Көкшетаудың бас имамы су жаңа автокөлігін мұқтаж отбасыға сыйға тартты

Картинки по запросу қанат қыдырмин

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Ақмола облысының бас имамы ауысты. Аймақта 9 жыл өкіл имам болып қызмет еткен Қанат қажы Қыдырмин елордадағы еліміздің басты діни-рухани орталығы – Әзірет Сұлтан мешітіне найб имам болып тағайындалды, деп хабарлайды Baq.kz.

Қасиетті жұма намазы күні ҚМДБ-ның Найб мүфтиі, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз осы тағайындауларды жамағат алдында жария етті.

Көкше жұрты да осында бас имам болып істеген Қанат Қыдырминге ерекше ықылас танытып, ризашылық білдірді. Жамағат атынан елге танымал азаматтар Мұрат қажы Ыдырысов пен Болат Жанәділов ізгі тілектерін айтып, жол-сапар тіледі. Көкше жұртының атынан иығына жапан жауып, жеңіл көлікті сыйға тартты.

Қанат Қыдырмин елге деген алғыс сөзінде өзіне қолдау білдіріп, асыл дінімізді насихаттауға үлес қосқан барша қауымға жүрек тебірентер лебізін жеткізді. Осы еңселі мешіттің Алланың асқақ кәләмін насихаттаудың қастерлі ошағына айналғанын айта келіп, өзіне жапқан шапанды күн сайын азан үнімен жұртты ұйытқан мешіт азаншысы Алтынбек Аманжоловқа, ал, жеңіл көлікті мешітте тазалықшы болып еңбек ететін жалғызбасты ана мен оның отбасына тарту етті. Бұл да пайғамбар өнегесі екенін шынайы ізгілікпен паш етті.

Ақмола облысының жаңа бас имамы болып Астана қалалық «Әлжан ана» мешітінің бас имамы қызметін атқарған Қуаныш Жұмабайұлы Сәбит тағайындалды. Ол бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Уәлиханов ауданының Қайрат ауылында дүниеге келген. Жоғары діни білімі бар. Соңғы жылдары Паң Нұрмағамбет атындағы Степногорск қалалық мешітінде бас имам да болған.