Мемлекеттік қызметкерлерге намаз оқуға тыйым салынуы мүмкін

Елімізде мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытында діни жоралғыларға қатысуына шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстанның Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті деп хабарлайды Abai.kz.

Мемлекеттік қызметкерлерге намаз оқуға тыйым салынуы мүмкінМинистр хабарлағандай, қазіргі уақытта діни қызмет пен діни ұйымдар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының концепциясы әзірленіп жатыр.

«Қысқаша тоқталсам, негізгі нормалардың ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарды діни қызметке тартудың, дін саласындағы заңдарды бұзудың жауапкершілігін арттыру бар. Сонымен бірге қоғам тарапынан діни әдебиетті кәмелеттік жасқа толмағандарға сату, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытында діни қызметке қатысуына шектеу қоюды ұсынып отыр», — деді Ермекбаев министрлікте өткен отырыста.

Министр атап өткендей, бірқатар өзгеріс діни әдебиетті тарату, діни сараптама жүргізуді жетілдіруге бағытталған. Бұдан бөлек, заң жобасында миссионерлік қызметті және шетелде діни білім алуды реттеу бойынша да нормалар қарастырылған.

«Қоғам ұсынып отырған барлық бастамалар қоғаммен, сарапшылармен талқыланатын болады. Заң жобасын мәжіліске биылғы жылдың соңына дейін енгізуді көздеп отырмыз», — деп толықтырды Ермекбаев.