалардан ауқаттануға болады.

Не десек те, бұл көрме – биылғы жылдың ең маңызды оқиғасы. Ал, көрме жайлы сипаттап, айту– ұзақ әңгіме. Көп естігеннен, бір көрген артық! Сондықтан, ЕХРО-да кездескенше!