Мағжанның мұражайында Лениннің суреті неге ілулі тұр?

Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданына қарасты Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаевтың музейінде Лениннің портреті ілулі тұр. Кеңес үкіметі әлдеқашан құлап, «күн көсемінің» қазақ тарихынан аластатылғанына қарамастан, оның суреті қабырғадан түспей келеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Мағжанның музейінде Лениннің суреті неге тұр? Бұл сауалды ақын Мағжан Жұмабаевтың туған ауылы Сарытомардағы музейге бас сұққан меймандардың көбі қояды екен. Сұрауға дәті бармағандары өздерінше топшылайды, «сол баяғы тірі жүрген коммунистердің ісі шығар» дейтіндер де бар. Шынымен де, қалалардағы тас мүсіндеріне дейін алынып тасталып жатқанда, поэзия пайғамбары атанған қазақ ақыны музейінің қақ төрінде маңдайы жалтырап «күн көсемнің» тұруында не сыр бар?

Музей директоры Айгүл Жүнісбаеваның айтуынша, пролетариат көсемінің суреті соңғы рет ғимарат күрделі жөндеуден өткізілген кезде қойылған екен. Оның өзіндік сыры бар. Кезінде қанішерлер қазақтың қаймағы саналған азаматтардың жанын ғана алып қойған жоқ, мұраларын түгел жойып, тіпті бейнелерін де халықтың санасынан жоғалтуды көздеді. Мағжанға айып тағылып, айдалып кеткен кез. Кезек туыстарына да келген. Жендеттер ағасы Әбемүсілімнің үйін тінтуге кіріседі. Мағжанның қолжазбаларын, кітаптарын, тіпті суреттеріне дейін түгел алып кетеді. Сол кезде Әбемүсілім інісінің бір суретін төрде ілулі тұрған Лениннің портретінің артына тыға қояды.

«Мағжанға «халық жауы» деп жала жауып, ұстап әкеткен кезде ағасы Әбемүсілім оның суретін Владимир Ильичтің портретінің артына тығып, аман сақтап қалған. Тінтушілер үйдің астан-кестенін шығарғанымен, төрдегі көсемнің суретіне тиісе қоймайды. Мағжанның сақталып қалған бұл шағын суреті Ленин портретінің тасасында ұзақ жылдар бойы тұрады. Кейін көсемнің портреті ескіргеннен кейін алынып тасталыпты. Бірақ дәл сол рамаға Әбемүсілімнің ұлы Ғабділкәрім мен зайыбы Гүлбарам Ғабдоллақызының үлкейтілген суреті қойылады. Үй иелері әлгі суретті ерекше құрмет тұтқан. Оның шаңын сүрту, ілінген орнын ауыстыру жұмыстарын Гүлбарамның өзі ғана істейді екен. Суретке ешкімді жолатпаған. Оның себебі, Ленин алынып тасталғанымен, артында тығулы тұрған аталары Мағжанның суреті сол қалпында қалдырылған, демек, суретті келінінің өзі ғана күтіп ұстауы қайын атасына көрсеткен құрметі шығар», - дейді Мағжан Жұмабаев музейінің директоры Айгүл Жүнісбаева.

Ғабділкәрім мен Гүлбарам қайтыс болады, одан төрт қыз, екі ұл қалған. Балалары тығулы сурет туралы ештеңе білмеген. Ұлы Марат бірде ата-анасының портретін түрлі-түстіге ауыстыру мақсатымен алған кезде артынан бейтаныс адамның суреті шыққан. Белгілі болғандай, бұл ақын Мағжанның 1935-36 жылдары түскен суреті болатын. Сөйтіп, ақынның суреті Лениннің арқасында аман қалып, бүгінгі күнге дейін жетті. Ал музейдегі Ленин портреті Мағжанның бейнесін сақтап қалу үшін қойылған екен. Бірақ Ленин суреті түпнұсқа емес.

«Менің анам Бибізайып Мағжан ағам туралы көп айтатын. Суреттерінің барлығын қастарлеп жинап жүретін. Өте зерек адам еді. Мағжаннан сабақ алған. Жасы 92-ге келіп дүние салды. Оның шығармаларын жатқа айтатын. Біздің отбасымыз саяси қуғын-сүргіннің зардабын көп тартты. 1953 жылы әкем «халық жауы» деп жала жабылып, тұтқындалды. Сондағы оның бар айыбы - Мағжанның інісі болғандығы ғана. Үйдегі мүліктің барлығы тәркіленді. Анам екеуміз ғана қалдық. Көп тауқымет тарттық», - дейді Мағжанның немере інісі Тасболат Бекенов.

Сарытомардағы Мағжан Жұмабаевтың музейі 1989 жылы орта мектептің бір бөлмесінде ашылған. 1993 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында бөренеден төрт бөлмелі жаңа ғимарат салынып, соған көшкен. 115 жылдығын тойлардың алдында күрделі жөндеу жүргізілген. Мұражайда 300-ге жуық жәдігер бар. Әрқайсысының маңызы зор. Мағжанның зайыбы Зылиха апамыз тапсырған ескі құран, жайнамазы мен етігі де осында. Құнды жәдігерлердің бірі - Мағжанның 1922 жылы жарық көрген «Педагогика» кітабы мен 1923 жылы шыққан өлеңдер жинағы. Омбы мұғалімдер семинариясында оқып жүргендегі сыныптан сыныпқа көшу хаттамасы да осында тұр.