Қайрат Нұртас: Арманым – мешітте азан шақыру

Белгілі әнші Қайрат Нұртастың Zhuldyz TV арнасындағы «Сенбілік серуен» бағдарламасына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Жалпы, сіздің сенбі күніңіз қалай өтеді? Үнемі гастрольде жүресіз, салтанатты жиындарға үлгересіз, шаршайсыз ба өзіңіз?

Енді темірден жаралған жоқпыз ғой. Бірақ халықтың қолдауының, тілеулестігінің арқасында аман жүрміз. Бірінші Алла ғой, әрине. Қаншама ауыл, аудандарға барған кезде аналарымыз, ақжаулы әжелеріміз «балам ауырма, шаршама» деп батасын беріп жатады.Соның бәрі қабыл болып жатқан жағдай бар. Шын айтсам, жұмыс кестем толы, бос күн жоқ. Бірде той, бірде концерт. Жұмысым сол болғандықтан, шыдауға тура келеді.

«Өмірдің өзі күту және үміттену деген екі сөзден тұрады» дейді. Осы пікірмен келісесіз бе? Мегажұлдыз болатын шағыңызды қаншалықты көп күттіңіз?

Мен он алты жасымнан бастап халыққа танымал бола бастадым. Он алты жас, былай қарап отырсаңыздар, әлі балалық шақ, балалық кез. Негізі мен үшін танымалдылық өте ерте келді. Сондықтан көп күткен жоқ. Бәрі Алланың қалауымен болды.

Дүниедегі асыл атаулының барлығы Күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған дейді. Бүгінде сіздің Қайрош болып жүргеніңіз, елдің сүйікті әншісі болып жүргеніңіз анаңыздың үлкен еңбегінің жемісі. Дегенмен кейде бала мен анасы келіспей қалатын кездер бола ма?

Келіспей қалатын сәттер болады, әрине. Бірақ не дегенмен қайда барасың, анаң ғой. Еркелейсің, тыңдамай қоясың, бірақ түбі ол сенің анаң, анаңды ренжітуге болмайды. Ана баласына жамандық ойламайды ғой.

Жақында кезекті киноңыздың түсірілімі бітті. Бұрынғы «Өкінішке» қарағанда, елді үлкен тосын сый күтіп тұр. Рашид Сүлейменов бастаған командамен бірлесіп жұмыс істедіңіз. Сонда режиссердің айтқан сөзі «Қайрат өзге әншілерге, өзге тұлғаларға қарағанда қанша биік болса да, қарапайымдылығымен басым» деген еді. Жалпы қарапайымдылық әкеңіздің қанынан, анаңыздың сүтінен бе, әлде сізді қоршаған орта тәрбиелеп алды ма?

Шынымды айтсам, мен өзім де соны түсінбедім. Кей кезде өз орнымды білетін жерлер болады. Қаншама аудан, ауылдарды араладым,қазір барлық жақтың тілін жатқа білемін. Адам саған ашуланып жатқан кезде, сен де оған ашуланып, қырылысудың қажеті жоқ. Керісінше, оны түзеп, жылы сөйлесең, ол да түсінеді. Екіншіден, менің қарапайым болуыма достарымның ықпалы да бар шығар. Достарымның бәрі өте қарапайым жандар. Сосын, бұл өмірде біз түгілі Алла кешірімді. Сондықтан біз қалай кешірімді болмаймыз?! «Ұлық болсаң, кішік бол» дейді ғой, кішік болсаң одан әрі өсе бересің.

Бұл фильм менің қанша жыл күтіп, армандаған фильмімнің бірі. Осыған дейін халық маған қаншама сөз тигізді, отбасыңды неге көрсетпейсің деген әңгімелер айтылды. Алла қаласа, күзде премьерасы болады. Фильм өзіме ұнады. Фильмде әнші емес, футболшы болып ойнаймын.

Спортқа уақыт табасыз ба?

Күндегі жүрісіңнің өзі спорт қой. Ұшаққа жүгіресің, тойда жүгіресің, билейсің, ән айтасың. Бірақ, негізі өнер адамы болу өте қиын. Шыңға шығып, сол шыңнан құлап қалмай тұру қиын. Қашан түсіп кетеді екенмін деп қорқасың. Халыққа ұнамай қала ма екенмін деп уайымдайсың. Мен халықты әбден үйретіп қойғанмын – бір айда 4-5 ән шығу керек. Бірақ бұл да дұрыс шығар, еңбек етсең, жемісін көресің ғой. Анам «күнде бір жұмыс, бір тірлік бітіруге тырыс, балам. Сол кезде бірақ өсесің, биік шыңға көтерілесің» дейді.

