80 жастағы имам мешіттегі ұрлыққа жол бергені үшін айыпталуда

Ай мен күннің аманында Семей шаһарындағы бір жарым ғасырлық тарихы бар «Ағаш мешітінде» қарақшылар 3 аптаның ішінде үш рет имам отыратын бөлменің құлпын бұзып, жәшікті қиратып ішіндегі ақшаны ұрлап әкетті. Алайда, өңірдің өкіл имамы аталмыш мешітте имамдық қызмет атқарып жүрген Заралхан қажы Дүйсенбекұлын ұрлыққа жол бергені үшін айыптап, орнын тез арада босатуды сұраған деп хабарлайды NUR.KZ.

Семейде 80 жастағы имам мешіттегі ұрлыққа жол бергені үшін айыпталудаЗаралхан қажының немересі Қуаныш Смағұлов редакцияға хат жолдап, мәселенің мән-жайын түсіндіріп берген болатын.

"Айналдырған 20 күннің ішінде жәшіктегі ақша ұрлығы тұрмақ, аяқ киім де жоғалып көрмеген мешіттегі бұрын-соңды болмаған жайт әркімді әр түрлі ойға жетеледі. Әйтпесе, азғантай ақша үшін қатарынан үш рет келіп мешіттегі садақа жәшігін тонау - ақылға сыймайтын нәрсе емес пе?

Әрине бұл қылмысты полицияға тапсырып, істің ақ қарасы анықталғанша, әліптің артын бағуға болар еді. Бірақ…

80-ші жылдардың басында Семейдегі «Ағаш мешітіне» қызметке тұрып, күні бүгінге дейін имамдық қызметті атқарып келе жатқан Заралхан қажы Дүйсенбекұлын Семей өңірінің өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай биылғы наурыз айының 2-сі күні шақырып алып, еңбек шартының бұзылатынын айтып және қолына ескерту қағазын беріп, өз еркімен өтініш жазуын бұйырып, бір айдың ішінде имамдық орнын босатуын талап етеді.

Бұл бір емес. Мақсат қажы ақсақалды әр көрген сайын «Имамдықты қашан босатасыз?» деп жан алқымынан алатын.

Осы әңгімеден соң арада үш күн өткеннен кейін 5-ші наурыз күні Заралхан қажының имамдық қызметінің 40 жылында кездеспеген сұмдық жайттың куәсі болдық.

Біреулер Алланың үйіндегі садақа жәшігін қопарып, ішіндегі ақшаны ұрлап кетті. Араға бес күн салып, 10-шы наурыз-жұма күні қылмыстық әрекет тағы қайталанып, имам отыратын бөлменің есігі бұзылып, садақа жәшігіндегі ақша қолды болды.

Араға екі апта салып, 25-ші наурыз күні бұл адам сенбес зұлымдық әрекет үшінші рет қайталанып, бұзақылар Жаратушының жердегі үйінде ойран салып, жәшікті күл-талқан етіп кетеді.

Мешіттегі жағдай ел арасында үрей туғызып, суыт хабар лезде елге тарады «Қалай? Не үшін? Кімге керек болды?…» деген сұрақтар туындады. Бұл орынды еді. Хақ пен халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан құлшылық үйінде бұрын-соңды қаскүнемдер тарапынан мұндай айуандық әрекет болмаған!

Бұған қатысты Семей өңірінің өкіл имамының айтқанын естіп қайран қалдық. «Вряд ли табылады, іздемейді де олар» деді. Мұнымен не дегісі келді? Нені аңғартқысы келді? Дін адамының құзырлы органның атынан осындай жеңіл ойлы шешім шығара салғаны қалай?

Аллаға құлшылық ететін, имандылық ұйыған орынның жауапты адамы құзырлы орындардың қызметіне осындай сенімсіздік танытса, қарапайым адамдар жайлы не айтуға болады?

Өкіл имамның «Ағаш мешітке» үш рет ұры түскенін сенімді адамдарынан естігенін, қолмен қойғандай айтуы және: «Егер де Сіз орынды босатсаңыз, қалталы жігіттер мешітті жөндеуге қаражат құюға да әзір» деген сөзі біртүрлі, тіпті ерсі естілді.

Сонымен қатар, Заралхан қажыға Мақсат мырза: «Енді орныңызды босатыңыз, өз еркіңізбен өтініш жазыңыз» деп, бірнеше рет қайталап айтуы, «Сіз ұрлыққа жол бердіңіз! Сондықтан енді амалсыз имамдықты босатасыз» деп сыңай танытқандай.

Алайда, «Ағаш мешітіндегі» барлық материалдық жауапкершілік бас имамның мойнында болғандығына қарамастан, қылмыстық әрекеттің нәтижесін соңына дейін күтпей, бас имамдық қызметтен асығыс босатуында қандай ой жатыр?

Өмірін Алланың ақ жолына бағыштап, жамағаттың тек құрметіне бөленген абыз атамызға жала жабылуы, «өз еркімен жұмыстан кетіру» ертең сол жамағаттың алдында өз кінәсін мойындады деген мазасыз ойларға да жетелейтіні түсінікті емес пе?! Шапаны қырық жамау күнде де иманын кірлетпеген ел едік, мұндай жүректен иман бездіретін әрекетке кім барды екен, және кімнің тапсырмасы болды екен…", - дейді Қуаныш.