Студенттік шағыңызға оралсақ. Жақында бірге оқыған курстастарыңыздан естідім. «Қайратпен топтасып,ұлдармен өз мәселемізді шешуге жиналғанда, Қайрат «бүгін перзентханада анам қарындасымды дүниеге алып келді, қолым бос емес деп сытылып кеткен еді» дейді. Сол рас па?

Студенттік өмірде не болмады??! «Система» деген болатын, отыз-қырық шақты бала жиналып алған. Біз төрт-бесеуміз. Жекпе-жек деген жоқ, бәрі жабылады, әбден таяқ жедік. Сөйтіп, саябақта, талдардың арасында отырдық. Бір кезде амалдауға тура келді, қарындасым дүниеге келді деп қашып кеттім. Сөйтсем, олар түнгі он екіге дейін таяқ жепті (күлді).

Сонда сіз қарындасыңыздың болғанын армандадыңыз ба? Сіздің үйде бәрі ұлдар, серілер тобы...

Әрине, қарындасың болса керемет қой. Бірақ, менің екі інім, анам мен әкем бар, Аллаға мың да бір шүкір. Енді қарындасым болғанда, тіпті керемет болар ма еді?! Сізге айтайын, бұл құпия, бірақ қарындастың орнында басқа біреу бар.

Сіздің арманыңыз орындалды ма? Әлі де армандарыңыз бар шығар?

Арман бітті деген сөз, тоқтадың деген сөз ғой. Әрдайым қиялдай беру керек. Сол арманға жетуге тырысу керек. Арманым әлі көп. Бірақ байлық, шоу-бизнеспен байланысты емес. Арманым – әкем мен анамды Меккеге апару. Қалған арманның бәрі орындалды десе де болады.

Ең алғашқы гонорарыңыз қанша болып еді?

Ең алғашқы гонорарым 600 доллар еді. Қызылордаға концерт беруге ұштым. Репертуарымда небары алты ән ғана бар. «Арман» атты әнімді бес рет айтқан шығармы. Сөйтіп бас-аяғы 10 өлеңмен концерт беріп шықтым жалғыз өзім. Ол кезде 600 доллар деген үлкен қуаныш болатын.

Қыста аңшылыққа, жазда балық аулауға шығып демалатыныңызды білеміз. Қайсысы жаныңызға жақын? Кейде сахна, микрофон дегендерді аңшының мылтығына, я да балықшының қармағына айырбастығыңыз келетін сәттер бола ма?

Қазақстанда онша рақаттанып демала алмаймын. Қазақстан маған ұнайды, демалғым-ақ келеді, бірақ тыныштық жоқ. Сондықтан шет елге шығып, 10 күн демалып, суға түсіп қайтқан қатты ұнайды. Ал былай достарыммен тауға шығып кетемін. Тауда ешкім жоқ қой.

Қайрат әнді жай таңдамайды, жүрегінен өткізіп, сіңіріп, одан кейін тыңдарманның жүрегіне жеткізеді деп жатады..

Әнді өзім таңдаймын. Себебі, өнер ұлтқа бөлінбейді. Өзіміз де сондаймыз ғой. Сөзін түсінбесек те, әдемі әуен болса, әуеніне ғашық болып жатамыз. Сол сияқты мен бірінші әуенге көп көңіл бөлемін. Былай қарап отырсаңыздар, менің әндерімді қазір түрікшеге, ағылшынға аударсаң, керемет әндер шығады. Құдай қаласа, осыны да қолға аламын. Ал қазір оған мүмкіншілік жоқ.

Біз білеміз, сіз кезінде Майкл Джексонның концерттеріне таңырқай қарап, сүйсінетін едіңіз. Қабырғадан көрермендерді таңғалдырып атып шығу, көлікпен шығу секілді... Оның бәрі арман болып қалған жоқ, жүзеге асты. Сіздің концертіңізде осының бәрі болып жатыр. Жалпы сізге Мәкеңнің билеу қабілеті берілмесе де, өнерге ғашықтығы берілген сияқты..

Халықтың алдына шығып ән айтпасақ, тапсырыс алмасақ, тыңдармандармен суртке түспей қалсақ, бір түрлі болып қаламыз. Қаншама ағаларымыз тырысты ғой өнерді тастауға. Ол мүмкін емес, себебі бұл Алладан берілген қасиет. Менің арманым – азан шақырғым келеді. 15 жыл үзбей азан шақырсаң, жәннатқа кіресің дейді. Астананың қақ ортасында, Хазірет Сұлтан мешітінде таң намазын оқып, осы дауыспен шырылдап тұрсам, қуанышымда шек болмас еді. Менің қазіргі арманым осы болып тұр. Сондықтан өнер адамы үшін өнерді тастап кету қиын.

Сіздің әлеуметтік желілерде телефонды қазақшалап, өз сөзіңізбен жарнамалап қоятыныңызды көрдік. Жалпы жазбаларыңызды өзіңіз жазасыз ба, әлде көмекшілеріңіз бар ма?

Көбісін өзім жазамын, бірақ кей кезде үлгере алмай жатсам, көмекші қыздар жазады.

-Виаграның қыздарымен бір сахнада өнер көрсетеді екенсіз. Кезінде Нюшамен ән айтып едіңіз...

«Нюша өте еңбекқор қыз. Өте ақылды. Мен басында ойлағам... Орыс қызы... Табиғаты бөлек деп. Бірақ, өте еңбекқор, тәрбиелі қыз екеніне көзім жетті. Қылтың-сылтыңы жоқ... Ішпейді. Қарап отырып сүйсінесің. Мен айттым: «Нюша, менің «Алматы түні» деген әнім бар. Соған екеуіміз дуэт жасасақ қалай болады?» деп едім, Нюша сөзге келмей, келісімін берді. Ешнәрсе сұраған жоқ. Дуэт айта салды мысалға, иә?.. Ал енді қараңыз, соның арқасында ол қаншама қазаққа танымал болып, қазір нанын жеп отыр. Қаншама тойға келіп жатыр. Нюшаны қаншама адам жақсы көріп қалды. Оның еңбегін, шынайылығын көріп тұр да бәрі. Риза болдым, өте еңбекқор қыз екен. Құдай оған бақ беріп, биіктен көріне берсін деп тілеймін. Біз жақсы дос болып қалдық.

Сізді Ресейге шақырып, ресейлік топтармен өнер көрсетуге шақырды ма?

Осы жақында ғана Мәскеуде 4 мың адамға кешімді беріп келдім. Омбыда концерт бердім, Құдай қаласа, Кремльде берсек деген тілегіміз бар.

Концертіңізде тыңдармандарыңызға костюміңізді сыйлай саласыз. Көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары қуанып жазып жатады. Үйде киім сөресінде костюм қалды ма?

Костюм көп әлі. Он жылдан бері келе жатқан костюмдер бар қой. Енді мен оны не істеймін? Музейге қоймаймын ғой, сатпаймын. Ең алғашқалай басталды бұл... Шардараға барғанымда арбаға таңылған бір баланы көрдім. «Қайрат аға» деп айғайлап тұр екен. Қолын алып едім, соған қуанып қалды. Не сыйласам екен деп ойланып қалдым, сөйтіп костюмімді шешіп бердім. Ана баланың қуанышын көрсеңіз. Қуаныштан не күлерін, не жыларын білмей тұр. Оны көріп, мен шыдай алмай кеттім. Бірақ артынан рахаттанып қалдым. Қазір адамдарды қуанту оңай емес қой. Костюм сыйлау осылай басталып кетті. Біреулер менің костюмімді сатып, машина алып жатыр екен (күлді).

Қазір әншілерді салыстыру деген жиілеп кетті ғой. Не айтасыз осы турасында?

Жарайды мені салыстырсын, бірақ шетелдік әншімен салыстырсын. Ал қазақ пен қазақты салыстырып, бір бірінің айтқанын басқаша көрсетіп, халыққа масқара қылып.. солар мені күйдіріп барады. Мені Төреғалимен де, Мейрамбек ағамен де, Ернар Айдармен де, Димаш бауырымызбен де салыстырды. Мен әр қазақ үшін қуанамын. Біз өмірде бір-бірімізге қолдау көрсетіп, көмектесіп жүрген жандармыз. Былай қарап отырсаң, біз Мейрамбек ағаның әндерін тыңдап өскен баламыз, одан сабақ алдық. Ал енді кішкентай ғана Қайратты Мейрамбекпен салыстырып қояды. Болмайды ғой ол.

Сұхбаттасқан: Марал Сатқанғалиева